Балнұр Байкозова, аспаз: «Қазақша самсаны ойлап шығарып, бүкіл елге танытқым келеді»

0
2 828

"Соңғы кездері барлығын қазақша жазуға, түсіндіруге, тіпті, өзімізге жақын атаумен атауға тырысып жүрмін. Бір жылдықтан кейін «мастер-класс» деген атауды да «шеберлік сабағы» деп өзгертетін ойым бар. Тіпті, самсаны да жаңаша тәсілмен пісіріп, «қазақша самса» деп шығармақпын".


Балнұр Байкозова, аспаз: «Қазақша самсаны ойлап шығарып, бүкіл елге танытқым келеді»

Бүгінде елімізде өз кәсібін жүргізіп, бизнеске бет бұрғандар аз емес. Кулинария саласында да жаңашылдыққа ұмтылып жүргендер бар. Жастар жағы қолдарынан келгенінше аспаздық өнердің қыр-сырын меңгеруге, қазақы менталитетімізге сай тағамдарды жасауға талпынып жүргені белгілі.

«Дастархан» айдарының бүгінгі қонағы Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданы, Шарапхана ауылының келіні, Baldai_nur_dastarhan студиясының иесі, аспаз Байкозова Балнұр Саттарқызы да өз ісінің нағыз маманы. Үш қыз, бір ұлдың анасы Балнұр Саттарқызы елінің патриоты, көпшілікке белгілі «Сәукеле» нан атауының авторы. Ол қашанда салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды дәріптеуге аспаздық өнерде де атсалысып жүргенін айтты.

- Балнұр, өзіңізбен танысқаныма өте қуаныштымын! Инстаграм парақшаңыз арқылы Оңтүстік тұрғыны екеніңізді біліп алдық. Ел арасында «Шымкенттің халқы пысық келеді» деген пікір қалыптасқан. Осы пікірді жиі еститін шығарсыз?


- Әрине, Шымкенттің халқы пысық екені даусыз. Бірақ бұл жай ғана пікір деп ойламаймын. Шындығында солай. Өйткені, мен солтүстікте 2-3 жыл жұмыс істедім. Астана мен Алматы қалаларында да болдым. Ол жақтың бәрінде нағыз кәсіппен айналысып, жұмыс істеп жүргендер шымкенттіктер болатын. Сондықтан да осылай айтылатыны сөзсіз.


- Аспаздық өнерді жетік меңгергеніңізді суреттеріңізден анық байқауға болады. Оқырмандарыңыз бен мастер класыңызға қатысатын қыз-келіншектер де көп екен. Инстаграм әлеміне қашан келдіңіз?


- Инстаграмда өз парақшамды жүргізіп жатқаныма бір жылдың көлемі болып қалды. Ал, мастер-класты былтыр қазан айында студиямды ашқалы өткізіп келемін. Жалпы кулинария әлеміне мен осыдан 6 жыл бұрын қызығушылық танытып, өз ісімді бастаған екенмін. Алғашында инстаграм парақшама жай суреттерімді салып жүрдім. Кейін үйрене келе инстаграм арқылы бизнес жасауға болатынын, клиенттерді шақыруға мүмкіндік мол екенін байқағаннан кейін жай парақшамды бизнес парақшаға айналдырдым. Осылайша инста әлемге қалай еніп кеткенімді өзім де байқамай қалғандаймын.

- Аспаздық өнерді қанша жасыңыздан бастадыңыз?


