ТҮРКІСТАН: Жетісайда садақ ату кешені ашылды

0
361

Мұнда 100-ге жуық үміткер ұлттық спорт түрімен тегін айналысады.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда садақ ату кешені ашылды

Жетісай ауданында тұңғыш рет садақ ату кешені ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай Жетісай ауданында тұңғыш рет садақ ату кешені ашылды. Мұнда 100-ге жуық үміткер ұлттық спорт түрімен тегін айналысады.


Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стдаионда орналасқан нысанның ашылуына аудан әкімі Серік Мамытов пен Жетісай аудандық сотының төрағасы Арман Шындалиев, Мақтаарал аудандық сотының төрағасы Құнанбай Мұсаев пен ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті Жетісай аудандық бөлімінің басшысы Нұрмахан Ибрагим, аудан прокурорының орынбасары Заман Зұлпыхаров пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, спорт майталмандары мен ардагерлері қатысты.


Қазақы жауынгерлік өнеріміз бен дәстүрімізді жаңғыртып, рухымызды оятатын, өскелең ұрпаққа садақ атуды үйрететін кешеннің маңыздылығына тоқталып, жаңа спорттық нысанның ашылуына атсалысқан №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғабит Жанаевқа алғысын айтқан ел ағалары нысанның лентасын салтанатты түрде қиды.


Айта кетейік, мергендік сыналатын спорттың бір түрі саналатын садақ ату бұрыннан жазғы Олимпиада ойындарының тізіміне кірген. Шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты қол – осының барлығы садақпен атқанда жеңіске жету үшін қажет ететін аталмыш спорт түрімен бүгінде әлемнің 140 елінде спортшылар айналысады.


Ал, біздің елімізде садақ ату спорты 1967 жылдан бастап дамыса, 2021 жылдан бері дәстүрлі спорт түрлерінің тізіміне енген.