Тараздық келін қанша табыс табатынын айтты

0
10 669

Қазіргі таңда Банудың жеке кәсібі бар.


Тараздық келін қанша табыс табатынын айтты

Жаңа жылды жаңа шабытпен, жаңаша жоспармен бастау керек деп жатады психологтар. Шынында да болашаққа жоспар құрып, нық қадамдар жасасаңыз, алынбайтын қамал жоқ. Бүгінгі кейіпкеріміз 2 жыл ішінде 8 мың қызға түрлі ас мәзірлерін үйретіп, фудблогерлікпен айналысып жүрген Тараз қаласының тұрғыны, жас келін - Бану СЕРІК. Ол әрбір күнін жоспарлау арқылы бүгінгідей дәрежеге жетіп, табысын бірнеше есеге ұлғайтқан аспаз.

Оның негізгі табыс көзі – serikova_cook инстаграм парақшасы. 240 мыңнан аса оқырманы бар келіншек екі жылдан бері бұл іске шындап кіріскен. Өмір бойы жинаған тәжірибесін кәсіпке айналдырып, келіндік міндетімен бірге барлығына үлгеріп жүргенін жасырмайды.Бану өмірі жайлы біраз сыр шертіп, біздің өтінішіміз бойынша үйде отырған қыз-келіншектерге кеңестер ұсынған болатын. Жас та болса бас болып үлгерген аспаз кеңестеріне көңіл қойыңыздар.


Серік Бану, Тараз қаласының тұрғыны, фудблогер:

1994 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келдім. 7 жасымнан бастап нағашы әжемнің тәрбиесінде өстім. Әжемнің көмекшісі әрі еркесі бола жүріп кішкентайымнан қамыр илеп, нан жаптым. Тіпті, сиыр саууды үйреніп, үйдің бар тірлігіне қолғабыс ететінмін. Өсе келе менің асүйге деген махаббатым арта түсті.

Ас үй ханшайымдарына айтарым, дәмді тағам, тәтті дүниені жасау үшін ешқандай қаражаттың қажеті жоқ. Иленген қамыр мен пияздың өзінен дәмді тағам даярлап жіберуге болды. Сонымен қатар, ас даярлау үшін белгілі бір білімнің қажеті жоқ деп айтар едім. Ең алдымен адамда ынта мен өз ісіне деген махаббат болуы керек.

Осы орайда өз тәжірибемнен бірер мысал келтіріп өтейін. Мысалы, бесбармақтан қамыр артылса, оны тоңазытқышқа емес, мұздатқышқа сала беріңіз. Уақыт болғанда қамырды мұздатқыштан шығарып, ортасына май жағып қатпарлы самса жасай берсеңіз болады. Не болмаса, бір зуала қамырды жайып, ортасына пияз, сұйық май, тұз қосып араластырып, орама қып, духовкада пісіріп алуға болады! Өте дәмді орама шығады.

Аспаздық өнеріне ең алдымен тазалық қажет. Содан соң шығын шығармай жұмыс жасау маңызды. Яғни, қызанақты солған, пиязды үсіген, болгар бұрышын көгерген жағдайға жеткізбес үшін - дәмді салат даярлап жіберуге болады.

Аспаз ретінде айтарым, әр аптаның 7 күніне ас мәзірін құрып қою керек. Егер сіз жоспар құрып үйренсеңіз, демек, уақытты тиімді пайдалана білесіз деген сөз. Аптаның жеті күнінің бір күнін асүйге арнасаңыз, жеті күннің ас мәзірін дайындап тастауға болады. Голубцы, тұшпара, манты бәрін мұздатқышқа қатырсаңыз болады. Қуырдақтың өзін даярлап, суытып, контейнерлерге салып тастасаңыз, кез-келген уақытта ысытып жей беруге жағдай жасар едіңіз.


Бану Серік ұсынған супер «ХОЛОДЕЦ»

Қажетті өнімдер:

  • 4 сирақ
  • 500 гр. ет
  • Дәміне қарай тұз, лавр жапырағы
  • 7-8 тіс сарымсақ
  • Ірі қара бұрыш


Дайындалу тәсілі:

  1. Сирақтарды кастрөлге салып, су құйып, бір қайнатып аламыз. Суын төгіп тастап, таза су құйып, қайтадан жай отта етпен бірге бірнеше сағат бойы қайнату керек.
  2. 7-8 сағаттан соң құйқа жұмсарып, сүйегінен сылына бастайды. Осы уақытта дәміне қарай тұз, ірі қара бұрыш, лавр жапырағын салып, 10 минуттай қайнатасыз.
  3. Енді етті, сирақтарды сүзіп алып, сүйегінен ажыратып, майдалап тураймыз. Сарымсақты аршып, блендермен майдалаңыз. Содан соң барлығын араластырып, ет қайнатқан сорпаны сүзіп құямыз. Барлығын жақсылап араластырып, ыдыстарға құйып тастайсыз. Желатин қосудың қажеті жоқ. Салқын жерге қоясыз. Содан соң мен секілді ромбик тәріздес пішінде кесіп, әдемі ыдысыңызға салып, дастарханға ұсына бересіз!

Әңгімелескен: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Тез дайындалатын ЕРЕКШЕ пісірмелер


Қазіргі ХИТ тағам: Тәтті капкейктер


«ЦЕЗАРЬ» салатының тағы да ЕРЕКШЕ ҮШ ТҮРІ бар