ТҮРКІСТАН: Шардаралық тұрғын отбасылық бизнеске ден қойған

0
1 414

Өткен жылдың қараша айында бастаған.


ТҮРКІСТАН: Шардаралық тұрғын отбасылық бизнеске ден қойған

Шардарадағы шағын цехта тәулігіне ыдыс жууға арналған 300 литр сұйықтық пен 250-300 дана кір сабын өндіріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Орта және шағын бизнесті дамыту – өңірдегі жұмыссыздықты жоюда, нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, өңірдің экономикасын тұрақтандыруда шешуші фактор. Осындай елдегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне жан-жақты жасалып жатқан жағдайларды тиімді пайдалана білген шардаралық кәсіп иесі бауырларымен шағын цех ашып, кір жуатын сабын мен ыдыс жууға арналған сұйық сабын шығаруды қолға алып отыр.


Өткен жылдың қараша айында 2 інісімен кәсіптерін бастаған Айсұлу Баратованың шағын цехы бүгінде тәулігіне ыдыс жууға арналған 300 литр сұйықтық пен 250-300 дана кір сабын өндіреді. Өндірілген өнімдерді Шардара, Жетісай, Мақтаарал ауданымен қатар Шымкент қаласына тапсырыспен жөнелтіп отырады. Өнім өндіруге қажетті шикізатты Алматы қаласы мен көршілес Өзбекстаннан тасымалдайтын жас кәсіпкер алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, кәсіпорынның қуаттылығын арттыруға ниетті. Ол үшін мемлекеттен қолдау, қайтарымсыз грант керек.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға қатысты тапсырмасы және қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жан-жақты қолдаулар жеке кәсіппен шұғылданамын, кәсібімді кеңейтемін деушілерге мол мүмкіндік қарастырған. Сондай мүмкіндіктерді Шардара ауданынан 21 жас тиімді пайдаланып, 1,3 млн теңге қайтарымсыз грант алса, 33 жас 5 млн теңгеге дейінгі гранттарға құжат тапсырған.


«Біз өз ісін бастаймын немесе кәсібімді кеңейтемін деген кез келген жасқа қолдау көрсетуге дайынбыз. Түсіндірме жұмыстарын да үздіксіз жүргізіп келеміз», – дейді Шардара аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і басшысы Батыр Қалдарбек.


Жеке қаражаты есебінен өз ісін бастаған Айсұлу кәсібінің қыр-сырын Алматы қаласында інілерімен бірге оқып, үйренген. Бүгінде өнімдеріне деген сұраныстың артуына байланысты қосымша құрал-жабдықтар мен жұмысшы күшін арттыру бойынша құжаттар дайындауда. Үлкен қалалардағы сауда орталықтары мен тұтынушыларға өнім жеткізіп беру мекемелерімен де келісім шарттар жасасуда.