​«Менің мінезіме шыдайтын келін әкел»: шымкенттік әйел қалыңдықсыз қалған ұлына алаңдайтынын білдірді

0
1 837

«Сөзбен «қажай» бергенше, ұрып-ұрып алғаны артық еді»


​«Менің мінезіме шыдайтын келін әкел»: шымкенттік әйел қалыңдықсыз қалған ұлына алаңдайтынын білдірді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құдай бүкіл азапты, тән азабын да, жан азабын да әйелдің басына үйіп-төгіп бере салған сияқты. Әлде өзім мойныма көтере алмас жүкті артып алып, сорлап жүрмін бе, білмеймін. Тым бақытсызбын. Ұлым өссе, қызым бойжетсе жарқырап жарыққа шығармын деп жас күнімді қорлық пен мазаққа қиып едім. Қазір соған қатты өкінемін», - дейді Раушан есімді шымкенттік әйел.


Екі баланың анасы күйеуінен көрген қорлығын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Анадан ерте айырылдым, ол кісі бүйрегінен қатты ауырып, ақыры бақилық болды. Бізді әжеміз бақты. Анамның жылы өте сала әкем екінші мәрте үйленген. Өгей шеше бір қарағанда жақсы кісі, бізге шіли соқтығып, түрпектеген емес. Бірақ бәрібір өз анаңдай бола алмайды ғой. Әженің орны бөлек, ананың алақанын аңсап, онымен сырласқан күндеріңді сағынасың...


Мектеп бітіре сала алып қашудың құрбаны болдым. «Сен бұл жігітті қалайсың ба, ұнатасың ба» деп сұрайтын адам болмады. Анам марқұм тірі болғанда артымнан іздеп келер ме еді деп армандамын ғой, әлі күнге дейін. Ал әкем мен өгей шешем «кетті ме, келмесін, тастай батып судай сіңсін» деп сәлемдеме айтып жіберген екен, солардың бір ауыз сөзінен аса алмай, мүлдем танымайтын, көрмеген адамдардың ортасында қалып қойдым.


Келген жерім өсіп-өнген әулет, алдымда үш абысыным бар. Бәрі мені жылы қабылдап, өз орталарына сіңіп кетуіме бар жағдайды жасады. Бірақ күйеуімді сол күйі сүйе алмадым. Бәлкім мінезі жұмсақ болғанда басқаша болар ма еді, қит етсе қызғанып, жанжал шығаратыны мені жүндей түтіп жіберді. Ұрмайды, соқпайды, бірақ айтқан сөздері ұрғаннан бетер, тоқтаусыз миыңды «қажап», мыжи бергеніне биыл жиырма үш жыл болыпты.


Алғашқы келіспеушілік тойымызда болды. Тойыма келген бөлелерім, жиендерім, сыныптастарым ортаға алып билеген. Әрқайсысымен бір биде кезек-кезек билеп шыққам. «Сен неге кім көрінгенмен биледің» деп той біткесін ұрыс шығарып, таң атқанша екі аяғымды байлап, тікемнен тік тұрғызып қойған. Не өзі ұйықтамайды, не мені жатқызбайды. Жылай-жылай көзім гүп боп ісіп, абысындарымнан көмек сұрап, айқайлағам. «Мырзаға, не мынауың, ұят болады» деп араға түскен жеңгелерін тыңдаған да жоқ, «енді менің өміріме ешкім араласпасын, шығыңдар бөлмемнен» деп бәрін қуып шығып, өз білгенін істеді. Таң ата екі аяғымды шешті де, төсекке жатқызып әбден зорлады.


Талықсып, ұйықтап кеткен екем, тұрсам сәске боп қалған. Күйеуім шөп оруға кеткен екен, ол келгенше киімдерімді жинап, төркініме кетудің әрекетін жасап едім, абысыным кесе-көлденең тұрып алды. «Айналайын, Раушан, бір ашуыңды бере ғой, қайнымды кешір. Негізі оншалықты жаман адам емес, тек мінезі қызба. Сені жақсы көргесін қызғанған ғой, әлі-ақ үйренісіп, үй боп кетесіңдер» деп қайнысы үшін кешірім сұрап, мені тоқтатты.


