Назарбаев пен Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттер кеңесінің саммитіне қатысуда

0
2 185

Бейресми саммит кезінде бауырлас мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланады.


Назарбаев пен Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттер кеңесінің саммитіне қатысуда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиын Zoom платформасы арқылы онлайн форматта өтіп жатыр.

Бастапқыда Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті Түркістан қаласында өтеді деп жоспарланған еді. Алайда әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жиын онлайн форматқа ауыстырылды.

Саммитке Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысып жатыр.

Бейресми саммит кезінде бауырлас мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланады. Сонымен қатар саммит қорытындысы бойынша түркі елдерінің мәдени құндылықтарына және Кеңестің мәртебесіне қатысты декларация қабылданады деп жоспарланған.

Айта кетейік, 2009 жылдың қазанында Әзербайжанда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ынтымақ кеңесі құрылған болатын.

Ұйымға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мүше болды. 2019 жылы Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің жетінші саммиті Әзербайжанның Баку қаласында өтті. Сол жиында түркі мемлекеттерінің интеграциясы тағы бір құрамдас буынмен толықты. Өзбекстан толыққанды мүшелікке өтті.

Ал 2018 жылы түркі тілдес мемлекеттердің алтыншы саммиті Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен еді.

Оған Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээнбеков, Әзербайжан президенті Ильхам Алиев және Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған қатысты.