2 жылда 341 000 оқырман жинаған ИНСТА-ЖҰЛДЫЗдардың құпиясы қандай?

0
3 781

Аспаздық пен блогерлікті байланыстырған жастар бүгінде екі баланың ата-анасы атанып отыр.


2 жылда 341 000 оқырман жинаған ИНСТА-ЖҰЛДЫЗдардың  құпиясы қандай?

Инстаграм желісі арқылы көпшілікке танылып жүрген жастар баршылық. Ал, аспаздық пен блогерлікті қатар алып жүріп, қалың оқырманның көңілін табу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бүгін бізде қонақта өте жас әрі талапты блогерлер, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының тумалары ерлі-зайыпты жұп - Батырбек пен Әсел.

- Батырбек, Әсел сіздермен танысқаныма өте қуаныштымын. Инстаграм парақшаларыңыздан ең бірінші көзіме түскені «Тек қазақша айтамын!» деген жазу болды. Қазақстанның патриоты ретінде бұл маған қатты ұнады. Осы орайда өздеріңізді кеңірек таныстыра кетсеңіздер.


Батырбек: «Тек қазақша айтамын» деп жазуымызға себеп бар. Бастапқыда Әсел тағамдардың рецептін әлеуметтік желілерден, ютуб каналынан қараған кезде тек қана орыс тілінде жазылған мәліметтерді қарайтын. Өйткені қазақ тілінде сауатты жазылған дүниені әлеуметтік желілерден таба алмайтын. Сондықтан да ол «Мен өз елімде, өз ана тілімде жазылатын парақша ашып, болашақта дамыта түсемін» деген мақсат қойып, сол бойынша жұмыс істеп келеміз. Аллаға шүкір, қазіргі таңда нақтыланған, тек қазақ тілінде ас мәзірлерін ұсынатын парақша пайда болды. Көптеген желі қолданушыларына Әсел үлгі бола білді деп ойлаймын.


- Жалпы инстаграм әлеміне қай жылы келдіңіздер? Ең алғашқы қадамдарыңыз қандай болды?


Батырбек: Инстаграм желісінде 2014 жылдан бері жұмыс жасаймын. Түрлі компаниялардың парақшаларын жүргізіп, біраз тәжірибе жинақтағаным бар. Әсел екеуміз 2017 жылы отбасын құрдық. Өз жұмысымды жұбайыма таныстырып, инстаграмда парақшаны қалай жүргізуді үйрете келе, осындай бір парақшаның ашылуына себеп болдық. Содан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Ал, бұл парақша 2017 жылдың ақпан айында дүниеге келді.

- Қазіргі уақытта инстаграм арқылы ақша тауып, өз бизнестерін жүргізіп отырғандар баршылық. Алайда, әлі көп адамдар бұл істің қыр-сырын біле бермейді. Сіздерге осылайша жұмыс істеу қиындық тудырмай ма?


Батырбек: Жалпы бұл парақшаға дайын дүниелер жарияланатынын бәрі біледі. Ал, оған дейінгі жұмыстарды тек парақшаны жүргізіп отырған адам ғана түсінеді. Парақшаға түрлі тағамдардың рецептін жазып, видеосын жүктеу үлкен еңбекті талап етеді. Бұл оңай шаруа емес. Дегенмен, Әселдің жұбайы ретінде айтар болсам, бұл шаруалар оған көп қиындық тудырмайды. Себебі Әсел өз ісін сүйеді. Ол үнемі «Мен бұл істі жасау барысында еш шаршамаймын. Керісінше ләззат аламын» деп айтып отырады. Кез келген блогер өз ісін жан-тәнімен сүйіп, беріліп жұмыс істейтін болса, ол адам шаршаудың орнына ізденеді, жасаған жұмысынан мотивация, энергия алады. Парақшасын одан әрі дамытуға талпынып, білімін жетілдіре түседі. Сонда ғана жұмысы алға басып, парақша дамыған үстіне дами береді.


