ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданында ангиограф аппаратымен ота жасалды

0
820

Жүрек-қан тамырындағы ақауды толық анықтайтын коронарография әдісі қолданылды.


ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданында ангиограф аппаратымен ота жасалды

Ордабасы аудандық Орталық ауруханасының техникалық базасы шетелдік озық үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Өткен жылы Түркістан облысындағы Ордабасы аудандық Орталық ауруханасының техникалық базасы шетелдік озық үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген болатын. Жуырда аурухана ғимаратына Италия мемлекетінде өндірілген «Euroampli Alien Cardio» жылжымалы ангиографиялық жүйесі жабдығы орнатылып, алғаш рет диагностикалық мақсатта жүрек-қан тамырындағы ақауды толық анықтайтын коронарография әдісімен МӘМС шеңберінде ота жасалды.


Ұлыбританиядан және облыстан келген білікті мамандардың қатысуымен жергілікті дәрігерлерге шеберлік сыныбы аясында кардиологиялық 2 ота, неврологиялық, хирургиялық 4 ота жасалғанын да айта кеткен жөн. Әрбір ота небәрі жарты сағатқа ғана созылып, ангиографиялық жүйе науқасқа сәулелік жүктемені орта есеппен 75 пайызға төмендетіп, визуализациялаудың жоғары сапасын қамтамасыз етті.


«Аппараттың қан тамыры ауруларының диагностикасы саласында мүмкіндіктері өте үлкен. Бұл – емдеу кезеңіндегі зерттеулер арқылы оталық ем қажеттілігін анықтаудың өте маңызды сатысы. Бұл аппараттың тиімділігі сол, сырқаттың себебін дәл анықтау мүмкіндігі орасан. Ерекшелігі, ота тамырдың ішінде жабық түрде жасалады. Мәселен, қан кеткен және жүрмей қалған тұсты тез анықтап, тамырды бітеуге, модельдеуге, қалпына келтіруге, тар тамырды кеңейтуге мүмкіндік береді. Науқас ояу жатып, мониторға қарайды. Науқаспен сөйлесе отырып, нәтижесін байқап отырады. Ал, ашық ота кезінде сырқатқа наркоз беріледі. Ота кемінде 3-4 сағатқа дейін созылады», - дейді сала мамандары.