Тоқаевтың суретін онлайн-казинолар жарнамасына пайдаланған

0
1 565

Президенттің онлайн-казинолар жарнамасына ешқандай қатысы жоқ - Берік Уәли.


Тоқаевтың суретін онлайн-казинолар жарнамасына пайдаланған

ERNUR.KZ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы суретінің онлайн-казинолардың жарнамасына қолданылуына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Маған бұқаралық ақпарат құралдарынан әлеуметтік желілерде пайда болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың суреті бейнеленген онлайн-казинолардың жарнамасына қатысты жүгініп жатыр. Мемлекет басшысының аталған жарнамаға ешқандай қатысы жоқтығын, ал оның суреті заңсыз пайдаланғанын ресми мәлімдеймін. Бұл жосықсыз фейк жарнама. Біздің пайымызша, мұндай жарияланымдар әлеуметтік желі пайдаланушыларын жаңылысуға әкеліп, беделіне айтарлықтай залал келтіреді», - деп жазды Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.

Осы ретте ол бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып, жарнама берушілерді анықтау арқылы оларды жауапкершілікке тарту мәселесін шешетіндігіне үміт артатындығын атап өтеді.

«Барлық әлеуметтік желілерді коммерциялық жарияланымдарды орналастыруға барынша жауапкершілікпен қарап, біреулердің суретін және өзге де бейнелерді заңсыз пайдалануға жол бермеуге шақырамын», - деді Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы.