​«Жетім қалғаным аздай, зорлап кетті»: астаналық әйел жас күніндегі оқиғаны баяндап берді

0
7 585

«Сегіз жасар қыздың бір ауыз сөзі өмірімді түбегейлі өзгертіп жіберді»


​«Жетім қалғаным аздай, зорлап кетті»: астаналық әйел жас күніндегі оқиғаны баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Біреудің тағдыры біреуге сабақ демекші, мен бүгін өз өмірімнен сыр шертіп, қиналып жүрген кісілерге сөзбен демеу берсем деп шештім. Себебі мен өмірден баз кешіп, өлуді ғана ойлап отырғанда титтей ғана қыздың бір ауыз сөзі райымнан қайтарып, өмірге деген құлшынысымды оятқан», - Ақбаян есімді астаналық әйел.


Ата-анасынан мектеп жасында жетім қалып, үш бауырын жалғыз өзі жетілдірген оқырманымыздың өмірден көргені мен көңілге түйгені көп екен. Басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Ағайынның көптігі, туыстардың татулығы басыңа іс түскенде білінеді екен. Өкінішке қарай біздің туысымыз аз болды. Мамамыз балалар үйінде тәрбиеленіп өскен екен, нағашыларымызды сол күйі көрмей кеттік. Ал әкемнің жалғыз қарындасы бар, әйтеуір сол кісі ата-анамыз көмірден уланып, иіс тиіп қайтыс болғанда бізге қолынан келген қамқорлығын көрсетті.


Қақыған қыстың аязында ата-анамызды жер қойнына тапсырдық. Тым болмаса біреуінің тірі қалмағанына ішім ашыды. Ол кезде мен небәрі 17 жастағы қызбын, егіз сіңлілерім мен төрт жасар інім бар. Төртеуміз бір-ақ күнде тұл жетім боп шыға келдік. Осы кезден бастап, мен жалғыздықты сезіндім. Егілдім, еңсемді көтере алмай қалдым. Осы кезге дейін сыныптас достарым сияқты киім мен тағамды ғана ойлап жүрген қыз едім, бір сәтте есейіп шыға келдім. «Енді мына бауырларымды қалай өсірем?» деген сұрақ тұрды санамда.


Көрші ауылда тұратын әкемнің қарындасы бізді өзімен бірге әкетпек болған. Оған мінезі шатақ жездеміз көнбей, әке-шешемнің қырқында шу шығарды. «Шиеттей бала-шағамен өзіміз қысылып әрең отырмыз...» деп қырғын әңгіме айтқан соң «біз ешқайда бармаймыз» деп кесіп айттым. Бар жауапкершілік менің мойныма жүктелді. Обалы не керек, әпкем жездемізді көндіріп, апта сайын келіп, керек-жарағымызды әкеп беретін.


Менің жалғыздығым, өзімнің де бала екендігім кішкентай інім ауырып қалған сәтте байқалатын. Көрші, ағайын жеңгемнен көмек сұраймын, ол да қарасқандай болады. Бірақ өз анаңдай қайдан болсын? Түн ішінде ыстығы шығып, сандырақтағанда өзімді қоярға жер таба алмай қосыла жылаушы едім. «Осылай жүре берсем інімнен айырылып қалам ба» деген оймен кейде үшеуін балалар үйіне өткізіп жіберуді де ойлайтынмын. Ондай кезде әке-шешем түсіме кіріп, басымнан бір сипап кететін.


Не керек, ол кісілердің қайтқанына үш жыл толғанда мен зорлықтың құрбаны болдым. Ауылда Рамазан деген түрмеге отырып келген, есі кіресілі-шығасылы біреу бар еді. Менің қорғансыздығымды пайдаланды ма, базардан азық-түлік әкеле жатқан жерімнен иесіз қалған үйге сүйрелеп, білгенін істеді. Тірлігін бітіріп болған соң «мен түрмені көрген адаммын, осы жайлы біреуге айтатын болсаң, бауырларыңмен қосып бауыздап кетем» деп қорқытты.


