Балаңыз МЕКТЕПТЕ не жеп жүр? Мына 5 түрлі ЖҮРЕКЖАЛҒАРды дайындап бере аласыз

0
4 051

Мектеп асханасындағы тағамның бәрі балаларға пайдалы ма? (Ата-аналарға оңай да өте қажет рецептер)


Балаңыз МЕКТЕПТЕ не жеп жүр? Мына 5 түрлі ЖҮРЕКЖАЛҒАРды дайындап бере аласыз

Жаңа оқу жылы да басталып кетті. Бұрынғыдай емес, қазір балалар 6-7 сабаққа қатысқанымен қоймай, оның артынша қосымша сабаққа немесе үйірмелерге қалады. Таң атқаннан кеш батқанға дейін мектепте жүріп, әбден қалжырайды, қарындары ашады.

Әрине, баланың қолына тиын-тебен ұстатып, мектепке жібере салуға да болады. Алайда олар СІЗ берген ақшаға міндетті түрде құрамы бояуға, түрлі қоспаларға толы тәттілер мен сусындарды сатып алатыны сөзсіз. Бұл тағамдар баланың қарнын сол мезетте тойдыруы мүмкін. Дегенмен, анасының қолымен жасалған, таза тағамға жетпейді.

Сол себепті балаңыздың болашағына алаңдасаңыз, денінің сау болып өсуін қаласаңыз ерінбей өз қолыңызбен пайдалы әрі тез дайындалатын мынадай тіскебасарларды әзірлеп беріңіз. Тіскебасарды жасауға көп уақыт кетпейді.


1 тіскебасар


Екі тілім жұмсақ нан алып, бетіне балқытылған ірімшік (плавленный сыр) жағыңыз. Енді қызанақ пен қиярды дөңгелек қалыпта турап, нанның бетіне қойыңыз. Екі тілім нанды бір-біріне сыр жағылған бетін қарата қойып, үстінен басасыз. Дайын болған тіскебасарды балаңыздың жегеніне ыңғайлы болу үшін ортасынан кесуге болады. Сонда екі кішкентай сэндвич шығады.

  • Қызанақ пен қиярдың орнына балаңыз ұнататын басқа да көкөністерді салуға болады. Ал, зәйтүн мен шикі болгар бұрышын жей алса тіптен жақсы. Нанның арасына балқытылған ірімшік жаққан соң, екіге бөлінген зәйтүн мен майдалап туралған тәтті болгар бұрышынан бірнешеуін саласыз. Мұндай тіскебасар пайдалы әрі дәруменге бай.


2 тіскебасар


Қазанға су құйып, тауық етін немесе сиыр, қой етін қайнатыңыз. Үйде қандай ет болса, соны пайдалануға да болады. Содан соң екі тілім қара немесе ақ нан алып, балқытылған ірімшік жағыңыз да, екі нанның арасына піскен етті турап салыңыз. Қаласаңыз, еттің қасына тәтті болгар бұрышын, салат жапырағын немесе қызанақ пен қияр қоссаңыз да жарайды. Дайын бутербродты екі бөлікке бөліп, балаңыздың сөмкесіне салып беріңіз.


3 тіскебасар

Бұл тіскебасарды дайындау үшін, бөлішкені пайдаланамыз. Бөлішкенің беткі қабатын суреттегідей қалыппен жұқалап кесіп алып, арасындағы жұмсағын алып тастаймыз. Содан соң қайнатылған тауық етін турап, үккіштен өткізілген ірімшікпен, қызанақ шырынымен (томатный сок), майдалап туралған азырақ аскөкпен араластыру керек. Сөйтіп осы араласпаны бөлішкенің ішіне салып, бетіне ірімшік себелеңіз де, бөлішкенің беткі қабатын жабыңыз. Пешке салып, қызарғанша ұстаймыз. Сонда ыстық пиццаға ұқсас дәмді тіскебасар пісіп шығады.


4 тіскебасар

Балалар алманы өте жақсы көреді. Сол себепті де алмадан пісірме дайындаған өте қолайлы. Мұндай пісірмені дайындау үшін қатпарлы қамыр мен алма қажет. Қамырды бірнеше бөлікке бөліп, қолмен жазып жіберіңіз де, арасына майдалап туралған алма, қант, даршын салып, жабыстырыңыз. Қамырдың бетіне жұмыртқаның сарысын жағуды ұмытпаңыз. Сосын табаға салып, қыздырылған пеште пісіріп ала бересіз. Салмасына банан, сүзбе басқа да ұл-қыздарыңыздың ұнататын жемісін салып, қуанта аласыз.


5 тіскебасар


Балаңыз тәтті пісірмелерді ұнататын болса, салмасына алма, өрік, құлпынай тосабын салып, дайындауды ұсынамыз. Ол үшін ашытылған қамыр қажет. Қамырды кішкене бөліктерге бөліп, қолыңызбен жаясыз да арасына салмасын салып, қамырды бір-біріне жапсырасыз. Тіпті, қамырды жайып, үш бұрыштап кесіп, тосап салмасымен рогалик пісірсеңіз де болады. Осылайша дайындалған тәттілерді пешке салып, пісіріп алу керек.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


2 жылда 341 000 оқырман жинаған ИНСТА-ЖҰЛДЫЗдардың құпиясы қандай?


ПАЙДАЛЫ әрі ОҢАЙ: ҚАЙНАТПАЙ жасалатын ТОСАПТЫҢ екі түрі


30 минутта дайын болатын ЖЫЛДАМ-ПАЛАУ