- Өте жас әрі талантты екендеріңізді суреттерден байқауға болады. Әсел, сіз аспаздық өнерге қалай келдіңіз?


Әсел: Жалпы, осындай керемет пікір, жылы лебіз білдіргеніңіз үшін, бізге деген бағаңыз үшін алғысымыз шексіз. Аспаздықтың маған нақты кімнен дарығаны жайында мәлімет бере алмаймын. Бірақ, кішкентай күнімнен түрлі тағамдар дайындап, күйдіріп-жандырып біраз нәрсе пісіретін едім. Салаттар жасап, пиццалар пісіретінмін. Өзімше бір тағамдарды дайындайтынмын. Дей тұрғанмен ойлап отырсам, аспаздық маған анамнан дарыған сияқты. Анам түрлі салаттар жасаудың шебері. Ауыл адамдары той жасай қалса, анамды көмекке шақырып, салат жасап беруін өтініп жатады. Бұл да бір анамның бойына дарыған қасиет болса керек. Мен де анамның қасында жүріп кішкентай күнімнен тағамдарды дайындауға, пирогтарды пісіруге өте қатты қызығатынмын. Міне, сол қызығушылығым шоқтана келе аспаздық блог жүргізуге ұласты.

- Тағамдар мәзірін дайындап, оны сурет, видеоға түсірудің өзі айтарлықтай уақытты талап етеді. Соған қарамастан блогерлік пен аспаздықты қатар алып жүрсіздер. Барлығына қалай үлгересіздер?


Әсел: Жоғарыда айтып өткеніміздей парақшаға жарияланған видеолар болсын, жазылған мәліметтер болсын, оқырманға үлкен еңбекпен жетеді. Дегенмен, жоспарлы түрде жасалатын болса, барлығына да үлгеруге болады. Мәселен, мен әр күнімді осындай шаруаларға үлгеру үшін ең алдымен видео түсіріп, пост жазамын, мәліметтер қараймын, қалған уақытты үй шаруаларына жұмсаймын деп жоспарлап қоямын. Бізде жоспармен жүрсек, барлығына үлгереміз деген түсінік қалыптасқан.


- Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Әсіресе ерлі-зайыптылардың бірге жұмыс істеуі кезінде мұндай жағдайлар орын алмауы мүмкін емес. Осындайда парақшаларыңызды жауып тастағыларыңыз келмей ме?


Әсел: Ашығын айтсар болсам, бізде де мұндай жағдайлар болып тұрады. Мысалы, жолдасым Батырбек менің ұстазым ретінде әрі басшым ретінде маған бүгінгі күнге тапсырма береді. Кей кездері сол тапсырмалар орындалмай қалады. Осындайда Батырбек маған ашуланып, тіпті, «Әсел, сен бүгін парақшаңа көңіл бөлмедің. Егер инстаграмда жұмыс істегің келмесе, саған көңілімді, уақытымды бөлмей-ақ қояйын» деп ұрсып алатын. Бірақ, инстаграм әлемін түсіне келе мұндай келеңсіздіктер орын алмайтын болды.


- Инстаграмда оқырман жинау да үлкен еңбекті талап етеді. Өзіңді көпшілікке дәлелдей білсең ғана оқырман саны арта түсетіні белгілі. 341 мың оқырманды қалай жинадыңыздар? Құпиясымен бөлісе отырсаңыздар?


Әсел: Менің жолдасым осы істің маманы болғандықтан да инстаграмның барлық қыр-сырын жақсы біледі. Қай күні қандай мәселелерді қозғау керек немесе қандай алгоритммен жүру керек, қай күні қандай тақырыпты қозғаған дұрыс сынды құпияларды меңгерген. Сондай-ақ, менің аспаздық өнерге қатты қызығушылығым, оқырманыма шынымен пайдамды тигізсем екен деген мақсатым парақшамыздың дамуына, оқырманымыздың көбеюіне себеп болды. Алғашында бұл парақшаны ашқан кезде ақша табамыз деген ой мүлде болған жоқ. Бар ықыласымызды қойып, халыққа пайдамыз тисе болды деген ниетпен жұмыс істедік. Егер осындай ниетпен парақша ашылатын болса, мұндай парақша міндетті түрде көп оқырман жинайды деген сенімдемін.