- Аспаздыққа кішкентай күнімнен қатты қызығатынмын. Қыз баласы анасынан тәлім-тәрбие алып өседі ғой. Менің анам өмір бойы аспаз болып жұмыс істеген адам. Сол кісінің әрбір пісірген тағамын, әрбір тәттісін көріп өстік. Өзімнің түсінігімше, кез келген нәрсе қанмен келеді деп ойлаймын. Сол сияқты менің де бұл өнерге жайдан-жай келмегенім белгілі. Ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыған дүние. Оның үстіне келін боп түскен жерім де үлкен кондитерлік орталықтың басшылары болып шықты. Бұл да әсер еткен болуы керек. Бірақ дәл қанша жасымда тағам дайындағаным есімде жоқ. Ал, қазіргі ісімді бой жетіп, етек-жеңімді жиып, тұрмыс құрғаннан кейін, яғни, 28 жасымда самса пісіруден бастаған едім. Ол уақытта күніне 20 самса пісірсем, қазір 1000 самсаға дейін пісіретін болдық.


- Қазіргі уақытта кулинария саласында жүрген өзіңіз секілді қаракөз қыздарымыздың саны артып келеді. Басқалардан өзіңізді ерек етіп тұратын 3-5 ерекшелігіңізді атап өтсеңіз.


- Мына сұрағыңыз кішкене қиындау екен. Дегенмен, ерекшеленуге тырысамын. Шымкент өңірі бойынша нандар әлеміне мән беріп, сол бойынша мастер-кластар өткізіп жүргенім ең басты ерекшеліктерімнің бірі деп ойлаймын. Нанның қайталанбас түрлерін пісіріп, үйреткім келеді. Жан дүнием, табиғатым да ерек болуды қалайды. Басқаларды қайталағым келмейді. Қазір қыз-келіншектердің басым көпшілігі торт пісірумен айналысатыны баршаға белгілі.

Тағы бір ерекшелігім, кулинария саласында жүрген қыздардың арасында жасы жағынан үлкенімін (күліп).

- Жеке аспаздық мектебіңіз бар ма?


- Мектеп деп айтуға келмейді енді. Өз еңбегіммен ашқан жеке студиям бар. Барлық мастер-кластарды сол жерде өткіземін. Қала мен даланың арасын жол қылып жүрген қазақтың қарапайым қыздарының бірімін.


- Осы уақытқа дейін қанша шәкірт тәрбиелеп үлгердіңіз? Ал, мастер-кластарыңызға қатысқан қыздар саны қанша?


- Студиямыздың ашылғанына көп бола қоймаса да, осы бір жыл ішінде онлайн сабақтарды қосып есептегенде 600-700-дей қыздарға өз өнерімді үйретіппін. Оның ішінде біраз қыздар жеке кәсіптерін бастап, жұмыс істеп жатқандары бар. Олар үшін өте қуаныштымын. Алда жоспарлар, жаңа жобалар өте көп.


- Торттар мәзірін қайдан аласыз? Өзіңіз ойдан шығарған торт немесе нан мәзірі бар ма?


- Жоғарыда айтып өткенімдей, келін боп түскен жерімде кондитерлік орталық бар. Үлкен қайынағамыз сол орталықты басқарады. Мен де арасында , қолым қалт еткенде сол жерге барып торттардың қалай жасалатынын көріп қайтатынмын. Сөйтіп жүріп классикалық торттардың жасалу жолдарын үйреніп алдым. Алайда, торттарға қарағанда, мен нанға көп көңіл бөліп жүрмін. Соның ішінде қазіргі хит болып жүрген авторлық «Самарқанд», кішкентай көлемдегі «себет» нандарым бар. Бұл нандарды пісіру шеберлігіммен ешкім таласа алмайды.


- Сіздің инстаграм парақшаңыздан «қазақылықтың иісін» сезгендей болдым.


- Иә, мен жаратылысымнан ұлтжанды, патриоттық сезімім өте жоғары жанмын. Қазақ болып туған соң қазаққа пайдасы тиетіндей дүниелерді жасағым келеді.

- Қарапайым нанның өзін сәукелеге, шаңыраққа ұқсатып жасайды екенсіз. Бұл идея қалай туындады?


