ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданының оңалту орталықтарында оң өзгерістер байқалады

0
2 257

Оңалту орталығы сауықтыру және әлеуметтік-оңалту іс-шараларын өткізуге бағытталған қажетті арнаулы әлеуметтік қызметтер кешенін ұсыну арқылы жан-жақты көмек көрсетуде.


ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданының оңалту орталықтарында оң өзгерістер байқалады

Жетісай ауданындағы мүгедек балаларды оңалту орталықтарында бүлдіршіндердің денсаулығында оң өзгерістер бар. Бұл жөнінде Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай ауданы әкімдігінің қаулысына сәйкес Жетісай қаласы мен Асықата кентіндегі мүгедек балаларды оңалту орталықтарында 50 бүліршінге тиісті қызметтер көрсетілуде.
Аталмыш орталықтарда балалардың жасына қарай ыңғайластырылып, жабдықталған ойын, демалу, қабылдау бөлмелері мен балалардың антропометриялық өлшеулерін анықтайтын құралдармен қатар сауықтыруға арналған медициналық құралдармен жабдықталған арнайы кабинеттер жұмыс істейді.
Қызмет алушыларға оңалту орталығы сауықтыру және әлеуметтік-оңалту іс-шараларын өткізуге бағытталған қажетті арнаулы әлеуметтік қызметтер кешенін ұсыну арқылы жан-жақты көмек көрсетуге жауапты психолог, логопед, дефектолог, дене шынықтыру және музыка мұғалімдері, емдік дене шынықтыру мен еңбек терапиясы жөніндегі нұсқаушылары, терапевт пен балалар дәрігері, массаж жасау жөніндегі мейіраға мен мейірбике, тәрбиеші мен тәрбиешінің көмекшісі қызмет көрсетеді.
«Орталықтарға келуші бүлдіршіндеріміздің денсаулықтарында бүгінде алға жылжу байқалады. Бәрі болмаса да арасында сөйлеу қабілеті артып, аяқ-қолдарының қимылы жақсарып келе жатқандары бар. Бұл – сол жердегі мамандарымыздың еңбегінің жемісі. Біздің көмегімізге мұқтаж бүлдіршіндерімізді қоғамнан өздерін кем санамауы, өздерін қоғамға жат сезінбеулері үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Озық тәжірибелерді меңгеріп, жұмысымызды ширата түсетін боламыз», - дейді Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Досыбайұлы.
Сонымен қатар, жыл басынан бері аудандағы ВИЧ инфекциясына шалдыққан 6 баланың ата-анасына облыстық бюджеттен 2 млн 654 мың 200 теңге мөлшерінде жәрдемақы берілсе, үйде оқытылып-тәрбиеленетін 220 мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына 2 млн 777 мың 500 теңге төленген.