- Енді екеуіңізге де ортақ сұрақ қойғым келіп отыр. Жалпы, мамандықтарыңыз қандай, қанша жастасыздар?


Әсел: Менің жасым 21-де. Жолдасым 25 жаста. Осы парақша арқылы алдағы уақытта бизнес жасауды жоспарлап отырмыз. Тәттілер мен торттарды пісіріп шығаратын компания ашқымыз келеді. Мамандығым – педагог-психолог, ал жолдасым математика және қазақ тілі пәндерінің мұғалімі. Екі жоғары білім алып, сол бойынша жұмыс істеп көрді. Бірақ қазір мамандық бойынша жұмыс жасамаймыз. Үлкен-үлкен компаниялардың парақшаларын жүргізіп, сайт жұмыстарымен айналысады.


- Әр істің өз қызықшылығы мен қиындығы қатар жүреді. Осы орайда бір қызықты оқиға айта отырсаңыз.


Әсел: Иә, жұмыс істеу барысында қызықты оқиғалар болып тұрады. Ең алғаш видео түсіруді бастаған кезде мен көбіне видеоны қоспай, тағамымды дайындап қоятынмын. Тағамды әбден пісіріп болғаннан кейін, видеоны қарайын десем, видео түспей қалған болады. Әрине, бұл мен үшін қиын болды. Ашуым келіп, ызаланатынмын. Өйткені мәзірге қосылатын азық-түліктерді қайтадан сатып алып, басынан видео түсіруім керек болады. Бұл әрекеттер бір рет қайталанса мейлі ғой, бірнеше рет осылай жасағаным әлі күнге есімде.


- Парақшаларыңызға жарнама беру құны қанша?


Батырбек: Әуел бастан біз парақшамызды пайда табу мақсатында ашқан жоқпыз. Сондықтан да болар тек халыққа пайдасы тиетін, үйде отырған қыз-келіншектер мен аналарымызға пайдалы әрі біздің қолданысымызда бар дүниелерді ғана жарнамалағымыз келеді. Бағасы қолжетімді деп айта аламын.


- Сүйіп жасайтын тағамыңыз қандай? Жолдасыңыз қандай тағамдарды ұнатады?


Әсел: Мен күн сайын бір-біріне ұқсамайтын түрлі тағамдарды жасағанды жақсы көремін. Тіпті, өзге елдің тағамдарын да пісіріп көремін. Бұл орайда жолдасым мені қолдап, үнемі мақтап, мотивация беріп отырады. Өзі палау, манты, ет тағамдарын сүйіп жейді. Ал, өзіме келер болсам, мен картоп қосылған, етті тағамдарды ұнатамын.


- Тағамдарды видеоға түсіруде кімнің көмегіне жүгінесіздер?


Жолдасым екеуміз барлығына үлгереміз. Қолымызда соңғы үлгідегі ұялы телефон болғандықтан да барлық жұмысты сол құралдармен жасаймыз. Қазіргі уақытта Алматы қаласында жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Пәтердің асханасы кең, барлық жағдайы жасалған болса болғаны. Өйткені асхана менің жұмыс орным. Сол жерде күні бойы жұмыс істейтіндіктен, оның әдемілігі, жарық болуы мен үшін маңызды.


- Батырбек, Әсел сұрақтарға ашыла жауап бергендеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Жұмыстарыңыз алға басып, армандарыңыз орындала берсін!

Сұхбаттасқан: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


ПАЙДАЛЫ әрі ОҢАЙ: ҚАЙНАТПАЙ жасалатын ТОСАПТЫҢ екі түрі


30 минутта дайын болатын ЖЫЛДАМ-ПАЛАУ


Қарбыз жегенде ағза қандай өзгеріске ұшырайды?