Шегіргүл жақсы өсу үшін айналдырып тұру керек

0
3 071

Салқын ауа-райында өсімдікті 18 градустан төмен жерде ұстауға болмайды.


Шегіргүл жақсы өсу үшін айналдырып тұру керек

Шегіргүлге қатысты өткен материалымызда біраз кеңестер жазған болатынбыз. Осы гүлге қатысты тағы да біршама қажетті кеңестер ұсынамыз.


Шегіргүлді қайда қою керек

Шегіргүлдің ғылыми атауы - сенполия. Гүлді терезе алдына немесе терезеге жақын қою керек. Шегіргүл тікелей түскен күн көзін емес, шашыраңқы жарықты жақсы көреді. Гүлдері біркелкі өсуі үшін аптасына бір екі рет ыдысты 45 градусқа бір жаққа қарай айналдырып тұру керек.

Гүлді шығыс және батыс, солтүстік беттегі терезе алдына қойған жақсы. Ал егер терезе күншығысқа қараса онда көктем мен жазда гүлді көлеңкелеу керек болады.

Гүлді қорғау үшін терезеге жеңіл перде немесе қағаз, бамбук жалюзи қоюға болады. Темір жалюзден аулақ қойыңыз. Сондай-ақ көлеңкелеудің тағы бір тәсілі – пергаментті қағаз, күннен қорғайтын пленка. Бұлар кез-келген дүкендерде табылады. Онымен терезенің жартысынан көбін жауып қойыңыз, ал күз бастала алып тастайсыз.


Гүлді жазда қайда қойған дұрыс

Жылдың жылы ауа-райында өсімдікті терезе алдында қалдыра берген дұрыс. Оны сыртқа немесе балконға алып шығудың қажеті жоқ. Температура +27,+28градустан асқанда желдеткіш қосуға болады. Бірақ оның желі тікелей гүлге қарай бағытталмауы керек. Егер бөлмеде салқындатқыш болса, онда оның температурасы 18 ден түсіп кетпегені жөн.

Егер бөлме температурасы +30,+32 болса болса, онда гүлді терезе алдынан еденге түсіріп қою керек. Ондағы температура біршама төмен болады. Гүл жарықтың жетіспеушілігіне шыдауы мүмкін, ал қатты ыстыққа төзуі екіталай. Қатты ыстықта гүлдердің жанына мұзды су қойып салқындатуға болады. Тек мұз толы ыдыс гүлдердің жапырағына тиіп кетпеуі керек.


Қысқы мезгілде гүл қайда тұру керек

Салқын ауа-райында өсімдікті 18 градустан төмен жерде ұстамаңыз. Егер терезе алды тым салқын болса, онда гүлдің ыдысының астына пенопласт төсем қоюға болады. Тек терезеден жел ұрып тұрмаса болды.


Шегіргүлді қандай сумен суғарады

Гүлді суғару үшін тек алдын-ала дайындалған суды ғана пайдалану керек. Шүмектен алынған суды ыдысқа құйып екі күнге қалдырып, содан кейін оны қайнатып аламыз. Осылайша судың ішінде өсімдікке зиянды хлор да тұз да қалмайды. Сондай-ақ сүзілген (фильтроавнный) суды пайдалануға болады, ал дистилденген су мүлде жарамайды.

Шегіргүлді тек жылы сумен суғару керек. Су бөлме температурасынан бірнеше градусқа жылы болғаны дұрыс. Ал салқын судан өсімдіктің тамырлары шіріп кетуі мүмкін.


Суғарудың қандай әдісін қолданған дұрыс

Гүлдің әдемі өсуінде суғарудың тәсілдері де маңызды рөл атқарады.


Гүл ыдысының астындағы тәрелке арқылы

Суды ыдыс астындағы тәрелкеге құйып, 15-20 минуттан соң бір тексеріп қою керек. Ыдыстағы топырақтың беткі қабаты ылғал тарту керек. Егер топырақ ылғал болып тұрса, онда ыдыс ішіндегі сіңбей қалған артық суды төгіп тастау қажет.


Жоғарыдан құю

Суды ыдысқа мұқият құю қажет. Су жапырақтарға әсіресе ортадағы жапыраққа тиіп кетпеуі керек. 10-15 минуттан соң су құйған гүлдердің ыдысының астындағы тәрелкеде артық су болса, төгіп тастаған дұрыс.


Шегіргүлді қаншалықты жиі суғару керек

Күнделікті ыдыстағы топырақты қарап қою керек. Егер топырақтың беткі қабаты құрғақ болса, онда өсімдікке ылғал қажет. Топырақ сулы болса гүлді суғарудың қажеті жоқ, мейлі қанша күн өтсе де. Шегіргүл артық суды көтере алмайды.



Ауаны қалай ылғалдандырған дұрыс

Шегіргүл ылғалды ауаны жақсы көреді. Ол үшін:

  • Ауа ылғалдағышты пайдалануға болады
  • Гүлдің жанына кішкене ыдыспен су қою керек
  • Бүркігішпен ауаға су бүрку керек, бірақ гүлдің өзіне қарай емес

Ауаны ылғалдау әсірсесе қысқы мезгілде, үйдегі ауа жылудың әсерінен құрғап кеткенде жақсы.


Шегіргүлді қалай шомылдыру қажет

Өсімдіктің жапырақтарына шаң тұрып жатады. Одан құтылу үшін екі-үш айда бір шомылдырып тұру қажет.

Гүлді шомылдырудан алдын ыдысын ашық түсті (прозрачный) пакетті тесіп, гүлдің астына қойып топырақтың бетін жауып аламыз. Бұл су топыраққа тимеу үшін қажет. Кейінірек гүлді шомылдыруға үйреніп алған соң пакетті қолданбауға да болады.

Шомылдыратын су жылы, ал қысымы қатты болмауы керек. Гүл ыдысын қолға алып, суға қарай шамалы қисайта ұстаймыз. Бұл жапырақтарға тиген су топыраққа тимей төмен ағып кетуі үшін. Кезекпен кезек әр жапырақты мұқият жуамыз. Жапырақты қолмен жуу қажет, шөткі, сорғыш секілді заттарды пайдалануға болмайды. Олар өсімдікті бүлдіреді.

Гүлдің ортасындағы жас, жаңа шыққан жапырақтарға су тигізбеген дұрыс. Егер тиіп кеткен жағдайда бірден қағаз сулықпен құрғатып алу қажет.

Шомылдырып болған соң шегіргүлді бірден орнына қоюға асықпаңыз. Ол құрғағанша шомылдырған жерде қалғаны дұрыс. Сондықтан оны кешкі мезгілде шомылдырып, түнімен сол жерге қалдырып, ал таңертең орнына қоюға болады.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Ұқсас материалдар: БҰЛ гүл ГҮЛДЕМЕЙ қойса ЫСТЫҚ су құю керек


Қазтамақ (герань) гүлі жақсы өсу үшін ПИЯЗ қабығы керек.