Сыпырғы ұзақ уақыт қызмет жасау үшін оны пайдаланып болған соң тікесінен қою керек.
Күнделікті тұрмыстағы өмірді жеңілдетуге арналған құрылғылар күннен күнге дамып жатыр. Алайда ғалымдар мен өнертапқыштар қаншалықты жаңа технологиялар ойлап тапса да, сыпырғыны тұрмыстық қолданыстан толық шығара қойған жоқ.
Бірақ өзге заттармен қоса бұрын арзымайтын ақша тұратын сыпырғының бүгінгі күнде бағасы біраз шарықтаған. Сондықтан қаражат шығындап алған затты біраз ұстаған жөн. Сыпырғыны ұзақ ұстаудың бір-екі құпиясы мен сыпырғы туралы қызықты ақпараттарды ұсынамыз.
Сыпырғының артықшылығы неде?
Сыпырғының артықшылығы – өте қарапайым. Оның көмегімен кез-келген кішігірім қоқысты жылдам жинап алуға болады. Шаңсорғышты әкеліп қосып жүргенде біраз уақыт өтеді. Ал сыпырғы мұндай кезде өте жылдам көмекші.
Сыпырғы деген бұрын тек шөптесін өсімдіктерден жасалатын. Ал қазір сауда орындарынан сыпырғының өзге де материалдардан жасалған, түрлі түрлерін кездестіруге болады.
Үй ішін тазалауға арналған сыпырғыны қалай таңдаймыз?
Сыпырғыны ұзақ уақыт ұстау үшін, ең алдымен оны дұрыс таңдай білу керек.
Сыпырғы сатып алған кезде неге мән беру керек? Сыпырғының өлшемі. Сыпырғы өте ұзын немесе тым қысқа болмауы керек. Егер сыпырғы тым ұзын немесе қысқа болса, онда сыпыру ыңғайсыздық тудырады. Ал жайсыз ұсталған сыпырғы ұзаққа шыдамайды. Сондай-ақ сыпырғының ұстайтын жері тым жуан болмағаны жөн.
Сыпырғының сапасы. Сыпырғыны қолыңызға ұстап тұрып оның қаншалықты тығыз екеніне мән беріңіз. Байланған бауларды да дұрыстап қараңыз. Сыпырғыдағы бау өте берік материалмен жиі және мықты байлануы тиіс. Егер ол шамалы бос болса, аз уақыттан соң ажырап кетеді. Сондай-ақ сыпырғының сыпыратын жағы бір шетке қайырылып қалмаған болуы керек.
Сыпырғы ұзақ қызмет жасау үшін...
Жаңа сыпырғыны пайдаланбас бұрын, дайындап алу қажет. Ол үшін сыпырғыны ыстық суға салып алған дұрыс. 3 немесе 5 литр қайнап тұрған суға 3-4 қасық тұз салып дайындап аламыз. Шелекке сыпырғыны салып, ыстық тұзды суды жоғарыдан құямыз. Судың барлығы төменге шелекке құйылады. Сыпырғының төменгі жағы тұзды суда 1 сағаттай тұруы тиіс. Бір сағаттан соң сыпырғыны алып, кептіріп қоямыз. Суы толық кепкен соң пайдалана беруге болады. Тұзды су сыпырғыны жұмсартып, оның қатты құрғап кетуден сақтайды. Ал жұмсақ әрі иілгіш сыпырғы сынып кетпей ұзаққа шыдайды.
Назарға алыңыз: Қазір көпшілік үйде жылыту еден арқылы жүргізілген (теплый пол). Мұндай еден үстіне сыпырғыны қалдыруға болмайды және жылу батареясының жанына да қоюға болмайды. Ыстық сыпырғыны құрғатып, ол сынғыш болып қалады.
Сыпырғы ұзақ уақыт қызмет жасау үшін оны пайдаланып болған соң тікесінен қою керек. Сыпыратын жағын жоғары қаратып қойса тіптен жақсы. Орыс халқы сыпырғыны жоғары қаратып қою үйге ақша шақырады деген сенімде. Алайда қазақ халқы сыпырғыны тіке қоюды жаман ырым санайды. Сондықтан оны біз көп ретте жатқызып қоямыз. Ал бұл сыпырғының тез бүлінуіне септігін тигізеді. Олай болмас үшін сыпырғының ұстайтын жағына бау тағып ілетін етіп қойса болады.
Лайфхак: сыпырғының екі шеті жайылып кетпес үшін капрон шұлық кигізіп қою керек. Егер сыпырғының сыпыратын жағы қайрылып қалса, онда ішінде қайнаған ыстық су бар жалпақ ыдыстың астына 1-2 сағаттай қою керек. Тез қалпына келеді.
Жоғарыда айтып кеткендей қазір сыпырғының түрлі материалдардан жасалғанын кездестіруге болады. Соның бірі – синтетикадан жасалған сыпырғы. Оның басты артықшылығы ұзын сабы мен антистатистикалық қылшықтарында. Оның қылшықтары тек сыпырып қоқысты жинаап қана қоймайды. Сондай-ақ едендегі шаң мен кірді қоса тазарта кетеді. Мұндай әмбебап сыпырғы ламинат, паркет, керамикалық плитка мен линолеумды жақсы тазартады.
Сыпырғыға байланысты қызықты наным сенімдер:
- Үйге ақша келген күні (жалақы немесе тағы да басқа) үйді сыртқа қарай сыпыруға болмайды. Ондай кезде керісінше есіктің аузынан ішке қарай сыпырған дұрыс.
- Үйге өзіңізге ұнамайтын, энергетикасы нашар адам келсе, онда кеткен соң бірден кіреберіс сыртқы есіктегі табалдырықтан сыртқа қарай сыпырып, сыпырғыны сағат тілімен үш рет айналдыру керек. Бұл үйдегі жағымсыз эергетиканы алады, тіл -көзден сақтайды.
- Үйді күн батқан соң сыпыруға болмайды. Бұл шығынға ұшыратады. Ал егер қажет болып сыпырған күнннің мөзінде қоқысты сыртқа шығармай, таңертең тастау керек.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқыңыз: КҮЗ ПАТШАЙЫМЫ гүлінің күтімі қандай?