Түркістан облысына 12 мемлекеттің БАҚ өкілдері келді

0
651

Түркістаннан Алматыға аттанып, әрі қарай танымдық саяхатты жалғасырады.


Түркістан облысына 12 мемлекеттің БАҚ өкілдері келді

Шетелдік БАҚ өкілдері Түркістан облысының туристік әлеуетімен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңіріне еліміздің мәдени және туристік әлеуетін шет елдерде насихаттау және ілгерілету мақсатында 12 шетелдік бұқаралық ақпарат өкілі келді.


Бельгия, Германия, АҚШ, Мексика, Қатар, Араб Әмірліктері, Сауд Арабия, Түркия, Оңтүстік Корея, Словакия сынды 10 мемлекеттен тілшілер, фотожурналистер, трэвл-блогерлер жиналды. Баспасөз турында еліміздің тарихи, мәдени-рухани нысандарына, киелі жерлеріне, көрікті әрі экотуристік аймақтарына саяхаттау жоспарланған. 8 тамыз күні Астана қаласында басталған сапар киелі Түркістан өңірінде жалғасты.


Түркістан халықаралық әуежайынан қарсы алған бетте, интерактивті ақпараттық үстелде облыстың туристік әлеуеті таныстырылды. Мұнан соң олар «Керуен сарай» туристік кешеніндегі қайықтардың шоу шеруі яғни «Қыз Жібек пен Төлеген» қойылымын тамашалады.


Сондай-ақ, Отырар қаласына жол тартып, Арыстан баб кесенесінде болды. Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығында ескерткіштер жайлы және Отырар қалашығында көне шаһар туралы ақпаратпен танысты.


Баспасөз туры Түркістан қаласында жалғасып, сәулетімен талайды тамсандырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралады. Онда ғұламаның өмірі мен кесененің салыну тарихы жөнінде мәліметтер ұсынылды. Одан кейін «Алтын Самұрық» ұшатын театрындағы экскурсияға қатысып, 8D форматында Қазақстанның өткені мен бүгініне саяхат жасады. Экран ішіндегі қазақ даласында құстарша еркін самғап, ерекше эмоциямен шығып, таңданысын жасырмады.


«Музейдегі әр жәдігер қазақ халқының өмірі мен тұрмыс-салтынан құнды деректер беруде. Осы жерге келіп, Түркістанның 1500 жылдан астам тарихы бар екенін білдім. Шынымды айтсам, миыма сан түрлі ақпараттар келуде. Барық мәліметті барынша жазып, түсіріп алуға тырысып жүрдім. Түркістанның тарихи терең. Маған қатты ұнады», –дейді АҚШ-тан келген видеожурналист Джулиана Брост.


Айта кетейік, экскурсияны Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы және оған қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының мамандары мен гид-аудармашылар жүргізді. Шетелдік қонақтар ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді. Баспасөз турының қатысушылары Түркістаннан Алматыға аттанып, әрі қарай танымдық саяхатты жалғасырады.