​АЙТ дастарханына самсаның мынадай ЕКІ ТҮРІН пісіріңіз

0
7 055

Айт мейрамында дастарханыңыздың ерекше болғанын, келген қонақтардың тамсана самсаңыздан дәм ауыз тигенін қаласаңыз шеберлігіңізді салып көріңіз!


​АЙТ дастарханына самсаның мынадай ЕКІ ТҮРІН пісіріңіз

Барша мұсылман қауым үшін ең қасиетті, ең қуанышты мейрамдардың бірі – Ораза айты. Айт мейрамы келгенде қазақ халқы дастарханын жайнатып, қонақ шақыруға асығады. Самса дастарханға қойылатын міндетті тағамдардың біріне айналғалы қашан. Бірақ та біз бүгін үйреншікті әрі жаттанды үш бұрышты қатпарлы самсаның орнына ерекше түрін пісіретін боламыз.


Картоп пен тартылған еттен ЕРЕКШЕ самса



Қажетті өнімдер:

  • 250 мл сүт
  • 320 гр. ұн
  • 0,5 шай қасық ашытқы
  • 0,5 шай қасық тұз
  • 1 шай қасық қант
  • 4 ас қасық өсімдік майы
  • 0,5 шай қасық қамыр қопсытқыш
  • Салмасына:
  • 1 ас қасық тұз
  • 30 гр. сары май
  • 500 гр. фарш
  • 1 дана пияз
  • 3 дана картоп
  • Тұздық үшін:
  • 1 ас қасық ұн
  • 1 ас қасық өсімдік майы
  • 300 мл кілегей
  • 1 ас қасық сары май
  • Қамырды жаюға:
  • 2 ас қасық ұн
  • 4 ас қасық жүгері крахмалы


Дайындалу тәсілі:

  • Ең алдымен қамыр илеп аламыз. Ол үшін табаққа ұн, тұз, қамыр қопсытқыш, ашытқы және қантты салып араластырамыз. Осы араласпаға сүт пен майды құйып жақсылап араластыра отырып, қамыр илейміз. Егер қажет болса ұн қосуға болады. Қамырдың июі қанғанша бетін мата майлықпен жауып, бір шетке қоя тұрамыз.
  • Салманы дайындаймыз. Картопты аршып, суға салып отқа қоямыз. Картоп піскенше қайнатамыз. Пиязды майдалап турап, қыздырылған майға салып қуыру керек. Қызарған кезде фаршты салып, дайын болғанға дейін жай отта қуырамыз.
  • Енді тұздықты дайындап алайық. Ол үшін табаны отқа қойып, сары майды ерітеміз де, 1 ас қасық ұн саламыз. Қоңырқай тартқанша қуырып, жай-жай кілегейді құя бастаймыз. Сөйтіп тұздықты қоюланғанша қайнатамыз. Осы тұздықты фаршпен араластырыңыз.
  • Ал, қайнатылған картопты езіп, дәміне қарай азырақ сары май салып, араластырамыз.
  • Барлық керекті заттарды дайындап алдық. Енді самсаның қамырын жаюға кірісеміз.
  • Июі қанған қамырды 8-9 бөлікке бөлеміз. Әрбір қамырды домалақтап тағы да мата майлықпен бетін жайып 15 минут қойып қоямыз.
  • Қамырларды жайып, ортасына май жағамыз да, екінші бетін аударамыз.
  • Сөйтіп ортасына езілген картоп пен фаршты салып, қамырды суреттегідей етіп ортаға жинаймыз.
  • Жиналған қамырды бір-екі рет айналдырып, беткі жағын туралаймыз да, қамырдың қалған бөлігін самсаның астына қарай жіберіп, жабыстырамыз.
  • Сонда осындай әдемі самса шығуы тиіс.

  • Самсаларды май жағылған табаға жайғастырып, 200 градусқа қыздырылған пеште 25 минуттай пісіреміз.
  • Ал, самса пісуге жақын қалғанда бетіне май араласпасын жағамыз. Пісіп шыққаннан кейін де самсаға май жағып жіберсеңіз әрі жылтырап, әрі қып-қызыл болып шыға келеді.


Түрік самсасы


Қажетті өнімдер:

  • 375 гр. ұн
  • 100 гр. сары май
  • 200 гр. қаймақ
  • 4 гр. қамыр қопсытқыш
  • 7 гр. тұз
  • Салмасы үшін:
  • 500 гр. фарш
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш
  • 1-2 дана пияз
  • 200 гр. картоп
  • 80 мл өсімдік майы
  • 6 гр. зире
  • Бетіне жағуға:
  • 1 дана жұмыртқаның сары уызы
  • 20 гр. күнжіт.

Дайындалу тәсілі:

  1. Табаққа ұн, қамыр қопсытқыш, тұзды салып араластырамыз. Сосын маргаринді тоңазытқыштан алып, үккіштен өткіземіз де ұнға қосып, үгітеміз. Содан соң қаймақты салып, жұмсақ қамыр илейміз. Қамырды пленкаға салып, тоңазытқышқа салып қоямыз.
  2. Картоп пен пиязды майдалап әрі текшелеп турап, фаршпен бірге табаққа саламыз. Өсімдік майы, тұз, бұрыш, зире мен басқа да дәмдеуіштерді салып, жақсылап араластыру керек.
  3. Қамырды тоңазытқыштан алып, жұқалап жаямыз. Жайылған қамырды енді ұзынынан кесеміз. Осы қамырдың бір шетіне салманы саламыз да суреттегідей қалыппен ораймыз.
  4. Дайын самсаларды табаға жайғастырып, бетіне жұмыртқаның сары уызын жағамыз да, күнжітті себелейміз. 200 градусқа қыздырылған пешке салып, 35 минут пісіріп аламыз.
  5. Піскен самсаларды дастарханға ыстықтай ұсына беруге болады.

Ораза айт мейрамы құтты болсын! Дастархандарыңыз берекеге толсын!


Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Ауызашарға ЕРЕКШЕ әдіспен дайындалатын кәуап пісіруге болады


Сәресі асына пайдалы 5 тағам


1 литр сүттен 1 литр йогуртты қалай дайындайды?