Ерекше кәуап көкөністермен бірге пісіріледі.
Қазіргі кезде карантинде отырған жандар үйде отырып әбден жалыға бастаған. Ал, күні бойы ораза ұстағандар кешкі асқа ерекше тағам жегенді қалайды. Сол себепті де бүгін біз кәуапты өте ерекше рецептпен дайындайтын боламыз.
Маринадтамай-ақ пісіретін кәуап мәзірі
Қажетті заттар:
- 2-3 кг тауық немесе қой еті
- 3-4 дана картоп
- 2-3 дана пияз
- 1-2 дана қызанақ
- томат немесе қызанақ тұздығы
- тұз, бұрыш
- фольга қағазы
Дайындалу тәсілі:
- Алдымен етімізді дайындап аламыз. Ол үшін етті тұтастай да, турап та шампурға тізіп шығуға болады. Осылайша етті шампурға тізіп, фольга қағазының үстіне қоямыз. Фольга қағазын кәуапты орауға жететіндей етіп алдын ала қырқып дайындап алу қажет.
- Содан соң екі қабатталған фольга қағазын қойып, оның бетіне шампурдағы кәуапты қоямыз. Сосын еттің екі шетіне пиязды, картопты және туралған қызанақтарды қойып шығу керек. Соңында еттің бетіне тұздықты жағып, тұз, бұрышты, дәмдеуішті қажетінше себелейміз.
- Сосын фольга қағазының ішінде ауа қалмайтындай етіп орап, кәуаптың барлық жерін тегіс жабамыз. Сөйтіп шампурды отқа мангалға қойып, кәуаптарды пісіріп ала береміз.
- Бұл кәуаптың бір артықшылығы маринадтауға уақыт жұмсамайсыз әрі кәуаппен бірге көкөністерді де пісіріп аласыз. Осылайша ауызашарға отбасыңызбен бірден екі түрлі тағамнан дәм тата аласыздар. Көкөністерді тәрелкелерге салып, жеке ұсынсаңыздар да болады.
Шампурға тізілген картоп
Қажетті өнімдер:
- 1 кг картоп
- Тұз, өсімдік майы.
Дайындалу тәсілі:
- Ең алдымен картоптардың қабығын аршып, тахалап жуамыз. Содан соң картоптарды таза майлықпен сүртеміз немесе кепкенін күтеміз.
- Кепкен картоптарды енді тураймыз. Қалыңдығын 1-2 см етіп турап, шампурларға тізіп шығамыз.
- Картоптың арасын 0,5 см қашықтықта тізіп шығу керек.
- Енді картоптың бетіне өсімдік майы мен тұзды себелейміз.
- Дайын картопты отқа қойып кәуап сияқты айналдырып отырып пісіреміз. 15-20 минутта отқа қақталған картобымыз да дайын болады.
Кофемен маринадталған кәуап
Қажетті өнімдер:
- 2,3 кг сиырдың қабырғасы
- 0,3 кесе кофе дәні
- 0,25 көлемінде ақ түсті бұрыш
- 4 ас қасық теңіз тұзы
- 2 ас қасық паприка
- Дәміне қарай зәйтүн майы
- Қыша қосылады.
Дайындалу тәсілі:
- Пешті 260 градусқа дейін көтеріп, қосып қоямыз. Содан соң кәуапты дайындауға көшеміз.
- Кофені кофеұнтақтағышқа салып ұнтақтап аламыз. Оған ақ түсті бұрыш пен теңіз тұзын қосып оны да ұнтақтаймыз.
- Содан соң барлық дәмдеуіштерді біріктіріп, араластыру керек. Сосын қабырғаларды противень табаға салып, өсімдік майын себелейміз. Оның бетіне ұнтақ дәмдеуіштерді себелеп, барлығын қолымызбен жақсылап араластырамыз. Сонда дәмдеуіштер қабырғалардың барлық жеріне тиюі қажет.
- Дайын болған қабырғаларды қыздырылған пешке салып, 10 минуттай ұстаймыз. Сосын табаны пештен алып, пешті 150 градусқа дейін түсіреміз.
- Табадағы қабырғаларды енді фолга қағазына салуымыз керек. Фольганың жыртылуына жол бермеңіз. Сосын фольгаға оралған қабырғаны противень табамен пешке салып, 3-4 сағаттай пісіреміз.
- Осы уақыт өткеннен кейін пешті тағы да 100 градусқа төмендетіп, кәуапты 5-6 сағаттай пештің ішінде қалдырамыз.
- Дайын кәуаптардың бетіне майда теңіз тұзын себелеп, дастарханға ұсына беруге болады.
Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,
Тағы да оқыңыз:
1 литр сүттен 1 литр йогуртты қалай дайындайды?