Гүлдемеген жағдайда қолданылатын ерекше тәсіл...
фотолар интернеттен
Шегіргүл – әдемі бөлме гүлдерінің бірі. Оны көптеген үйден кездестіруге болады. Шегіргүл – өзінің шағын көлемі, көркем, әдемі түрлі-түсті гүлдерімен көз тартып, баурайды. Дегенмен өсімдік жеткілікті күтімді қажет етеді. Бірақ кейде қанша күтім жасалса да гүлдің солып немесе гүлдемей қалып жататын кездері жиі кездеседі.
Ендеше гүл өсіруді жаңа бастаған немесе өсіруге қызығып жүргендерге көмек ретінде шегіргүл туралы мәліметтер мен оны өсіру, солып қалудан құтқару жолдары жайлы бірнеше қажетті кеңестерді ұсынамыз.
Шегіргүлді қайта отырғызу үшін...
Гүлдің топырағын қашан және қаншалықты жиі ауыстыруға болады?
Кейде сатып алған немесе сыйға келген гүлдердің ыдыстары ұнамай бірден ауыстыруға асығатынымыз рас. Бірақ шегіргүлді ауыстыруға асықпаңыз. Ең аз дегенде бір ай күту қажет. Осы уақыт ішінде гүл жаңа орынға бейімделеді және жаңа ыдысқа көшіріп отырғызуға дайын болады.
Ал өзіңіз өсіріп отырған шегіргүлді жарты жылда, ары кетсе жылына бір рет топырағын жаңартып қайта отырғызған дұрыс. Бұлай болмаған жағдайда шегіргүл өте баяу өсіп, гүл ашпайды. Басты ескеретін нәрсе, температура 28градустан жоғары болмауы қажет.
Шегіргүлдің топырағы қандай болуы керек
Шегіргүл жеңіл және борпылдақ топырақта жақсы өседі. Сондықтан мүмкіндігінше топырақты арнайы дүкеннен алған дұрыс. Сондай-ақ міндетті түрде топырақққа вермикулит (гүл дүкендерінде, базарда сатылады) қопсытқыш қосылады. Қопсытқыш топырақтың тығыздалып қалуына жол бермейді. Сонымен бірге топыраққа ағаш күлін де қосу керек. Гүл отырғызатын кезде шамамен мына мөлшерде топырақ қоспасын жасап аласыз: 6 уыс топыраққа 1 уыс қопсытқыш 1 шай қасық ағаш күлі. Сол кезде топырақ өте борпылдақ болып, ылғалды жақсы сіңіреді, ауа жақсы айналады.
Шегіргүлдің ыдысы қандай болу керек
Ыдыс үлкен болмауы керек. Ыдыс үлкен болса гүлдің жайқалап өсуі баяулайды және гүлдемейді. Кез-келген материалдағы (қыш, пластмасса) ыдыстары жарай береді, таңдамайды. Бастысы ыдыс астында тесіктер мен тәрелкесі болуы керек.
Шегіргүл гүлі гүлдемеген жағдайда:
Егер гүл өте әдемі өсіп жатса, бірақ гүл ашпаса онда оған жарық жетіспеген болуы мүмкін. Шешімі: орнын ауыстырып жарық жерге қою керек.
«Шок» тәсілі. Гүлдемеген жағдайда тағы бір қолданылатын ерекше тәсіл, ол ыстық су құю.
Негізі ыстық су өсімдіктерге көп ретте зиянды болмаса пайдасы жоқ. Сондықтан мұндай тәсіл өте сирек, тек гүлді тірілтіп, қайта қалпына келтіру және мол гүлдеуі үшін қолданылады. Ол үшін судың температурасы шамамен 60-70 градус болуы керек. Ыстық су гүл ыдысының тәрлкесіне құйылады. Кейін кәдімгі сумен суғарыла береді.
Суға аздаған лимон қышқылын қосу да шегіргіргүлдің жайқалып өсуіне септігін тигізеді.
Гүлдеген кезде қандай жағдайлар орын алады
Гүлдің түйнегі құрғап солады - Мұның себебі ылғалдың жетіспеуінен болуы мүмкін. Тағы бір себеп жағдайдың бірден өзгеруінен. Бұл көбіне күн салқын кезде сатып алынған гүлдерде болады.
Тым ұсақ гүлдер – Бұл гүл тұрған бөлмедегі температураның жоғары болуынан болады.
Ауырып тұрған гүлді қалай емдеу керек
Ашық түсті дақтар – гүлдің жапырақтары ешқандай солмайды. Тек жапырақтарда ашық түсті дақтар пайда болады. Мұндай дақтар өкпек желдің салдары. Бұл дақтың өсімдікке ешқандай зияны жоқ, тек сыртқы түрін құртып тұрады.
Оны емдеуге болмайды, тек алдын ала-аласыз. Сондықтан бөлмені желдеткенде гүлді газет немесе пленкамен жауып қою керек.
Жапырақтардың сарғаюы – Мұның себебі әртүрлі болуы мүмкін.
- Күн көзінің тікелей түсуі немесе шектен тыс жарық
- Ылғалдың жетіспеуі
- Топырақтағы пайдалы заттардың жетіспеуі
- Топырақта қышқылдың көбеюі
Күннен келген зиянды гүлдің орнын ауыстыру арқылы шешуге болады. Ал басқа жағдайларда топырақты ауысытырып, гүлді қайта отырғызу керек
Жұмсарып кеткен жапырақ – Егер гүлдің жапырақтары топырағы ылғал болса да жұмсарып кеткен болса, онда мәселінің тамырда болғаны. Бұл көп ретте топырақты құрғатып барып мол етіп суғарудан болады. Сондай-ақ мұндайкешкісін есікті ашып желдеткенде топырақ шамалы салқындап қалып, таңертең гүлді топырағы жылымай жатып суғарып жіберу салдарынан орын алады.
Бұл жағдайда гүлді ыдысынан шығарып тамырын қарап көру керек. Ақ тамыр көрініп тұрған жерді қалдырып, қоңыр болып шіріп тұрған жердің барлығын пышақпен немесе ұстарамен қырып, алып тастаған дұрыс. Жарты сағат шамасында ақшыл қызыл марганцовка ерітіндісіне салып қою керек. Кейін жаңа топыраққа қондыру қажет. Егер тамыр толықтай шіріп кеткен болса, онда оның барлығын кетіп тастаңыз. Жапырақтардың астыңғы қатарын алып тастап діңгекті тазартып, тамыр шығару үшін суға саламыз.
Тағы бір нұсқа – Белсендірілген көмірдің 1 таблеткасын талқандап аздаған сумен араластырып тазартылған тамырға жағу керек. Бірден сол күйі топыраққа отырғызып, тез тамырлау үшін бетіне ашық түсті пакет жапқан дұрыс.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқыңыз: Макарон қайнатқан судан ыдыс-аяқ жуатын сұйықтық дайындауға болады
Ұқсас материалдар: Қазтамақ (герань) гүлі жақсы өсу үшін ПИЯЗ қабығы керек