«Төстартқышын беріп жіберіпті»: түркістандық келіншек қара шаңырақта тұрудан шаршағанын айтты

0
2 275

«Қара шаңырақта тұрған келінге "екінші сорт" деп қарайды...»


«Төстартқышын беріп жіберіпті»: түркістандық келіншек қара шаңырақта тұрудан шаршағанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Менің қазір айтып беретін әңгімемді жұрт оқыса «бұнікі көреалмаушылық» деп айтатын шығар. Бірақ күнделікті күйбең тірліктен, әрдайым «екінші» сорт» болудан әбден шаршадым. «Есектің еті арам болса да, еңбегі адал» демекші, қайын жұртқа менің еңбегім ғана керек сияқты, ал мақтаулы сөз бен қолпаштауды қалада тұратын абысыным алып жатыр», - дейді Дәмира (есімі өзгертілді) дейтін келіншек.


Түркістан облысындағы таулы аудандардың бірінде тұратын оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне өз өмірінен сыр шертті.


«Өсіп-өнген әулетке келін болдым. Бес қайынәпкем, бір қайынағам бар. Үйдің кенжесіне тигесін, қара шаңырақтың босағасы бізге тиген. Ата-енеміздің қас-қабағына қарап, тіршілігімізді сүріп келеміз.


Бес әпкеміздің төртеуі әр өңірге келін болды, біреуі бізбен көрші тұрады. Ал қайынағамыз бен абысынымыз қалаға көшіп кеткен. Ата-енем тым ақкөңіл, «Мараттар үйлі болсын» деген оймен қорадағы бар малды сатып, жетпегеніне несие алып жүріп баспана әперді.

«Мараттың ішегі ағарсын» деп апта сайын сүт-май, құрт-ірімшік дегенді шелектеп жөнелтіп тұрамыз. Ал оны дайындау менің мойнымда. Таң атар-атпас бес сиырды сауып, оны құрт-май етудің бейнетін ауылдың әйелдері жақсы түсінсе керек. Еңбегім бар ғой, сатып, өзімнің қажетіме жұмсайын десем, енем қалаға асырып жібереді.


Қалалықтардың жыл сайын жейтін соғымы да біздің мойнымызда. Бір қыста үш жілік ет жесе, соның екі жілігін өзіміз тегін әпереміз, сатып алатынын да біз іздеп, осып, тұздап, есігінің алдына дейін апарып береміз.


Қалаға барғанда абысынымның киім-кешегіне, дүние-мүлкіне көз қырымды салам ғой. Бір басында жиырма көйлек, бес сөмке, екі тон, үш пальто бар. Ал ауыстырып тағатын алтынында есеп жоқ. Құрдас келіншектерге айтсам сенбейді. Абысыным көрсеқызар ма, білмеймін, әйтеуір тапқанын үстіне жапсырудан шаршамайды екен.


Күйеуіме «Біз жүрміз, ауым-сауым болып, ауылда малдың соңында. Жылына екі мәрте жөні түзу көйлек әперуді білмейсің, ал жеңгеңнің жүрісін қарашы, өмірі жұмақ» деп ішімдегіні ақтарып, сөйлеп қаламын. Ондайда менің жуас байым үндемей құтылады. «Енді олар қалада тұрады, жұмысына күнде киім керек. Ал сен үйдесің ғой, халаттың түр-түрін әпердім» деп өзінше жұбатқысы келеді.


Абысынымның жұмысынан тегін жолдама беріпті. «Ата, апа, 10 күнге сіздер барып демалып келіңіздер» деп ата-енемізді демалысқа жіберген. Сол күннен бастап Ақмаралдан артық адам болмай қалды. «Ақмаралымның мінезі жібектей ғой, қызымнан артық қамқор» деп келгенге де, кеткенге де мақтай береді. «Дәмирамның мінезі шарт-пұрт, бірақ қайтымы тез» деп мені «екінші сорт» еткенде құйып отырған шайымды бетіне шашып жібергім келеді.


Жаз бойы қайынағамның үш баласы да біздің үйде жүреді. Олар келгенде үйім «көшеді». Таппай қалам. Балаға бала қосылғасын қойсын ба, күніне мың төбелесіп, мың жарасады. Оған қоса кірі, тамағы бар. Әбден қажып кеттім. Жылына бір беретін демалысында келіп, осы үйдің тірлігіне болысса несі кетті? Жоқ, үш баласын бізге жіберіп, төркінінде демалады, күйеуімен курортқа барады.


Қайынағамның балаларын жақтырмай жүргенімді енем де сезеді-ау, көрші тұратын қайынәпкемді шақырып алып, балаларының кір-қоңын жуғызып алады. Кейде үш баланы сол үйге жіберіп, менің көңілімді аулағысы келеді.


Бір-екі рет күйеуіммен қатты ренжісіп, «кетемін» деп жиналғанмын. Ашуланған сәтте ішімдегінің бәрін ақтарып салдым: «Бәрің Ақмарал, Ақмарал деп асты-үстіне түсесіңдер. Мен сендерге тек үй шаруасын атқаратын қызметшімін бе? Олардың үй-жайын алып беріп, жағдайын жасайсыңдар. Ал сенің нең бар, айтшы?» деп күйеуіме қатарып, бар ашу-ызамды төгіп алдым.

Ата-енем «Ол не дегенің. Осы қара шаңырақ, осы үйдегі дүние-мүлік, ақыры аяғы қасығына дейін сендердікі. Біз мұны көрге бірге алып кетпейміз ғой. Қайынағаңның өз несібесі бар, мұндай сөзіңді қой» деп біраз басу айтқан болды, ақыры жалынып-жалпайып мені жібермей қойды.


Менікі көре алмаушылық шығар, қой, құрысын, абысыныммен күндес болмайын деп өз-өзіммен жұмыс істеп, олардың жақсы жақтарын көруге тырысып жүргем. Бір күні қалаға кеткен күйеуім үлкен-үлкен төрт пакетпен оралды. Базарға барып, көйлек-көншек әкеліпті ғой деп қуанып, пакеттерді ашып қалсам, киілген киімдер. «Абысының беріп жіберді, кимейтін киімдері екен, балаларға киізерсің, саған да біраз нәрсе бар екен» деп ыржалаңдайды. Ескі-құсқысын жібергенге ішім қылп ете қалса да сыртқа білдірмей, пакеттерді аша бастадым. Сөйтсем ішінен не шықты десеңізші...


Абысыным осылайша мені масқаралағысы келді ме, әлде кекетіп-мұқатқан түрі ме, киіліп, әбден тозып кеткен іш киімі мен төстартқышын салып жіберіпті. «Саған осы да болады, кие бер» дегендей жүрегіме дік етіп қадалды. Ал содан оталдым ғой. «Апа, мына келініңіздің салып жібергенін қараңызшы» деп көрсеттім. Енем «как всегда» үлкен келінінің сөзін сөйлеп «Қой, Ақмаралдың ондай әдеті жоқ, байқамай салынып кеткен ғой» деп қорғаштап шықты.


Дереу абысыныма звондап өкпемді айтып салдым. «Тап-таза ғой, размеріміз бір, үйге киіп тастайтын шығар деп ойладым» деп тұр беті бүлк етпей. Ызам келді, осы уаққа дейін алдын кеспей, абысын деп сыйлағаным бекер екен, мені сасып кеткен іш киімге тең көріп, аяғымен таптай салды ғой. Бұдан кейін абысынымды қайтіп сыйлаймын, айтыңыздаршы...»