ТҮРКІСТАН: Отырарлық азамат "сөйлейтін шоколад" шығарып жатыр

0
2 472

Бірте-бірте танымал тауарға айналып келе жатыр.


ТҮРКІСТАН: Отырарлық азамат

Отырар ауданының тұрғыны "тірі шоколад" жасау кәсібін бастады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілішісі.


Отырар ауданының Отырар ауылында тұратын Ақылов Данияр есімді азамат біраз уақыт бұрын "сөйлейтін тірі шоколад" жасау кәсібіне кіріскен. Бұл тәттілердің ерекшелігі сол, шоколад қаптамасына кез келген адамның кез келген суреті қойылады да, сол суретті телефонның камерасына түсірген кезде бейнеқұттықтау немесе әуен ойнай жөнеледі. Қазіргі уақытта бірте-бірте танымал тауарға айналып келе жатқан шоколад жайлы тұтынушылар "сөйлейтін шоколад жақын адамдарымызды құттықтайтын ерекше сыйлыққа айналып отыр" дейді.

"Бұл өз ойымнан туған идея. Қазір мен жасайтын шоколадты туған күнге, әріптестердің мерекесіне, тіпті тойбастарға да сыйлық ретінде арнайы тапсырыспен алып жатыр. Тапсырыс берген адам "сөйлейтін" қаптаманың ішіндегі шоколадты өздері таңдайды. Бағасы да соған байланысты. Бастапқыда тапсырыс ауыл арасынан түссе, қазір Түркістан, Шымкент қалалары және басқа да аудандардан келіп жатыр. Бір ерекшелігі- "тірі шоколадты" қалай қаласаңыз, тура сондай етіп жасап беремін", - дейді кәсіпкер.


Тек шоколад емес, сымнан жасалатын қоршауға арналған тор, табиғи шырын жасау кәсіптерін де қатар алып жүрген Данияр бұл кәсібін инновациялық жобаға айналдыруды көздеп отыр.



"Алақандай ауылымызда екі қолға бір күрек таппай жүрген жандар бар екенін жасыра алмаймыз. Ал, қолы бостық Абай атамыз айтқандай адам баласын "аздырады" емес пе? Сондықтан, жұмыссыз жүрген замандастарымды қандай да бір кәсіп бастауға шақырамын. Көмек сұраса, қолымнан келгенше демеуге де әзірмін. Қазақта "кәсібің-нәсібің" деген керемет сөз бар. Мемлекет жеңілдіктер қарастырып отырған заманда неге кәсіп бастамасқа? Әр адамның бай-қуатты болуға хақы бар. Ал, ондай дәрежеге тек еңбек қана жеткізеді", - дейді кәсіпкер кейіпкеріміз.


Сондай-ақ, жас кәсіпкер бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қаржылай қолдау жайлы да айтып өтті. Кәсіпкердің пікірінше, мемлекетке алақан жайып отырған дұрыс емес.


"Әлбетте, мемлекет қаржылай қолдау көрсетсе, қуанамыз. Бірақ, қаржы барлығына бірдей жете бермейді ғой. Ол көмекті жағдайы төмендерге арналған деп түсіну керек. Өйткені, мемлекет бір рет береді де, қояды. Сол үшін барынша табысқа өз қаржың, өз күшіңмен жеткен дұрыс жеп ойлаймын. Қазір өз қотырыңды өзің қаситын заман", - дейді ол