ТҮРКІСТАН: Шардара ауданының мәдениет күндері мәресіне жетті

0
428

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі жасақталып, көпшілікке таратылды.


ТҮРКІСТАН: Шардара ауданының мәдениет күндері мәресіне жетті

Шардара ауданының Түркістан қаласындағы мәдениет күндері өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Шардара ауданының Түркістан қаласындағы мәдениет күндері этноауыл аумағында «Ұлттық ойындар – ұлттық тәрбие құралы» атты спорт түрлерінен сайыстармен қорытындыланды.


Қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық спорт ойындарынан, атап айтқанда қазақ күресі, қол күресі, арқан тарту, гір тасын көтеру, ләңгі тебу, қошқар көтеру, бесасық, асық ату, тоғызқұмалақ сайыстарынан бақ сынап, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар Шардара ауданы диқандарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі жасақталып, көпшілікке таратылды.


Ауданның мәдениет күндері 7 шілде күні этноауыл аумағында «Шежірелі өлке өрнектері» атты қолөнер, қылқалам шеберлерінің көрмесімен басталған еді. Шара барысында киіз басу, құрақ құрау сынды қолөнер бұйымдарының жасалу технологиясынан туристерге мастер-класс өтіп, «Салт-дәстүрім – алтын қазынам» атты әдеби-сазды композициялық қойылымда ұлттық тағамдар көрмесі, ұлттық киім сән үлгілері, «Баланың бауырынан табақ жүгірту», «Тұсау кесер», «Біз шаншыр», «Шеге шапан», «сырға салу» және жас отауды қолдау сынды ізгі дәстүрлер сахналанған болатын.


Сондай-ақ 8 шілде күні «Visit Turkistan» орталығы алаңында аудан көркемөнерпаздарының «Жайнай бер, Шағалалы Шардара!» атты атап гала-концерті өтті. Атап айтқанда, сазгер, әнші Қазыбек Құрайыш, Мөлдір Бақытжанқызы, Айзада Әлімбек, Ибрагимовтар отбасылық ансамблі, Шахзод Сана, Лұқпан Байқожа, және тағы да басқа ауданнан түлеп ұшқан өнер жұлдыздары өнер көрсетті.