Мохито сусынын үй жағдайында қалай дайындайды?

0
5 550

Шөлбасар сусынды дайындау үшін сізге көп уақыттың қажеті жоқ. Бар болғаны 5 минутта коктейль дайын болады.


Мохито сусынын үй жағдайында қалай дайындайды?

Қазіргі таңда МОХИТО сусынын сататындар көбейген. Бірақ та бағасы қымбаттау болғандықтан да оны үй жағдайында өз қолыңызбен жасасаңыз, әлдеқайда арзанырақ түсетіні сөзсіз. Оның үстіне қоспаларды да қалауыңызша қосып, ішкіңіз келгендей мохитоны дайындай аласыз.

Мохитоның дәмі мен дайырлау тәсілдері өте көп. Дегенмен, бүгін біз қолжетімді әрі оңай жасалатын сусын түрлерін ұсынамыз.


Шие мен лайм қосылған МОХИТО


Қажетті өнімдер:

  • 200 гр. қант
  • Сүйексіз мұздатылған 450 гр. шие
  • 45 гр. жалбыз
  • 250 мл су
  • 3 дана лайм

3 мұз қажет.

Дайындалу тәсілі:

  1. Кішірек кастрөлге қант, су, лайм шырыны мен лайм қабығын салып, қайнатамыз. Қант толықтай ерігенше суды 5 минуттай қайнату керек.
  2. Бұл шамамен 5 минуттай уақыт алады.
  3. Енді блендерге осы қайнатпаны, шиені, мұз бен жалбыз жапырақтарын салып, араластырамыз. Осылайша барлығы біркелкі болғанша араластырып, бокалдарға құйып, лайм тілігімен әсемдеп, ұсына беруге болады.


Газды су қосылған МОХИТО


Қажетті өнімдер:

  • 3 дана лайм
  • 4 шай қасық қант
  • 20-24 дана жалбыз жапырағы
  • Газды су, мұз.

Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен бір дана лаймды алып, алақанмен үстелдің үстіне қойып дөңгелетеміз. Сосын ортасынан бөлу қажет.
  2. Ал, қалған екі лаймды дөңгелек қалыпта тілімдеп турап, екі тілігін сәндеу үшін алып қаламыз. Дөңгелектеп туралған лаймдарды енді тағы да екіге бөліп шығу керек болады.
  3. Екі бокал алып, 2 шай қасықтан қант саламыз. Содан соң әрбір бокалға екіге бөлінген лаймның жарты бөлігін сығып, шырынын құямыз. Сөйтіп қантпен араластырып аламыз. Мұздатқыштан мұзды алып, пакетке салып, сыртынан ұрғылап майдалаймыз.
  4. Жалбыздарды да екі бокалға бөліп, туралған лаймдармен бірге саламыз.
  5. Әрбір бокалға майдаланған мұзды салып, газды суымызды құямыз. Сөйтіп жақсылап араластырып, мохитоны лайм тіліктерімен әсемдеп дастарханға ұсына беруге болады.


Құлпынай мен жалбыздан дайындалған МОХИТО


Қажетті өнімдер:

  • ½ бөлік лайм шырыны
  • 1 уыс жалбыз жапырағы
  • 2 шай қасық қант
  • 1 уыс құлпынай
  • Мұз және газды су.

Дайындалу тәсілі:

  1. Құлпынай мен жалбыз жапырақтарын тазалап жуып, кептіріп аламыз.
  2. Цитрусты жемістерге арналған шырынсыққыштың көмегімен лаймның жарты данасының шырынын сығып алуымыз керек.
  3. 1 уыс құлпынай мен 1 шай қасық қантты шанышқымен еземіз. Өзіңіз қалауыңыз бойынша езіп, дайындауға да болады.
  4. Бокалға 1 шай қасық қант салып, жалбыз жапырағы мен лаймды салу керек. Сосын жақсылап қасықпен еземіз немесе блендермен майдалаймыз.
  5. Бокалдың жарты беліне дейін мұз толтырып, құлпынай езбесін саламыз.
  6. Кейіннен тағы да мұз салып, содан кейін ғана газды суды құя беруге болады. Құлпынайды барынша езбесеңіз, мохито бокалды өте әдемі көрінеді.
  7. Осылайша дайындалған мохитомен бойыңызды сергітіп, шөліңізді басыңыз.


Асқабақ МОХИТОСЫ


Қажетті өнімдер:

  • Жалбыз жапырағы
  • 1 ас қасық қант
  • 1 ас қасық асқабақ езбесі
  • Жарты бөлік лайм
  • 60 гр. арнайы крем-сода
  • 1 стақан мұз.

Дайындалу тәсілі:

  1. Асқабақ езбесін алдын ала дайындап алу қажет. Ол үшін асқабақты турап, дәндерін тазартып, пешке салып пісіресіз. Бұдан бөлек асақбақты былай да дайындауға болады. Асқабақтың қабығын аршып, турап, сүтке салып қайнатасыз. Сосын езбе жасайсыз.
  2. Лаймның шырынын барлығы дайын болғаннан кейін сығып алсаңыз болады.
  3. Жалбыз жапырақтары мен қантты араластырып, езіп, барлығын мұз салынған шейкерге саламыз. Тек қана крем-соданы салмаймыз. Шейкерді жақсылап араластырып, мұз салынған бокалға саламыз.
  4. Сосын крем-соданы құйып, жалбыз жапырақтарымен әсемдейміз. Осылайша барлығын жақсылап араластырып, салқын мохитоны іше беруге болады.

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


ӨРІК ПЕН ШИЕ тосабын 5 МИНУТТА дайындайтын тәсіл бар


Хачапуриді сүтпен де, айранмен де дайындауға болады


Өте дәмді картоп езбесін қалай дайындайды