"Қазақ жігіттерінің қолынан бәрі келеді, жалқау емес!" - шымкенттік құрылысшы көпшіліктің айтқанымен келіспейді

0
4 962

Күрделі дизайндағы баспалдақ жасап жүрген шымкенттік жігіттер көпшілік арасындағы "қазақтар жасай алмайды, жалқау" деп қалыптасқан түсінікті бұзғысы келеді.


фотолар: жеке мұрағаттан алынды

Қазіргі кезде жеке тұрғын үйлерді көп ретте екі-үш қабатты немесе мансард етіп тұрғызады. Үйді бұлай етіп тұрғызу жерді тиімді етіп пайдалануға ыңғайлылықтан болса керек. Алайда қазақстандықтар үй құрлысы мен әрлеп, сәндеу жұмыстарын көбіне өзге ұлт (орыс, өзбек) өкілдеріне сеніп тапсырады. Олар қазақтарға қарағанда мұқият және сәнді етіп шығарады деген түсінік мол тараған. Әсіресе оңтүстік өңірде көпқабатты үйдің баспалдағын тек қана көршілес елдің шеберлері құяды екен. Көпшілік қазақтардың мұндай жұмыс істейтініне сенімсіздікпен қарайтын көрінеді.


Ел арасында берік қалыптасқан осы түсінікті бетоннан түрлі күрделі қалыптағы баспалдақ жасап жүрген шымкенттік жігіттер бұзуға тырысып жүр. Олар әзірге тек өз тамыр-таныс туыстарына жасап жүргендерін айтады. Алайда өз істерін керемет етіп көрсете білген жігіттерге қазіргі кезде баспалдақ құйғызу үшін хабарласатындар көбейген.


Баспалдақ құйып жүрген жігіттердің жұмыстағы «рөлдері» әр түрлі екен. Ғалымжан үйге қандай баспалдақ жарасатынын, қалай шығатынын есептеп шығарады. Ал Бақытжан баспалдақтың қалыптарын дайындаса, Жомарт оның тегіс шығуын қолға алады. Үш адамнан ғана тұратын бригаданың қазір қысы-жазы қолдары бос емес. Бірінен соң бірі тапсырыс бергендер кезекте тұрғанын айтады олар. Тіпті жарнама да жасамайтын көрінеді, бір-бірінен естіген, көрген-білгендер өздері іздеп келіп алдын ала төлем де жасап қояды екен.




«Ең алдымен баспалдақ жасауды үйреніп жүргенде өте жақсы тілектегі жұмыс екен деп қатты қуандым. Алдыңғы жұмысым көлік жөндеу орталығында болатын. Онда бұзылған көліктер көп келген сайын табысың да мол. Бірақ іштей қатты ыңғайсызданатынмын. Ал қазір мол табыс табу үшін әрбір қазақтың зәулім, қосқабатты үйі болсын деген керемет тілекте жүресің», - дейді Ғалымжан.


Баспалдақтар негізінен темір, ағаш және бетоннан құйылып жасалады. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен кемшілік тұстары болатынын айтады жігіттер. Дәл қазіргі уақытта темір мен ағаштың бағасы жоғарылап кеткендіктен көпшілік бетоннан құйғызып жатқан көрінеді. Одан бөлек темір баспалдақтан қатты дыбыс шығатын болса, ағаш та шамалы уақыттан соң сықырлай бастайды. Ал бетоннан құйылатын баспалдақ берік шығады. Ал сыртын кейін әркім өз қалауына қарай қаптатып сәндеп алады екен.

«Бетон баспалдақ арасына арматура тоқылып салынады. Сондықтан оның беріктігі арта түседі», - дейді баспалдақ құятын жігіт.


Қазір үй тұрғызып жатқандардың көпшілігі үйді бастамас бұрын арнайы дизайнер жалдап жоспарлап жатады. Олар үйдің іргетасынан бастап әрбір заттың орнына дейін есептеп береді.

«Баспалдақ құюға көп ретте үй толық тұрғызылып, төбесі жабылып, терезелері мен сыртқы есігі қойлған соң барып шақырады. Баспалдақ құятын жерді дизайнерлер өлшеп қалдырып кетеді немесе кейбір жандар өздері жобалап шамалайды. Алайда дизайнерлердің баспалдақ үшін қалдырған орны дұрыс шықпайды. Яғни 70-80 пайыз шамада дизайнердің жұмысын өзгертіп жатамыз. Сондықтан үйді жоспарлағанда дизайнермен бірге мүмкіндігінше баспалдақ құятындармен де ақылдасқан жөн. Сонда қалағандай баспалдаққа қол жеткізуге болады», - дейді Ғалымжан.


Дәл қазіргі уақытта барлық құрылыс материалдарының бағасы өскендіктен баспалдақ жасау бағасы да өскен.

«Біз мейлінше баспалдақ жасатып жатқан жанды әуреге түсірмеуге тырысамыз. Сондықтан баспалдақ жасайтын қалыптың материалдарын өзіміз аламыз. Баспалдақ құю бағалары баспалдақтың дизайны мен көлеміне қарай келісіледі. Сондай-ақ жұмысымызды мұқият таза, артымыздан сөз ермейтіндей жасап кетуге тырысамыз. Сондықтан болар бірден-бірге естігендер хабарласып жатады», - дейді жігіттер.

Осы жігіттерге баспалдақ жасатқан жандардың көпшілігі мұндай істі қазақтардың жасайтынына және тазалық пен мұқияттылығына таңырқасып жатады екен.

«Көпшілік ойында қазақ жалқау деген ұғым қалыптасып қалған және жұмысты аяқсыз қалдырады деген сенімсіздік қалыптасып қалған секілді. Кейде танымайтын жандардың жасататын баспалдағын көру үшін барсаң, «мыналардың қолынан ма деген сенімсіздікті сөздерінен аңғаруға болады», - дейді Ғалымжан.


Бір баспалдаққа, яғни екінші қабатқа көтерілетін баспалдақты құю үшін шамамен бір апта уақыт кететін көрінеді.


«Жалпы баспалдақ құю өте мұқият болуды, қыруар есепті, өлшеп пішуді талап ететін жұмыстардың бірі. Алдымен өлшейміз, қалыпқа арналған материалдарды әкелеміз, қалыпты құрастырып құямыз. Осының барлығына шамамен 5-7 күн уақыт кетеді. Құю уақыты оның дизайнына байланысты. Баспалдақтың түр-түрі бар «г, п» әріптері секілді, арасы ашық (кансольный) және доғал деген тәрізді түрлері бар», - дейді баспалдақ құятын жігіт.


Сондай-ақ жігіттер баспалдақтың қалыпын көпшілік ертерек шешіп алдыртуға тырысатынын айтады. Алайда ол мықты, сызатсыз шығу үшін аз дегенде 28 күн тұруы керек екен.

Зәулім үйдің бір ғана бөлшегімен айналысатын жігіттер өздерінің қызығушылықпен бастаған істерін кәсіпке айналдырғысы келетіндерін айтады. Әрбір қазақстандықтың кемінде қосқабатты зәулім үйлері болсын деп тілейтін жігіттердің жұмысын тurarov_gamly парақшасынан көруге болады.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Сізге қызықты болуы мүмкін: Киімде қалған үтік ізін ашыған сүтпен кетіруге болады.


Сыпырғы ТЕЗ ТОЗЫП КЕТПЕСІН десеңіз.