Әке-шешемнен бірдей айырылып, үш бауырымды қалай асырап бағам деп басым қатып жүргенде қайдағы бір қылмыскердің басынып, арымды таптағаны жаныма маза бермеді. «Үшеуін жетектеп үлкен трассаға көліктің астына түсіп өле салғаным дұрыс-ау» деп ойладым. Ақымақпын ғой, басыма осы ой келді, содан үшеуін киіндіріп, қырдағы үлкен трассаға қарай жаяулатып шықтым. «Әпке, қайда барамыз» дейді екі сіңлім, «Әпкемнің үйі шақырды, қонаққа барамыз» деп алдап қоям, бірақ көзімнен жас тоқтамай ағып жатыр...


Күн кешкіріп қалған уақыт қой, трассаға шығып, қалаға қарай жүретін аялдамада біраз отырдым. Жан деген тәтті, қайтсем екен деп жан-жағыма алақ-жұлақ қарап отыр ем, бір әйел 7-8 жас шамасындағы бір қызын жетектеп келді де, «сіңлім, мына қызыма қарайлай тұршы, төменде сөмкем қалып кетті, соны әкелейін» деп өтінді. Анау қыздың тілі тастай екен. «Сәлеметсіз бе?» деп амандасып, бірден әңгімеге кірісіп кетті.

«Сіз мына балалардың мамасысыз ба? Қыздарыңыз әдемі екен, балаңыз да сүйкімді. Мен де осындай бауырларым болса деп армандап қоям, бірақ қазір жалғызбын. Мамама маған бауыр тауып беріңізші деп едім, «сен ауырып қалдың жазылу үшін ұзақ емделу керек. Жазылған соң сыйлаймын, әзірге екеуміз мына аурумен көп күресеміз» деді. Солай қазір біз қалаға, ауруханаға жатуға бара жатырмыз. Сіздер ауырмайсыздар ма? Ауырмаған жақсы екен, мен ауырғанда мұрным қанап, есімді білмей құлап қалам» деп бәрін тәтпіштеп айтып берді. Тілі тастай, әр сөзін нықтап-нықтап сөйлейді екен. Кейін мамасы келіп, қызының қатерлі ісікке шалдыққанын айтты.


Сол қыздың әңгімесінен кейін мен ойымнан бас тартып, үйіме қайттым. Жол бойы Құдайдан бауырларымның аман-сау болғанына шүкіршілік етіп, кешірім сұрадым. Көзімнен еріксіз жас парлады. Таксиге отырып, әлдеқашан ауылдан ұзап кеткен кішкентай қыздың ой салғанына сөздеріне алғыс айттым.


Өмір деген тек қараңғы түннен тұрмайды екен, уақыт өте іштегі жара жазылды, бауырларым үздік оқушы боп өсті. Ал мен жоғары оқу орнында оқи алмағаныммен саудаға араласып, жағдайымызды түзеп алдым. Бағыма орай жақсы жігіт кездесіп, бас құрадық. Қазір өзімнің үш перзентім бар. Екі сіңлімді ұзатқам, інім бойдақ, бізбен бірге тұрады. Шүкір, бақыттымын.


Пендеміз ғой, кейде шаршап, шүкіршілікті ұмытып, саудадан жолым болмай қалады. Сондайда ауылдың аялдамасында жолыққан сол бір қыз есіме түседі. «Қайтті екен, емделіп кетті ме екен» деген сұрақ мазалайды. Өмірге құштар қыз еді, тірі жүрсе аман болсын деп тілеп қоямын.


Деніміз сау, аяқ қолымыз бүтін болса, кез келген қиындықты жеңіп шығуға әбден болады. Қиындыққа мойымай, онымене соғысуды үйреніңіз! Және жеңетініңізге сенімді болыңыз».