КИВИДІ үйде ӨСІРІП көріңіз

0
2 177

Егер барлық жағдайы толық, дұрыс жасайтын болса, онда киви 2-жылы өнім бере бастайды.


КИВИДІ үйде ӨСІРІП көріңіз

Киви – қышқыл-тәтті дәмді экзотикалық жеміс. Бірақ осы жемісті дәнінен үйде оп-оңай өсіруге болатынын көп жан біле бермесе керек. Киви өсіру үшін арнайы дәнін сатып алудың қажеті жоқ. Үйге алынған жемістің дәні де жеткілікті.


Дәнді егуге дайындау

Ең алдымен ешқандай шірігі, ұрылғаны жоқ киви жемісін таңдап алыңыз. Жемісті жуып, пышақпен бірнеше бөлікке бөліңіз. Кейін ішіндегі жұмсағын алып жақсылап езіңіз. Шұңғыл ыдысқа салып үстіне таза су құйыңыз. Біршама уақыттан кейін дәндер жұмсағынан ажыраған соң бөлек алыңыз. Піскен дәндер су бетіне қалқып жүруі керек. Оларды қағаз сулыққа салып, кішкене кептіріп алыңыз. Кепкен дәндерді ыдысқа салып бетін сулы дәкемен жабыңыз. Ал дәкенің бетіне кленка жабу қажет. Шамамен екі аптадан кейін дәнде ақ, нәзік өскіндер пайда болады.


Жемісті егу ережелері

Үлкен емес ыдыстың түбіне ең алдымен дренаж саламыз. Ол үшін керамзит жақсы көмектеседі. Дренаждың үстіне залалсыздандырылған топырақ толтырылады. Өскіндерді ылғалды топыраққа 0,5 см- ден терең етпей отырғызады.

Назарға алыңыз! Өскінді отырғызған кезде дәннен ажырап қалмауы керек. Егер екеуі бөлініп кетсе онда нәтиже шықпайды.

Өскінді егіп болған соң үстінен таза су бүркіңіз. Ыдыстың бетін пленка немесе шынымен жауып жылы, жарық жерге қойыңыз. Алғашқы өскіндер бой көрсеткен соң көшеттерді молынан суғару қажет. Ыдыстың бетіндегі жабынды алып, әлсіз өскіндерді жұлып тастайсыз. Әр өскінде 1-2 жапырақ пайда болған соң өскіндерді жеке ыдыстарға отырғызған дұрыс. Ішіндегі мықты өсіп тұрғандарын алыңыз.


Жас өскіндерді күтіп баптау

Өскіндерді үздіксіз, бірақ мөлшермен суғарып тұрыңыз. Киви өсімдігі үшін топырақтың құрғап кетуі де, тым ылғалды болып кетуі де зиянды. Қысқы маусымда 2 аптада 1 рет суғару жеткілікті болса, жазда күнделікті су бүркіп тұрған дұрыс.

Киви – жарықты да жылуды да жақсы көреді. Сондықтан оны оңтүстік жақ беттегі терезе алдына қойған жөн.

Болашақта мол өнімге қол жеткізу үшін өсімдікті уақтылы компостпен қоректендіріп тұру керек. Егер барлық жағдайы толық, дұрыс жасайтын болса, онда киви 3-жылы өнім бере бастайды.


Топырақ

Киви жемісінің топырағы әрдайым ылғалды, бірақ қатты сулы болмауы керек. Көшетті отырғызардан алдын топырақты залалсыздандырып, жұмыртқа қабығын немесе ағаш күлін араластыру қажет.


Жарық

Жоғарыда кивидің жарықты мол қажет екені жазылған болатын. Бірақ жаз мезгілінде тікелей түсетін күн көзінен қорғап қою қажет.


Гүлдеуі және өнім беруі

Кивидің гүлі үлкен, ақ түсті болады. Бірақ біршама уақыттан кейін сарғыш түске енеді. Бір бұтада тек аталық немесе тек аналық гүлдер болуы мүмкін. Егер бұтадағы гүлдер тек аталық болса, онда аналықпен ұластыру керек.


Тыңайтқыш

Жеміс өсіп бастаған кезде 2 айда бір рет қоректендіріп тұрыңыз. Қорек ретінде органикалық та, минералды да тыңайтқыштарды қолдануға болады.


Суғару және ылғал

Киви жемісін молынан суғарады. Бірақ су құйған соң ыдыс астына жиналған артығын төгіп тастаңыз. Ыстық, қапырық күндерде жапырақтарға күнделікті су бүркіп тұрған дұрыс.


Кесу

Үлкен киви бұталарын күзде кеседі. Арасынан сол жылы жеміс берген, шіріген, сынған бұталарды кесіңіз. Күзде қырқылған соң көктемде жаңа жас өскін бұталар пайда болады.


Киви жемісінің ауруы мен зиянкестері

Киви өзге жемістерден ауру мен зиянкестерге өте жақсы төтеп бере алатынымен ерекшеленеді. Алайда дұрыс күтім жасалмай қалған кезде зең ауруларына ұшырайды. Ал кейде өзге бөлмедегі немесе даладағы өсімдіктерден зиянкестер келеді.

Міне, дүкеннен алынған киви жемісін өсіру үшін аса бір күтімннің қажеті жоқ. Тек уақытында суғарып, тыңайтып тұрсаңыз мол өнім аласыз.



Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.