ТҮРКІСТАН: Созақта күре жолдар жөнделіп, ішкі көшеге асфальт төселеді

0
524

Аудандағы автомобиль жолының ұзындығы 917 шақырымды құрайды.


ТҮРКІСТАН: Созақта күре жолдар жөнделіп, ішкі көшеге асфальт төселеді

Созақ ауданында күре жолдар жөнделіп, елді мекендердегі 24 ішкі көшеге асфальт төселеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жалпы, Созақ ауданындағы автомобиль жолының ұзындығы 917 шақырымды құрайды. Оның ішінде 435 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар болса, 79 шақырымы аудандық маңызы бар және 403 шақырымы елді мекендердің ішкі жолдары.


Өткен жылы ауданда «Ауыл – Ел бесігі» бағадарламасы аясында республикалық бюджеттен ұзындығы 30,5 шақырымды құрайтын 19 көше, жергілікті бюджеттен ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын 4 көшеге, барлығы 23 көшенің 34,1 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.


Бұл бағыттағы жұмыстар 2023 жылы да қарқын алып, елді мекендердің ішкі 24 көшесіне асфальт жабындысы төселмек. Атап айтсақ, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 15,6 шақырымды құрайтын 13 көшеге және жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін қаржы қаралып, қазіргі таңда мердігерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, 2023 жылдың қорытындысымен аудандағы 403 шақырымды құрайтын ішкі көшелердің 266 шақырымы асфальтталатын болады.


Бұл туралы айтқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың сөзіне сүйенсек, 2022 жылы Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 152 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары басталған.


Атап айтсақ, «КХ-2 Уланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейінгі 83 шақырымы, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырымы және «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» жолының Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі 39 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.