​Баталы ел арымас, батасыз ел жарымас

0
861

Қарғыс алма, алғыс ал!


​Баталы ел арымас, батасыз ел жарымас

фото: ВКонтакте

Қазақтың керемет әдет-ғұрыптарының бірі – бата. Бата алуға ұмтылып, қандай да бір игі істің бастамасы ретінде міндетті түрде батагөй қариялардың батасын алып, үлкен істі бастайды.

Бата, бата беру — адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, т.б. адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде той, қуаныш иесіне арнап қол жайып, бата береді. Сондай-ақ, қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан, кең таралған дәстүрлерінің бірі.

«Жақсы сөз-жарым ырыс» екендігіне сенген халқымыз батаны әрбір жақсылықтың бастауы деп білген. Тыныс-тіршілігімізге еніп кеткендігі сонша, ең қарапайым әрі жиі сұралатын, айтылатын бата түріне дастархан батасы кіреді. Негізінде қазақта батаның түрлері көп. Ақ бата арқалап, көптің алғысына бөленген жан ешқашан сүрінбейді, жамандықтан аулақ болады. Сондықтан мұны халқымыздың «жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деген өмірлік тәжірибеден туындаған мақал-мәтелдерінен айқын дәлел көруге болады.


ЖОЛАУШЫдан БАТА алуға тырысқан

«Жол азабын тартқан білер, малдың жайын баққан білер» дегендей, жол жүріп, арып-ашыған жолаушының бата-тілегі қабыл болады деп сенген. Себебі Мұхаммед пайғамбар (С.А.С) да МЫНА 3 ДҰҒА міндетті түрде қабыл болады:

1)Зұлымдық көрген адамның (залымға жасаған теріс) батасы.

2)Қонақтың (үй иесіне берген) батасы

3)Ата-ананың баласына берген батасы, -деген.

Бата беруші адам өзгелерге жақсылық, бақ-береке, табыс тілеп бата береді. Әдетте көпті көрген қариялардың аузы дуалы болады деп жастар жағы үлкен кісілердің батасын алуға тырысқан. Ер адамдар отырғанда әйелдер бата бермейді. Ер адамдар жас болып, сол жерде ақ жаулықты үлкен әжелер отырса, әуелі солар бата береді.

«Ақ бата» кітабында келтірілген деректер бойынша Ахмет Байтұрсынов: «Батаны ақсақал адамдар жасайды. Батагөй шалдар басы бар табақты ап келгенде де, асты жеп болғанда да бата қылады», – деп жазады«Әдебиет танытқыш» деген еңбегінде. Қазақ дәстүрінде дастархан басына табақ тартылғанда, үлкендер малдың басынан алдымен өзі ауыз тиген соң, бастың оң жақ құлағын кесіп алып, үйдегі жасы ең кіші балалардың біріне: «Ал, балам, құйма құлақ бол, сөз тыңда, үлкендердің лебізін жерге тастамайтын жақсы азамат бол!» деп бата береді. Бұл дәстүр «Құлақ беру» деп аталады. Қариялардың балаларға құлақ кесіп беруінің үлкен тәлім-тәрбиелік мәні бар, яғни, жасынан қариялардың қолынан құлақ жеп, өсиеттерін тыңдап өскен бала үлкенді сыйлап, кішіні аялағыш, сөз тыңдағыш, сөз қадірін түсінгіш, ақылды, білімді азамат болып есейеді. «Баталы ер арымас» деген сөзді естен шығармай, халыққа сыйлы, аузы дуалы, жүрегі иманды, тақуалы қариялардан бата ала жүрген жөн.

фото: theslide.ru


«Бата» сөзінің қазақ қоғамындағы көрінісін қарастыра отырып, «бата» ұғымының тек тілек немесе жүрекжарды сөздер ғана емес, оның қолдану аясы әлдеқайда кең әрі әмбебап дүние екенін аңғаруға болады. Бата беру қазақ халқында әртүрлі жағдайларда орындалып отырған. Салт-дәстүрдегі белгілі бір рәсімдердің орындалуы кезінде,мысалы, қыз ұзату кезінде ұзатылып бара жатқан қызға үлкендер бата берген. Бата айту арқылы қызға рухани күш жігер беріп, бақыт тілеген. Барған жеріндегі қызға келін болудың қыр-сырын түсіндіретін болған. Батагөйдің бата сұрай келген немесе сұрамаған кісінің өнеріне, батылдығына немесе басқалай жақсы қасиеттеріне тәнті болғанда бата беретін кезі бар. Батаның бұл түрі қазақ қоғамында кең таралған. «Атадан бота қалмасын,
Бата қалсын» деу батаның қаншалықты құнды дүние екендігін айқындайтындай.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


«ТАБАЛДЫРЫҚ АТТАУ» дәстүрі көнерді ме?


АҚТЫҚ САПАРға шығарып салудың жөнін білеміз бе?