ТҮРКІСТАН: Ө.Жәнібеков атындағы халықаралық ұлттық және этникалық киімдер байқауы өтеді

0
609

Байқауға әлем бойынша қатысуға ниет білдіргендер көп.


ТҮРКІСТАН: Ө.Жәнібеков атындағы халықаралық ұлттық және этникалық киімдер байқауы өтеді

Түркістан облысында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы «Тайқазан» халықаралық ұлттық және этникалық киімдер байқауы өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров айтты.


«Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының ұйытқы болуымен 8 қыркүйек күні «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасының концерт залында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы «Тайқазан» халықаралық ұлттық және этникалық киімдер байқауы өтеді. Халықаралық шараға еліміздің әрбір өңірінен сондай-ақ, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан елдерінен келген дизайнерлер, ұлттық-мәдени бірлестіктер, сәндік қолданбалы өнер шеберлері қатысады. Байқауға әлем бойынша қатысуға ниет білдіргендер көп. Осы ретте 30-ға жуық өтінім түсіп, 15-і іріктелді», - деді Мейіржан Нұрғалиұлы.


Спикердің сөзінше, аталмыш байқаудың қазылар алқасы құрамында елімізге танымал өнер шеберлері бар. Атап айтқанда, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Ұлттық дизайн Академиясының академигі Қайролла Әбішев, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Сейфолла Бодықов, Еуропалық сән апталығының алғашқы аккредиттелген журналисі, «Lapidus», «Nina Ricco», «Paco Rabanne» сынды атақты еуропалық дизайнерлердің көрсетілімдерінің ұйымдастырушысы және сән продюсері Саят Досыбаев, Өзбекстан Республикасы «Өзбекстильпром» бірлестігінің гендерлік теңдік және дизайнды дамыту жөніндегі кеңесші Гулямова Хамола, журналист, PR маманы, философия ғылымдарының докторы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы қордың президенті Әзел Жәнібекова байқауда төрелік етпек.


Брифингте Өзбекәлі Жәнібековтің ұрпағы Әзел Бауыржанқызы байқауды ұйымдастыруға қолдау білдірген облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасына алғысын жеткізді. Сондай-ақ, бұндай шара 2021 жылы бастау алып, биыл Түркістанда жалғасын тауып жатқандығын айтты.


Айта кетейік, жеңімпаздарға Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары беріледі.