ЭНЦОНЫҢ ӨЗІ ЖАСАҒАН СОҢҒЫ FERRARI: Әлемдегі ЕҢ ЖЫЛДАМ көліктің табысты тарихы

0
1 766

Ferrari-дің жаңа моделі бәсекелестердің көліктеріне қарағанда немесе әлемдегі ең жылдам машина болуы керек-тін.


ЭНЦОНЫҢ ӨЗІ ЖАСАҒАН СОҢҒЫ FERRARI: Әлемдегі ЕҢ ЖЫЛДАМ көліктің табысты тарихы

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Автомобиль әлемінде сол көліктерді жасаушылардың фамилияларын иемденген көптеген бренд бар. Мәселен, Ford, Alfa Romeo, Lamborghini, Ferrari, Bugatti, Citroen, Porsche, Maserati, Bentley, De Tomaso, Renault, Peugeot, Honda, Mazda – осы және басқа да көптеген атаулардың артында нақты бір тұлғалар бар. Дегенмен, кез-келген бренд үшін қалыптасу және дамуы жағынан өте қызықты кезең – негізін қалаушы әлі тірі болған уақыттарда өтеді. Осы ретте бүгін біз әйгілі итальяндық бренд Ferrari туралы айтатын боламыз. Оның ішінде, біздің кейіпкеріміз – ұлы Энцо Ферраридің өзі өмірде бар кезде шығарылған соңғы көлік жайлы сөз қозғаймыз. Бұл – компанияның қырық жылдығы аталып өткен кезде жарыққа шыққан Ferrari F40 көлігі.


БАСТАЛУЫ

Сонымен, әңгімемізді тарихи фактіден бастайық. Осыдан отыз жеті жылдан астам уақыт бұрын, яғни 1987 жылы 21 шілдеде Ferrari F40 Маранеллода таныстырылды. Деректерге сүйенсек, бұл көлікті жасау «келесі мереке үшін ерекше нәрсе жасайық» деген ойдан басталған. Оған екі себеп болды. Біріншіден, Энцо Ансельмо Мария Ферраридің өзі 1988 жылы 18 ақпанда тоқсан жасқа толатын еді. Екіншіден, оның компаниясының құрылғанына қырық жыл толатын. Расында, бұл мерейтойлар аталмыш компанияның сол кездегі Porsche 959 немесе Lamborghini сынды бәсекелестеріне жақсы соққы болатын еді. Бірақ, ол үшін Ferrari-дің жаңа моделі бәсекелестердің көліктеріне қарағанда немесе әлемдегі ең жылдам машина болуы керек-тін.

Осылайша, компания қызметкерлері іске кірісіп, 1984 жылғы Ferrari 288 GTO моделі негізге алынады. Бұл көлік 1984 жылы арнайы ұсыныспен жарыстарға арналып шығарылған және бірнеше жетістікке қол жеткізген болатын. Тіпті, жүздеген данасын өндіру де жоспарланған. Бірақ, кейіннен бір жарыста көлік «шабандоздары» қайғылы жағдайға ұшырағандықтан FISA халықаралық автомобиль Федерациясы (қазіргі FIA) В сыныбын жойып, ондаған жарыс көлігін істен шығарады. Оның ішінде Ferrari 288 GTO көлігі де бар еді. Ал, одан кейін нарыққа шығарылған Porsche 959 көлігі осы класстағы ең жылдам автомобиль атағын иемденген. Сондықтан Энцо өзінің инженерлеріне әлемдегі ең жақсы көлікті жасау міндетін жүктеді. Ал, модельдің тұсаукесерінде компанияның маркетинг жөніндегі директоры Джованни Перфетти: «әлемдегі ең жақсы машина осында болуы керек» деген сөзінен кейін «F40 таза өнімділіктен басқа ештеңені қажет етпейтін нағыз энтузиастарға арналған болады» деп тағы да батыл мәлімдеме жасайды. Айтса, айтқандай-ақ, шынында көптеген тұтынушы бұл көліктің мақтауын асырған.

