ТҮРКІСТАН: Өңірлік өнім көлемі 250 млрд. теңгеден асты

0
525

Өсім 11,1 пайызды құрады.


ТҮРКІСТАН: Өңірлік өнім көлемі 250 млрд. теңгеден асты

Түркістандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 250,4 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 11,1 пайызды құрады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде баспасөз жиынын өткізген қала басшысы Нұрбол Тұрашбеков айтып берді.


«Өздеріңізге белгілі, Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 225,6 мыңға адамға жетті. Қаладағы кешенді жоспарлар Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 29 қыркүйектегі «Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы» Жарлығына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Өзіндік кіріс көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 15,1 млрд. теңгеге жетсе, биыл 20,1 млрд. теңге болып нақтыланып, өсім 33,1 пайызды құрады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 250,4 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 11,1 пайызды құрады. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 11 айда 20,6 млрд. теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 4,1 пайызды құраса, өнеркәсіптің басты саласы – өндеу өнеркәсібінде 13,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,1 пайызға жетті. Электрмен жабдықтау, газ, бу беру, сумен жабдықтау салаларында да өсім байқалды. Былтыр қала аумағында 304,9 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, 2021 жылмен салыстырғанда өсім 3,6 пайызды құраған болатын. Ал биыл 348,9 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып, 10 айда оның 283,4 млрд. теңгесі орындалды. 2023 жылдың 10 айында қалаға келген зияратшылар мен туристердің саны 745,4 мың адамға жетіп, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 пайызға көбейді. Сонымен қатар қаңтар-қазан айлары аралығында шетелдік туристер саны 11,2 мыңға жетіп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 51,7 пайызға артты», - деді Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде.


Қала басшысының айтуынша, бюджет есебінен 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатса, оның 59-ы үй жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Ал жеке инвестиция есебінен 46 тұрғынүй салынып жатыр екен. Одан бөлек жаңадан 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталып, пәтерлер шаршы метрі 220 мың теңгеден несиеге берілетін болады. Жалпы, қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 197 азамат тіркеліп тұр екен. Айта кетсек өткен жылы 3 155 пәтерлі 49 үй пайдалануға тапсырылса, 2683-і ипотека негізінде, 544-і көпбалалы отбасыларға және 244-і әлсіз топтарға жататын тұрғындарға берілген екен.


Сондай-ақ былтыр 4150 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілсе, биылғы 11 айда олардың саны азайып, 3248 жанұяға АӘК тағайындалыпты. АӘК алатын отбасыларда өмір сүретін 6 мыңға жуық балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары да берілген. Оған қоса екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 2, соғыс ардагеріне теңестірілген 416 және 369 тыл ардагеріне көмек көрсетіліпті. Қаладағы 6000-ға тарта мүмкіндігі шектеулі азаматқа да жүйелі түрде әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр екен. Ал зейнеткерлерге жайлы жағдай жасау мақсатында өткен жылы «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ашылып, былтыр 774 адамға, биылғы 11 айда 2 725 адамға қызмет көрсетілген. Одан бөлек тұрмысы төмен отбасылар мен аналарға қолдау көрсететін «Қамқорлық» орталығы іске қосылып, азаматтарға 2 500-ден аса қызмет пен 2 мыңға тарта кеңес ұсынылған. Бүгінде «Қадам» жобасы арқылы да 275 қыз-келіншек білім алып жатса, 112-сі оқу курсын аяқтаған. Ал «Нәтиже» әлеуметтік жобасы арқылы 115 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, 118 азамат өз кәсібін ашқан. «Қолдау» қайырылымдылық жобасы арқылы 6 қайырылымдылық іс-шарасы ұйымдастырылып, демеушілер 65 жанұяға қолдау көрсетіпті.