Шахтадағы жарылыс: Апаттан аман қалған кеншілер зейнет жасын азайтуды сұрайды

0
778

Кен орындарында жұмыс істейтіндердің көбі зейнет жасына жетпестен көз жұмады екен.


Шахтадағы жарылыс: Апаттан аман қалған кеншілер зейнет жасын азайтуды сұрайды

«Абай» шахтасындағы апаттан аман қалған кеншілер қауіпті өндірістерде жұмыс істейтіндерді 55 жаста зейнетке шығаруды сұрайды. Ауруханадан шыққан екі шахтер БАҚ өкілдері арқылы үкіметке осындай ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

Олардың айтуынша, ауыр еңбек жағдайында, әсіресе кен орындарында жұмыс істейтіндердің көбі зейнет жасына жетпестен көз жұмады. Мұнан өзге де өзекті мәселелер бар.

Жеңіс Маралбаев 30 жыл жер астында көмір қазған. Қазір 58 жаста. Зейнетке 4 жыл қалғанда күтпеген жағдайға тап болды. 7 қараша күні «Абай» шахтасында метанға уланып, аурухананың жан сақтау бөліміне түскен. Аман қалғанына шүкірлік еткен кенші енді жұмысқа шықпайтынын айтты. Өйткені оның денсаулығы әлі де мәз емес.

«Менің аяғымнан бастап ауырмайтын жерім жоқ. Енді мына жағдайдан кейін жер астына түсетін денсаулық қалмады. Әйтпесе қорқып тұрғам жоқ, біз үйреніп кеткенбіз. Зейнетке шығуыма 4 жыл қалса да енді жұмысқа бармаймын. Көбі зейнет жасына жетпейді. Қайтыс болып кетеді. Сондықтан 55 жаста зейнетке шығару керек», - дейді Жеңіс Маралбаев.

62 жастағы Элайдын Зейналов та енді жұмыс істегісі келмейді. Зейнетке шығуына бірнеше ай ғана қалған ол шахта қауіпті болса да оны қауіпсіз ету адамның қолында дейді. Сондықтан кен орындарының техникалық жағдайын жақсартуды сұрайды. Сонымен қатар, кеншілер "Арселор Миттал Теміртаудың" өздеріне әлі ешқандай өтемақы төлемегенін де атап өтті. Бұл мәселені арнайы комиссия қарап жатқан көрінеді.

«Қорғау» кәсіподақ ұйымының мәліметінше, "Арселор Миттал Теміртаудағы" келісім комиссиясының отырысында апаттан опат болған 6 кеншіге ескерткіш қою туралы ұсыныс жасалған. Облыс әкімі төрағалық еткен отырыста көмір және болат департаментінің жұмыскерлеріне мемлекеттен субсидия беру арқылы жеңілдікпен ипотекалық баспана берілетін болыпты. Ал жалақыны өсіру мен қауіпсіздікті нығайту сұрақтары әлі қаралып жатыр дейді. Қазір "тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу" бабымен тергеу жалғасуда.