Айтпақшы, бұл атауды Энцоның досы Джино Ранкати ұсынған екен. Өз кезегінде ол бас менеджер Раселлидің сұрағына: «Ferrari-дің алғашқы көлігі шыққаннан бері қырық жыл өткендіктен және брендтің басым нарығы АҚШ болғандықтан, Ferrari Forty атауы жақсы естіледі» деп жауап беріпті. Тиісінше, керемет шығармашылық үшін ол сыйлық ретінде күміс тақтайша алған. Тарихи тақтайшада «Джино Ранкатиге керемет идеясы үшін» деп жазылған екен.


ЖЫЛДАМДЫҚ – ОНЫҢ ЕКІНШІ АТЫ

Жаңа машинаны құрастырудағы басты мақсат – максималды жылдамдыққа қол жеткізу болғандықтан, даму қозғалтқыштың қуаты емес, аэродинамика және салмақ жағынан басталды. Ал, 288 GTO EVOLUZIONE көлігінің жүргізушісіне негізделген ыңғайлы кеңістікті инженерлер Рене Пининфарина дизайнерлерінің қатысуымен қайта ұғынды.


Салмақты азайту үшін кевлар, көміртек және алюминий кеңістіктік жақтау дизайнында кеңінен қолданылды, бұл – сол кездегі нағыз технологиялық жаңалық болды. Алдыңғы және бүйірлік әйнектер плексигластан жасалса, интерьерге қосымша бөлшектерді мүлдем қоймау шешімі қабылданды. Барлығы жылдамдық және жеңіс үшін.

Шанағы жоғары жылдамдықта сенімді тұрақтылық пен максималды оңтайландыруды қамтамасыз ететіндей боялған. Фронтальды қарсылық коэффициенті тек 0,34 болды. Бұл кең шанақ пен үлкен қанат үшін өте жақсы көрсеткіш еді.

Ал жаңалықтың көкесі көліктің қозғалтқышы болатын. Дәлірек айтсақ, жапондық IHI өндірушісінің жоғары қысымды, қос турбокомпрессорының арқасында V-тәрізді 478 ат күшіне ие қозғалтқыш дамытылып, минутына 7000 айналымға дейін көтерілді. Машинаның салмағы небәрі 1100 келі болды, яғни Формула-1-ге оралған «ғарыштық» технологиялар бұл жағдайда да жұмыс істеді.

Нәтижесінде F40 тұсаукесерінде оны жасаушылар көлікті сенімді түрде «әлемдегі ең жылдам» деп атай алады. Өйткені, дәл осы модель 320 км/сағ жылдамдықты еңсерді. Тиісінше бұл – сол жылдардағы сериялық жол көліктері үшін қол жетпейтін және ойға келмейтін көрсеткіш болатын.


Ferrari бастапқыда өзінің қазынасын 400 000 долларға бағалады. Бірақ бұл кезде мұндай бағаға сатылатын көлік жоқ еді. Алайда, мұндай шығынға қарамастан, F40-қа деген сұраныс арта түсіп, 400 дана шығару жоспары ойдағыдан едәуір асып түсті. Нәтижесінде компания дәл осындай 1315 машина жасап, сатуға мәжбүр болды.

Иа, бұл машина мерейтойға арналған керемет сыйлық қана емес, сонымен қатар Энцоның барлық жағынан сәтті жобасы болды. Оған қоса кевлар, көміртегі және алюминийде бейнеленген марканың тарихи мұрасын сақтау және тиімді инвестиция ретінде қалды.

Жалпы, бұл көліктің шығуы сәтті, тарихы табысты болды. Ал, Энцо Феррари 1988 жылы 14 тамызда, яғни F40 моделінің тұсаукесерінен бір жыл өткен соң қайтыс болды.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Көлік терезесі НЕ ҮШІН БУЛАНАДЫ? Одан құтылу жолдары ҚАНДАЙ?


Әлемдегі ЕҢ КЕРЕМЕТ автокөлік жолдары