Хачапури тағамын жасап көрдіңіз бе? Тойымды әрі дәмді хачапуридің мәзірлеу тәсілдері өте көп.
Хачапури - грузиндердің дәстүрлі пісірмелерінің бірі. Грузин тілінен сөзбе-сөз аударғанда ірімшік пен нан деген мағына береді екен. Яғни, хачапури пісірмесін дәстүрлі түрде ашытылған қамыр мен ірімшіктен дайындайды. Тойымды әрі дәмді тағамның әзірлеу тәсілдері өте көп.
Жалқауларға арналған хачапури
Қажетті өнімдер:
- 100 гр. қатты ірімшік
- 10 гр. аскөк
- 80 гр. қаймақ
- 1 дана жұмыртқа
- 1 ас қасық ұн
- 2 ас қасық өсімдік майы
- Дәміне қарай тұз, бұрыш
Дайындалу тәсілі:
- Ірімшікті үккіштен өткізіп, аскөкті жуып, майдалап тураймыз. Сөйтіп аскөк пен ірімшікті араластырамыз.
- Осы араласпаға қаймақ, жұмыртқа, ұн, тұз, қара бұрыш салып, барлығын жақсылап араластыру керек. Осылайша қамыр дайын болады.
- Табаға өсімдік майын құйып, қыздырып, қамырды жайып саламыз. Табаның қақпағын жауып, 5-10 минутта лепешкамыз дайын болады. Нанның асытңғы жағы қызрды-ау дегенде екінші бетін аударып, қақпағын ашып пісіріп аламыз. Отты жай қоюыңыз керек. Дайын болған хачапури нанын дастарханға ұсына беруге болады.
Грузинше хачапури
Қажетті өнімдер:
- 2 дана жұмыртқа
- 5 стақан ұн
- 0,5 л сүт
- 1 шай қасық тұз
- 1 ас қасық қант
- 1 ас қасық картоп крахмалы
- 2 ас қасық қаймақ
- 100 мл өсімдік майы
- 900 гр. сулугуни ірімшігі
Дайындалу тәсілі:
- Осы қоспалардан 3 дана хачапури шығады.
- Ең алдымен жылы сүтке тұз, қант, ашытқы салып, араластырып аламыз. Сосын 1 стақан ұн салып, араластырып, жылы жерге 15 минут қоя тұрамыз.
- Осы уақыт өткеннен кейін жұмыртқа, крахмал салып, араластыру керек. Кейіннен қалған ұнды салып, соңында өсімдік майын құясыз да, қамырды илейсіз. Осылайша дайын болған қамырды жылы орап, 1,5 сағат ашытасыз.
- Енді бір ыдысқа жұмыртқа мен қаймақты, 1 ас қасық өсімдік майын құйып, көпіршітіп араластыру керек. Ал, ірімшікті үккіштен өткізесіз.
- Қамырды үш бөлікке бөліп, алдымен біреуін жұқалап жайып алыңыз. Осылайша жайылған қамырдың бетіне ірімшікті себелеп, қамырдың жан-жағын жинап, дөңгелектейміз. Сосын қамырды қайтадан жаясыз. Қамыр ішіндегі салманың әсерінен шамалы жыртылса ештеңе етпейді. Осылайша жайылған қамырды пергамент қағазы салынған табаға салып, бетіне жұмыртқа-қаймақ араласпасын жағамыз. Жұмыртқаның бетіне ірімшікті себелеп, 190 градусқа қыздырылған пешке салып, қызарғанша пісіріп аламыз.
Сүзбелі ірімшік қосылған хачапури
Қажетті өнімдер:
- 150 мл сүт немесе кефир
- 150 мл су
- 6 стақан ұн
- 10 гр. ашытқы
- 1 шай қасық тұз
- 3 шай қасық қант
- Салмасына:
- 150 гр. сулугини ірімшігі
- 150 гр. сүзбелі ірімшік
- 7 дана жұмыртқа
- Аскөк, дәміне қарай сары май.
Дайындалу тәсілі:
- Ірімшікті үккіштен өткізіп, 50 грамын бөлек алып қоямыз.
- Қайнатылған 3 дана жұмыртқаны майдалап турап аламыз. Сосын жұмыртқа мен ірімшікті араластырып, 4 бөлікке бөлеміз.
- Қамырды да 4 бөлікке бөліп, 7 мм қалыңдықты жайып шығамыз.
- Сөйтіп қамырдың екі шетіне ұзынынан ірімшік араласпасын салып, қамырдың екі жағын ораймыз. Сонда қамыр қайыққа ұқсауы тиіс. Ортасындағы қамырдың ашық жеріне ірімшік салмасын саламыз. Осы ірімшік ортасынан шұңғыл жасап, дәл сол жерге бір жұмыртқаны жарып салуымыз керек. Жұмыртқа ағып кетпес үшін ірімшіктен жасалған шұңғылшаны жақсылап жасау керек. Ал, қамырдың екі басын бір-бір қайырып, хачапурилерді пешке салып пісіріп аламыз.
- Пісіп шыққан хачапурилердің бетіне 1 кесек сары май салып, майдалап туралған аскөкті себелейміз де дастарханға ыстықтай ұсынамыз.
Айран қосылған хачапури
Қажетті өнімдер:
- 40 гр. сары май
- Қамырына: 200 мл кефир
- 2 стақан ұн
- 0,5 шай қасық тұз
- 0,5 шай қасық ас содасы
- Салмасына:
- Дәміне қарай тұз
- 300 гр. сулугини ірімшік
- 200 гр. басқа ірімшік
- Дәміне қарай қара бұрыш
Дайындалу тәсілі:
- Айранды алдын ала тоңазытқыштан шығарып, бөлме температурасына дейін біраз жылытып қоямыз.
- Қамырды дайындау үшін, ұнды електен өткізіп аламыз. Сонда ұнның арасына кислород тарап, қамыр жақсы көтерілетін болады. Ұнға тұз бен ас содасын араластырып алу керек.
- Осы араласпаға айранды құйып, сәл ғана қолға жабысатын қамыр илейміз. Егер тағы да ұн қосу керек болса ұн салып жіберсеңіз артықтық етпейді.
- Иленген қамырды15-30 минуттай июін қандырып қою керек. Сонда қамыр жұмсарып, иілгіш бола түседі.
- Салмасын дайындау үшін ірімшікті үккіштен өткізіп аламыз. Екінші ірімшікті де үккіштен өткіземіз. Сосын екі рімшікті бір табаққа салып, тұз, бұрыш қосып, жақсылап араластыру керек.
- Қамырды 4 бөлікке бөліп, әрбір қамырды жұқалап жаямыз. Салманы да төрт бөлікке бөліп, әрқайсысын жайылған қамырдың ортасына саламыз да, қамырды жинап домалақтап, сосын қайтадан жаямыз. Осылайша нанның көлеміндей етіп жайылған ірімшікті қамырды қызып тұрған табаға саламыз. Нандардың бетін шанышқымен тесуді ұмытпаймыз.
- Осылайша барлық қамырды дайындап, қақпағы жабылған күйде нандарымыздың екі жағын бірдей қызарта пісіріп ала береміз.
Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Өте дәмді картоп езбесін қалай дайындайды
Таңғы және кешкі асқа өте дәмді ГАЛЕТА дайындап көріңіз