ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі саурандық тұрғындарды қабылдады

0
426

403 азамат қабылдауға келіп, олардың тарапынан 621 өтініш пен ұсыныс-пікірлер айтылған.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі саурандық тұрғындарды қабылдады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды саурандық тұрғындарды қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Тұрғындарға қолайлы болу үшін облыс әкімінің тарапынан Түркістан қаласында және аудан, қалаларда тұрақты түрде жеке қабылдау өткізіліп келеді. «Ашық есік» күні бірыңғай қабылдауын бұл жолы Сауран ауданында жалғастырған өңір басшысы Дархан Сатыбалды саурандық тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Аймақ басшысы сауалдарды сала мамандары мұқият зерделеп, заң шеңберінде шешім қабылданатынын айтты. Көтерілген мәселелердің оңтайлы шешілуін қадағалау үшін жауапты басқарма басшыларына нақты міндеттер жүктеді.


Қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, мәселелердің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Облыс әкімі әрбір айтылған мәселе бойынша шешімнің заңды жолдарын түсіндірді. Шешу жолдары қарастырылды.


Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшу мен кері байланысты нығайту бойынша тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әкімдік тұрақты негізде тұрғындармен кездесулер өткізеді.


«Жүзбе-жүз кездесулер жұмыстың тиімділігін арттыратыны сөзсіз. Азаматтарды қабылдау тұрғындардың жекелеген мәселелерін шешумен ғана шектелмей, өңір дамуына септігін тигізетін ұсыныстар айтылады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Көптеген мәселелер осы жерде-ақ шешімін тауып жатады. Көтерілген мәселелер кезең кезеңімен өз шешімін табуда. Кейбіреулері уақытты талап етеді, бірақ міндетті түрде шешілетін болады. Әртүрлі кедергілер мен бюрократтық көріністерді мүмкіндігінше азайтатын мұндай қоғамдық қабылдаулар жиі өткізіледі», – деген облыс әкімі Дархан Сатыбалды тиісті сала басшыларына тапсырма берді.


Қабылдауға жазылған азаматтарды электр энергиясының жеткіліксіздігі, 2,5 % пайызбен несие алу мәселесі, ауыл шаруашылығы субсидияларын заңсыз иемдену, заңсыз жер саудасы және арызданған азаматтарды бопсалау әрекеттері, білім саласы, су қоймасын салу мәселесі және тағы басқа мәселелер толғандырады. Қарашық елді мекенінің тұрғыны Қарашық ауылынан Индустариалды аймақ ашуға мемлекеттен қолдау көрсетуді сұрады.


Айта кетейік, жыл басынан бері азаматтарға облыс әкімі тарапынан жалпы 50-ден астам жеке қабылдау өткізілді. 403 азамат қабылдауға келіп, олардың тарапынан 621 өтініш пен ұсыныс-пікірлер айтылған. Соның негізінде 675 хаттамалық тапсырма берілді. Нәтижесінде, туындаған мәселелердің басым көпшілігі тиісті мамандар арқылы заң аясында шешімін тауып келеді.