- «Сәукеле» нанды маған дейін өте танымал кондитерлер жасап, шығарып қойған. Тек атауына ғана өзгеріс енгіздік. Бұған дейін «рога изобилия» деп аталып келген нанды мен қазақыландырып «сәукеле» деп атадым. «Сәукеле» деген атауды қоюға сіңлім себепші болған еді. Алғаш осы нанды пісіріп жүрген кезімде, нанның суретін сіңліме ватсабпен жібердім. Сол кезде ол «Ой, мына нан әдемі сәукелеге ұқсайды екен» деп жазып жіберіпті. Содан осы атау ұнап қалды да, нанымды «сәукеле» деп ертеңіне-ақ инстаграмға шығардым. Оқырмандарым да бұл атауды жақсы қабылдап, содан бері көпшілік бұл нанды сәукеле деп жазып жүр. Тіпті, тәжірибелі кондитерлердің өзі мастер-кластарында «Сәукеле» нан деп таныстырып жатады. Мен бұған өте қуаныштымын.

Соңғы кездері барлығын қазақша жазуға, түсіндіруге, тіпті, өзімізге жақын атаумен атауға тырысып жүрмін. Бір жылдықтан кейін «мастер-класс» деген атауды да «шеберлік сабағы» деп өзгертетін ойым бар. Тіпті, самсаны да жаңаша тәсілмен пісіріп, «қазақша самса» деп шығармақшымын. Сол бойынша жұмыс істеп жатқан жайым бар.


- Аспаздардың айлық табысы жақсы екенін естіп қалғаным бар еді. Сіздің айлық табысыңыз қандай?


- Көпшілікті қызықтыратын сұрақ деп ойлаймын. Алайда, қазіргі табысымды дәл осынша ақша табамын деп айта алмаймын. Себебі, барлығы да түскен тапсырысқа, өткізген мастер-кластарға байланысты. Дегенмен, қыздарға мотивация ретінде айтатын болсам, ең жоғарғы айлық табысым 1 миллионға жеткен болса, ең азы 400-500 теңге деуге болады.


- Осы салада жүрген жас кәсіпкерлер мен аспаздарға берер кеңесіңіз? Сіз сияқты табысты әрі өнерлі ханымға айналу үшін ең алдымен нені меңгеруі, білуі қажет?


- Өзімді соншалықты табысқа жеттім деп айта алмаймын. Дегенмен, шүкіршілік етеміз. Болашақта сіз айтқан нағыз табысты кондитерге айналатын шығармын. Жастарға айтарым, ең алдымен өз ісіңді сүй дегім келеді. Адамның жүрегінде жұмысына деген махаббаты болса, алынбайтын қамал болмайды. Сонымен қатар, қажырлы еңбек керек. Осы күндері нағыз жетістікке жеткен бай адамдарды қатты бағалаймын. Себебі, ешкім еңбексіз, тәжірибесіз шыңға шыға алмайды. Өз басым ойыма бір идея келсе, сол бойынша күндіз-түні жұмыс істеймін. Қазір менің самсам, бауырсағым брендке айналып жатыр. Осындай нәтижеге жету үшін мен бауырсақтың өзін қазіргідей дәмді әрі әдемі етіп пісіру үшін 1 жылдай уақытымды жұмсасам, самсаға 7 айдай уақыт арнадым. Мұның бәрі тәжірибе мен еңбектің арқасы дер едім.


- Табысқа жетемін деген жан қарап жатпауы керек дейсіз ғой. Балнұр ханым, алтындай уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Қашанда еңбегіңіз жанып, арманыңыз орындалсын!


Сұхбатты жүргізген: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Өте дәмді "АДЖИКА" қайнатудың 3 түрлі ТӘСІЛІ


5 минутта ПІСЕТІН түрлі-түсті ТҰШПАРА


Балаңыз МЕКТЕПТЕ не жеп жүр? Мына 5 түрлі ЖҮРЕКЖАЛҒАРды дайындап бере аласыз