Түркістанда «Берел қазыналары» атты көрме ашылды

0
686

Көрме Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Үлкен Ақсарай бөлмесінде орналасқан.


Түркістанда «Берел қазыналары» атты көрме ашылды

Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында «Берел қазыналары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Үлкен Ақсарай бөлмесінде «Берел қазыналары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.


Түркістан қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет комитетіне қарасты Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов, Шығыс Қазақстан облысындағы «Берел» музей-қорығының директоры Алмас Сарыбасов, Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, Түркістан облысы мәдениет басқармасының бөлім басшысы Эльвира Момынова, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры Маулен Садықбеков арнайы қатысып, көрменің мақсаты мен маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ мәдениет пен білім саласының және музей басшылары, ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.


Көрме экспозициясына Берел қорғандарындағы қазбалар, онда табылған скиф-сібір аң стиліне немесе сақ өнеріне (б.з.д. V-III ғғ.) жататын алтын бұйымдар мен жылқы әбзелдерінің реконструкциясы, жылқының сүйектен жасалған ер-тұрмандары, сақ қорғанынан табылған ат әбзелдері, қола айна, әшекейлер өзге де заттар қойылған.


Көрменің мақсаты – ҚР Ұлттық музейінің және «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қорларында сақталған сақ өнерінің жәдігерлерін, Берел қорымының табылған құнды дүниелерді Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарына таныстыру, қазақ жерін мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеттерін насихаттау.


Мыңжылдықтар тарихын арқалаған Берел қорымы – Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына енген қасиетті мекен. Берел қорымын ең алғаш болып 1865 жылы Вильгельм Радлов зерттеп, осы ауамақтағы ең алып нысан «Үлкен Берел қорымын» ашқан болатын.


Арада 100 жыл өткенде Берел қорымына Ресей Федерациясының мемлекеттік Эрмитажынан Сергей Сорокин археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Одан кейінгі кезекте есімі Берел ескерткіштерімен қатар аталатын отандық зерттеуші Зейнолла Самашев та бар. Ол 1998 жылы Берел қорымындағы археологиялық зерттеу жұмыстары барысында №11 «патшалық обадан» алтынмен апталған 13 тұлпар мен сол заманның көсемі болған бекзада мен әйелдің сүйегін тапты. Берел қорымы табылған ақсүйектер мен скиф-сібір аң стилінде жасалған заттарының нәтижесінде әлемге әйгілі болды.


Ондағы тоң басқан обалардың беретін мәліметтері де ерекше. Қорымда киім, ат әбзелдері, ағаш бұйымдары, ер тоқым, тері мен киізден жасалған заттар шірімей, жақсы сақталған. Берел қорымынан табылған заттарды зерттеуде алғаш рет жаратылыстану ғылымдарының әдістері пайдаланылды.


Бұл зерттеулердің нәтижесінде ерте көшпелілердің ДНҚ-сын анықтауға болатын, сонымен қатар Берел даласының палеоэкологиясы, палеозоологиясы мен антропологиясы бойынша құнды мәліметтер алынды.


Аталған көрме Түркістан жұртшылығы мен қалаға келуші саяхатшыларға 1 ай бойы ұсынылмақ.