Сол күннен бері көріп келе жатқаным осы. Қазір қалада тұрамыз, ол жұмыс істемейді. Қайынағаларыма рахмет, жер алып, үй салып берген. Үлкен қызымды күйеуімнің «нотациясын» тыңдап жүріп туғасын ба, аутизм деген диагнозбен туылды. Емдетем деп талай жерге шапқылағаныммен еш нәтиже шықпады. Ал баламның дені сау, өзі тым ақылды. Қазір университетте оқиды. Бірақ сап-сау баламды әкесі ауру қылатын болды. Оны да қасындағы достарынан өлердей қызғанады. Университеттен қайтар уақытын жаттап алған, сәл кешіксе жер-жебіріне жетіп ұрысып, тергеп шыға келеді.


Өзім бақшада аспаз боп істеймін. Басқа жұмыстың бәрінен қызғанып, шығарып алған. Мында жалақымыз аз болса да әйтеуір тамағымыз шығып тұрады ғой деп кіргем. Сонда да мін іздеп, мені тексеруін доғармайды. Жасымыз қырықтан асса да жас баладай жалтақтап жүргеніміз осы. Өңшең әйелдер істейтін ұжымда жүрсем де сағат сайын ватцаптың видео-чатымен шығып, қасыңда кім бар деп тергеп қоя бергеніне жанымдағы апайлар да үйреніп қалған. Білмейтіндері үрке қарайды. Қасыма адам жууды қойды. Көршінің əйелдері де алыстан амандасады. Өйткені Серік «менің әйелімді қайда шақырып тұрсың» деп оларға да дүрсе қоя береді.


Келін болғалы жарқырап бір киінбеппін. Күйеуім жаман ойлап қалмасын деп сіңлілерім берген көйлектерді қанағат тұтып келем. Алсам да етегі кең, жеңі ұзын көйлекті, онда да ең арзанын таңдаймын. Той-томалаққа барғанда жанынан бір елі шығармайды. Абысындарым келін алып, қыз ұзатып жатыр, ағайын боп күтісейін десең бітті, «отыр осы жерде» деп қазықша «қағып» кетеді. Қимылдасаң сол күні ұйқы жоқ.


Басында ажырасып кеткім келген, бірақ аурушаң қызым мен ұлыммен қайда, кімге барып сыямын деп ойладым. Балам ер жетсе тентектігін қояр деген дәмем болды. Бірақ ол енді мені қойып, ұлыма тиісетінді шығарды. «Үйлен, келін әкел» деп айтып жүргенімізге біраз болды. Өзінің сүйген қызы бар еді. Танысуға барғанда Серік «менің мінезім нашар, келін демеймін, басқа демеймін ашуым келсе аузыма келгенді айта салатын әдетім бар. Соған шыдаймын десең келін боп келесің. Айтпақшы, қан тобың қандай, денсаулығың дұрыс па» деп қызды шошытып, қашырып жіберді. Дені дұрыс адам осындай атаға келін бола ма? «Әкең ауру ма, неге олай айтты» деп балама күліпті де, сол бойы хабарсыз кетіпті.


Одан кейін де бір қызды тауып, сөйлесіп, тәтті шай ішуге барғанбыз. Құдаларға «Әңгіменің ашығын айтқан дұрыс, балам – жалғыз ұл, ертең қыздарың бөлек шығам, анау-мынау деген әңгіме айтпайтын болсын. Босағама келін боп келе ме, бәріне шыдайды. Менің Раушаным сияқты көнеді. Онша-мұнша сылдырлаған ыдыс-аяққа мән бермейді. Мінезім нашар» деп тағы қашырды. «Өзіміз хабар береміз» деп кеткен құдалар сол кеткеннен мол кетті.


«Мама, мынадай әкенің барынан жоғы жақсы еді» деп балам жылағанда не деп жұбатарымды білмеймін. Қартайған сайын ақылы толысып, адам бола ма десем, кері кетіп барады. Кезінде ажырасып кетпегеніме өкінем. Сөзбен «қажайтын» еркектен ұрып-ұрып алғаны мың есе артық екен ғой...»