​Тез дайындалатын ЕРЕКШЕ пісірмелер

0
7 548

Қырыққабат өте пайдалы көкөніс. Әсіресе осындай пандемия өршіп тұрған кезеңде денсаулықты нығайтуға, иммунитетті көтеруге жақсы көмектеседі.


​Тез дайындалатын ЕРЕКШЕ пісірмелер

Қарапайым қырыққабаттан да өте дәмді әрі ерекше тағам дайындауға болады. Мұндай пісірмені пеште емес, табада пісіресіз. Тез және жылдам дайындалады.



Қырыққабат пен ұнтақ жармасынан дайындалған пісірме



Қажетті өнімдер:

  • 700 гр. қырыққабат
  • 2 дана жұмыртқа
  • 2 дана пияз
  • 6 ас қасық ұнтақ жармасы (манная крупа)
  • Тұз, қара бұрыш, паприка
  • 1 ас қасық сары май
  • Табаға жағу үшін өсімдік майы қажет.

Дайындалу тәсілі:

  1. Қырыққабатты ұзыншалап әрі өте жұқа етіп турап аламыз. Сосын қырыққабатты кастрөлге салып, қайнаған су құйып отқа қойып қайнатамыз. Жұмсарғанша қайнауы тиіс.
  2. Осы уақыт аралығында пиязды турап, сары майға қызарта қуырып алу керек.
  3. Қайнап піскен қырыққабатты дуршлагқа салып алып, суын сорғытып, қуырылған пиязбен араластырып қоямыз.
  4. Осы араласпаға енді жұмыртқа, ұнтақ жармасы, қара бұрыш, тұз, паприканы салып, араластырамыз. Барлығын жақсылап араластырып, 10 минут қоя тұрамыз.
  5. Табаны отқа қойып қыздырып, майлаймыз да табақтағы қырыққабат араласпасын саламыз.
  6. Отты барынша жай қойып, табаның қақпағын жауып, 15-20 минуттай пісіреміз. Содан соң екінші бетін аударып, тағы да 10 минуттай отта ұстау қажет. Сонда тағамымыз да дайын болады.


Қырыққабат пен жұмыртқа пісірмесі



Қажетті өнімдер:

  • 500 гр. қырыққабат
  • 150 гр. пияз
  • 150 гр. сәбіз
  • 100 мл сүт
  • 2 дана жұмыртқа
  • 40 гр. сары май
  • Тұз, бұрыш.

Дайындалу тәсілі:

  1. Пияз бен сәбіздің қабығын аршимыз. Пиязды текшелеп турап, сәбізді ірі үккіштен өткіземіз. Қырыққабатты да ұзыншалап тураймыз.
  2. Табаға сары май салып, пияз бен сәбіз қосып қуырамыз. Тұз, бұрыш қосып араластырамыз. Бірақ пияз бен сәбізді қатты қуыруға болмайды. Осы қуырмаға қырыққабатты салып, араластырамыз.
  3. Отты сәл басып, қуырманы 10 минуттай бұқтыру керек. Су құюдың қажеті жоқ. Көкөністердің суы шығып, өз буында піседі.
  4. Табаққа екі жұмыртқаны жарып салып, сүт қосамыз. Шанышқымен араластырып, көпіршіту қажет. Содан соң осы сүтті қырыққабат бұқтырмасымен араластырамыз. Дайын араласпаны пісірме салуға арналған формаға саламыз. 200 градусқа қыздырылған пеште пісірмеміз 25 минутта дайын болады.
  5. Өте нәзік әрі дәмді пісірмеміз де дайын болды. Тағамды дастарханға ұсынарда бетіне майдалап туралған аскөкті себелесеңіз болғаны.


Тауық еті қосылған пісірме



Қажетті өнімдер:

  • 250 гр. тауық еті
  • 1 бас пекин қырыққабаты
  • 3 ас қасық соя соусы
  • 5 ас қасық өсімдік майы
  • 1 ас қасық қыша (горчица)
  • 1 дана жұмыртқа
  • 2 ас қасық қаймақ
  • 50 гр. қатты ірімшік
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш
  • 2 л су қажет.

Дайындалу тәсілі:

  1. Тауық етін ұзыншалап тураймыз.
  2. Табаға 2 ас қасық өсімдік майын құйып, тауық етін салып қуырамыз. Орташа отта 3-5 минут қуырылады.
  3. Сосын тауық етіне соя соусын, қыша мен қара бұрыш қосып араластырып, табаны жай отқа қоямыз. Осылайша жай отта бұқтыру керек. Тауық еті піскенше бұқтырылады.
  4. Пекин қырыққабатын ұзыншалап турап аламыз.
  5. Табаға 3 ас қасық май құйып, қырыққабатты саламыз. Тұз қосып, қырыққабатты орташа отта сарғайғанша қуырамыз.
  6. Енді форманың астыңғы жағына қуырылған қырыққабатты салып, оның бетіне қуырылған тауық етін жайғастыру керек. Сосын қайтадан қырыққабатты салып, бетін тегістейміз.
  7. Табаққа жұмыртқаны, қаймақ пен қара бұрышты және 2 ас қасық қайнаған су құйып, шанышқымен араластырамыз. Сөйтіп осы араласпаны қырыққабаттың бетіне құйып шығу керек. Ірімшікті үккіштен өткіземіз. Пісірменің бетіне ірімшікті себелеп, 180 градусқа қыздырылған пеште пісіреміз. Пісірменің беті қызарып піскенше тағамымызды пеште ұстаймыз.


Картоп пен қырыққабат пісірмесі



Қажетті өнімдер:

  1. 300 гр. картоп
  2. 300 гр. қырыққабат
  3. Дәміне қарай тұз
  4. 3 шай қасық кептірілген нан ұнтағы
  5. 30 гр. сары май
  6. 1 ас қасық өсімдік майы.

Дайындалу тәсілі:

Картопты аршып, тазалап жуып, ірілеп тураймыз.

Қырыққабатты жуып, ұзыншалап турау керек.

Картопты тұзды суға салып, 15 минуттай қайнатамыз. Піскен картопты дуршлагқа салып алып, суын сорғытамыз.

Енді қырыққабатты тұзды суға салып, 20 минут қайнату керек. Оны да дуршлагқа салып, суын сорғытып аламыз.

Пешті қосып, қырыққабат пен картопты араластыру керек. Тұз қосып, тағы бір араластырып жіберіңіз. Дайын араласпаны майланған формаға аударып, бетіне текшелеп туралған сары майды қойып шығамыз. Оның бетіне кептірілген нан ұнтағын себелеп, пісірмеге арналған қағазбен бетін жабамыз да пешке саламыз.

180 градусқа қыздырылған пеште пісірмеміз 35 минутта дайын болады. Өте дәмді картоп пен қырыққабат қосылған пісірме де дайын болды. Астарыңыз дәмді болсын!

Дайындаған: Қ. ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


Қазіргі ХИТ тағам: Тәтті капкейктер


«ЦЕЗАРЬ» салатының тағы да ЕРЕКШЕ ҮШ ТҮРІ бар


МАЙОНЕЗ қосылмаған салаттар ЖАҢА ЖЫЛДА дастарханыңызды жайнатады