ТҮРКІСТАН: Созақта мешіт ашылып, айтыс ұйымдастырылды

0
463

Құрметті қонақтар тағылымы терең әңгімелер айтып, ақ баталарын арнады.


ТҮРКІСТАН: Созақта мешіт ашылып, айтыс ұйымдастырылды

Түркістан облысында түлектердің мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы дәстүрге айналған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Созақ ауылында Созақ ауылдық мешітінің құрылысы аяқталып, жамағат үшін есігін айқара ашты. Құран аятымен ашылған салтанатты шарада Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов барша жамағатты мешіттің ашылуымен құттықтап, осы іске ұйытқы болған Жұмабеков Мұратқа өз ризашылығын білдіріп, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, алғыс хатпен марапаттады.


Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан тұрғындарын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.


«Бүгін, міне сіздермен сауапты істі қолына алып, асыл дініміздің аймағымызда кеңінен құлаш жаюына үлкен үлес қосып, сауапты істердің жанынан табылған жерлесіміз, кәсіпкер азамат Мұрат Сейтбекұлының демеушілігімен салынған рухани ғимараттың ашылуында жиналып отырмыз. Біз осындай рухани ғимаратты тәуелсіздігіміз бен тұрғындардың ауызбіршілігі арқасында ашып отырмыз. Кез келген адамды тіліне, нәсіліне, ұлтына қарап бөлмей, бастарын бір жерге тоғыстыратын мешіттің ашылуына арқау болған арда азаматымызға алғысымды білдіремін», – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.


Салтанатты шараға арнайы келген Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев тасын түрсең тарихы сөйлейтін қасиетті Созақ өңірінде сәулеті ерекше жаңа мешіттің ашылуына себепкер болған азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.


Сұрапыл соғыстың соңғы майдангері Мырзахмет Жылысбаев, Түркістан облысының құрметті азаматы Сексенбай қажы Тұрысбеков бастаған көптеген зиялы қауым өкілдері, еліміздің өзге өңірлерінен арнайы келген құрметті қонақтар тағылымы терең әңгімелер айтып, ақ баталарын арнады.


Аталған шара «Созағым – қазағымның құт мекені» атты думанды ақындар айтысымен жалғасты. Оған еліміздің ең таңдаулы ақындары қатысып, төл өнер насихатталды.


Айтыстың арыстаны,«Құрмет» ордені мен алтын домбыра иегері Бекарыс Шойбеков, айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев, алтын домбыра иегері Жансая Мусина, алтын домбыраның соңғы иегері Еркебұлан Қайназаров, алтын домбыраның үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов, шашасына шаң жұқпас жыр жүйріктері Дидар Қамиев пен Нұрлыбек Мейірманов және Қалижан Білдәшовтер өзара бақ сынасты.


Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында ізгі амалдар, құрдастар әзілі, жеңге мен қайын іні, жастық жалын, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты.


Жыр додасының қорытындылау сәтте аудан басшысы өткізілген шараның маңыздылығына тоқталып өтіп, жүлдегерлер мен жеңімпаздарды құттықтады.


Бұдан соң салтанатты шара кешкі уақытта «Теріскей, айналайын келбетіңнен» атты Қазақстан, Өзбекстан Республикасының эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті.


Мерекелік кеште жұлдызды жұп ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Қыдырәлі мен Қарақат, әйгілі Айгүл Қосанова, ҚР Мәдениет қайраткері Жұбаныш Жексенұлы, Досымжан Таңатаров, елге белгілі әнші-композитор Берік Сексенбекұлы, Асқар Жүнісбеков және ташкенттік «Бархан» тобы өнер көрсетті.


Кеш барысында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков теріскейдің төрінде өткен барлық шаралардың маңыздылығына тоқталып, халқымыздың ауызбіршілігі мен елдің бірлігі жолында еңбек етіп, елдің құрметіне бөленіп отырған Мұрат Сейтбекұлына арнайы Алғыс хат пен сый-сияпат табыс етті.