Мемлекет басшысы Үкіметке шахтерлердің отбасыларына көмек көрсету жөнінде тапсырма берді

0
683

​Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында метан газының жарылуы салдарынан қаза тапқан шахтерлердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты.


Мемлекет басшысы Үкіметке шахтерлердің отбасыларына көмек көрсету жөнінде тапсырма берді

Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Үкіметке шахтерлердің отбасыларына көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Болған оқиғаның анық-қанығын анықтау мақсатында үкіметтік комиссия құрылды.

Министр Юрий Ильин бастаған Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері апат болған жерде тиісті жұмыстарды жүргізуге кірісті.

Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы тарай бастаған. Бұл уақытта шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан, 54-і эвакуацияланды. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек «Абай» шахтасында кеңес өткізді. Жағдай туралы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз және басқа да жауапты тұлғалар баяндады.

Жедел штаб құрылды, оған компания мен мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Облыс және компания басшылығы қаза тапқан кеншілердің отбасыларына барады.

Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің басшылығымен оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылды.