​Шаңсорғышпен МАССАЖ жасауға БОЛАДЫ

0
1 820

Жылап жатқан баланы да тыныштандырады.


​Шаңсорғышпен МАССАЖ жасауға БОЛАДЫ

Негізі адамның қиялы шексіз. Әсіресе әйелдер қауымы. Олар кейде тұрмыстық заттарды өндірушілердің өздері таң қалатындай дәрежеде қолданып жатады екен. Сондай тұрмыстық заттардың бірі – шаңсорғыш. Үй тазартып, шаң сорғызғаннан басқа шаңсорғышты қайда пайдалануға болады?


Жоғалған ұсақ заттарды табу

Кереует, шкаф астына түсіп кеткен ине, түйме немесе басқа да ұсақ заттарды табуға қолайлы. Ол үшін шаңсорғыштың құбыршегін (шланг) пайдалану керек. Ұсақ заттар шаңсорғыш ішіне кетіп қалмау үшін құбыршектің басына шұлық немесе матаны кигіземіз. Сырғып түсіп кетпеу үшін резеңке қадауға болады.


Компьютер клавиатурасын тазарту

Алдымен компьютерден ажыратылған клавиатураны қоқымдары түсу үшін төмен қаратып сілкілеп аламыз. Шаңсорғышты үрлеу режиміне қосып, клавиатурадағы әрбір саңылауды үрлеп шығу керек. Кейін түгі шықпайтын шүберекті спиртке батырып клавиатураны сүртіп аламыз.


Кілемнің ішке кіріп кеткен жерін шығарады

Кілемнің үстінде ұзақ тұрған жиһаз із қалдырады. Оны оп-оңай қалпына келтіруге болады. Ол үшін алдымен кілемнің із түсіп ішке кіріп кеткен жеріне айналдыра мұз кесектерін қойып шығып, толық ерігенше күтеміз. Мұз кесектер толық еріген кезде кілем түктері жатып қалады. Артық суды қасықпен немесе қағаз сулықпен сорғызып аламыз. Кілем шамалы құрғау керек. Шаңсорғышты қосамыз. Ішке кіріп тұрған жердегі түктер көтіріліп кілемде із қалмайды.


Қолдан істелген вакуумді қаптамалар

Киімдерді тығыз пакет қалтаға саламыз. Пакеттің аузын шаңсорғыштың құбыршегіне резеңкемен қыстырамыз. Шаңсорғышты бірнеше секундқа қосып пакеттің ішіндегі ауаны тартып алу қажет. Кейін пакетті аузын байлап, скотчпен ораймыз. Бұлай жиналған киімдер өте аз орын алады.


Жылап жатқан баланы тыныштандырады

Жұмыс істеп тұрған шаңсорғыш аққұла шуылдың негізгі көзі. Педиатр мамандар аққұла шуыл, яғни бірқалыпты жай гуілмен жұмыс істейтін тұрмыстық заттар зиянсыз деп санайды. Ондай гуіл табиғи және жаңбыр, желдің даусы секілді қауіпсіз. Жылап кеткен балаға шаңсорғышты қосып қойса даусына тынышталуы мүмкін.


Шаш кептіргіштің орнына қолдануға болады

Шашты жылдам кептіру қажет, бірақ қолда кептіргіш жоқ па? Саспаңыз! Орнына шаңсорғыш пайдаланыңыз. Ол шашты кептіріп қана қоймайды, шамалы болса да түзу болуына да көмектеседі.


Целлюлитке қарсы массаж

Қуаттылығы реттелетін шаңсорғышты целлюлитке қарсы массаж жасауға қолдануға болады. Қуатты реттеу денеде көгерген із қалдырмау үшін керек. Процедураны бастамай тұрып денеге арнайы май жағып алу қажет. Шаңсорғыштың құбыршегін денеңіздің қажетті жеріне апарып айналдыра отырып массаж жасаңыз.

Негізі шаңсорғышты үй жұмысындағы көптеген істерге пайдалануға болады. Мысалы, мысқтың үстін де тазартып ала аласыз.


Шаңсорғышқа кір жуатын ұнтақ салыңыз

Кейде үй ішінен жағымсыз иіс шығып жатады. Әсіресе үй жануарын асырайтындар мұндай жағдаймен көп кездеседі. Алайда үйдегі жағымсыз иісті жылдам кетірудің жолы бар. Ол үшін шаңсорғышқа өзіңізге ұнайтын ұнтақты салып жіберсеңіз болғаны. Мұндай кішкентай қулық үй ішінің ұзақ уақыт хош иіске толып тұруына көмектеседі.

2 ас қасық ұнтақты шаңсорғыштың шаң жинайтын құтысына саласыз. Тек ол таза болуы қажет, яғни шаң жинамай тұрып салып аласыз. Ары қарай шаңсорғышпен қалыпты жағдайда жұмыс жасай бересіз.

Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын!


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.




Ыдысты зиянсыз сұйықтықпен жуыңыз


КИВИДІ үйде ӨСІРІП көріңіз