«Әйел босанған соң НЕГЕ салмақ жинайды?»: дәрігер психологиялық себебін түсіндірді

0
5 135

Босанғаннан соң артық салмақ қосып алдыңыз ба? Психолог әрі дәрігер Аида ханымның кеңесі салмақ тастауға көмектеседі. Оқыңыз!


«Әйел босанған соң НЕГЕ салмақ жинайды?»: дәрігер психологиялық себебін түсіндірді

Әйелдердің көбісі бала туғаннан соң семіреді. Ал мамандар семіздік те аурудың бір түрі дейді. Оның денсаулыққа тигізер зияны көп, артық салмақтан сауатты құтыла білмеудің зардабы одан да көп екенін бәрі білсе керек. Ал сауатты арықтау дегенді ше, білесіз бе?


Ағзаға зиянсыз қалай салмақ тастауға болады? Нәтижелі арықтау үшін нені білу маңызды? Әйелдің босанғаннан кейін семіруінің психологиялық себебі неде?


Бұл жөнінде қоғамдық денсаулық сақтау дәрігері, артық салмақ психологы, тамақтану тәрбінің бұзылуын қалыпқа келтіретін эксперт Түктібаева Аида Әбілқасымқызынан (инстаграм парақшасы (abilkasimkizi_) сұрадық.



Аида Әбілқасымқызы, сұрағымызды өзіңіздің салмақ тастау тарихыңыздан бастасақ. 71 кг-нан 55 кг-ға небәрі үш айда қалай түскеніңіз туралы айтып берсеңіз.

- Мен екінші баламды босанғаннан кейін 16 кг артық салмақ жинадым. Жаңа туған сәбиге сүт болсын деп табақ-табақ сүт қосылған тары ботқасын, қазан-қазан қойдың сорпасын іштім. Нәтижесінде салмақ 55-тен 71 кг-ға бір-ақ барды. Оған қоса босанудан қалып қойған іш диастазым бар. Ал дәрігер ішке физикалық жаттығулар жасауға тыйым салған.

Семіріп кеткенімді білсем де, мойындағым келмеді. Бір күні турасын бетке айта салатын сіңілім «Аида әпше, ішіңізде 5-6 айлық бала бар сияқты көрінеді екен, ішіңіз қалып кетіпті ғой» деді. Бұл сөз төбемнен біреу мұздай су құйғандай әсер етті. Қалың ұйқыдан оянғандай болдым.

Өзімнің медициналық білімім болса да, тезірек арықтағым келіп, жанталасып дұрыс тамақтану марафондарына қатысуды бастадым. Марафонда берілген майсыз мәзір бойынша тамақтанып жүрдім. Бір күні кешке қан қысымым күрт төмендегені сонша, жолдасыма қоштасу хат жазып, дел-сал күйде жатқанымда, көршім келіп «жедел жәрдем» шақырды.

Сол күні жолдасым «Арықтаймын дегенді ұмыт» деді. Мен күннен-күнге арықтауға деген сенімімді жоғалта бастадым. Бұрынғы S размерлі киімдерімді көрген сайын көңілім түсті. Тіпті түнде балалар ұйықтаған соң, ешкімге көрсетпей жылап алған кездерім де көп болды.

Бір күні өзімді қолға алу керектігін түсіндім. Осы түсінік мені артық салмақ физиологиясын, психологиясын терең зерттеуге жетеледі. Мен бұл жолдағы білімге қанша сағат арнағанымды санай алмаймын. Тынымсыз ізденудің нәтижесінде өзіме нейропсихология, нейроэндокринология, нейроиммунология салаларын аштым. Бұл салалардың барлығы артық салмақтың себептерінде өзара байланысты рөл ойнайды.

Семіздіктің эпигенетикасын ұғынып, Джо Диспензаның «Сам себе плацебо» кітабында берілген техникаларды тәжірибемде қолдана отырып, 2-3 ай өзіммен жүйелі жұмыс жасай келе арман болған 55 кг салмағыма қайта түстім.

Сонда тек диета ұстау нәтиже бермей ме?

- Ең бастысы диета емес, мәселе сіздің күніне қанша нан жегеніңізде де емес. Семіздіктің салдары адамның психологиясында жатыр. Алдымен сол блоктарды жою керек. Сонда адам диета ұстамаса да ағза өздігінен арықтауды бастайды.


Барлық мәселе адамның психологиясында дедіңіз. Босанғаннан кейін әйелдердің көбісі бірден көп салмақ жинап алады. Бұл да оның психологиясындағы өзгерісті білдіре ме?

- Иә. Өміріндегі «Мен – анамын» атты жаңа кезеңге көп әйел психологиялық тұрғыда дайын емес болып шығады, бұл жағдайда салмақ әйел үшін келесі функцияларды атқарады:

1) Әйелді тұрақтандыру (заземление). Егер әйел адам бала босанғанға дейін бостандықты өте қатты жақсы көрген, өміріндегі жаңа кезеңмен байланысты тұрақтануға іштей дайын болмаған болса, салмақ әйелді тұрақтандырып, орнықтыру қызметін атқарады.

2) Әйелдің үлкен екендігін және енді көбейгендігін ұғындыру. Әйел адам іштей жолдасына, балаларына, өзіне қамқорлық танытып үлгермей жатқандығын түсініп, өзін әлсіз, қауқарсыз, кішкентай қыздай сезініп, өзін қатты аяп жүргенінде, салмақ оның енді үлкен екендігін, кішкентай еместігін есіне салады.

3) «Мен анамын» деген образбен максимальды бірігіп кету. Өзін ұмыту. Салмақ арқылы үйдегі ыңғайлы, жып-жылы, жұп-жұмсақ анаға айналу.

4) «Мен енді өзімді балама арнауым керек, барымды да, нарымды да беруім керек» дегенді санаға орнату. Әйел басқаға махаббат, мейірім, қамқорлық бермес бұрын, өзін махаббатқа, мейірімге, қамқорлыққа толтыру керек, өзін ұмытпауы керек! Өзін іштей толтырмай жатып, шамадан тыс барын-нарын өзгеге бере берсе, іштегі қуысты толтыру үшін, артық салмақ өтемақы (компенсация) ретінде келеді.

5) Салмақ – сезімдер контейнері. Егер әйел өзінің агрессивті импульстерін, қорқыныштарын, өкпесін, саналы түрде сезініп, қабылдап, жіберудің орнына, әрдайым басып тастап отырса, ол сезімдер дене деген контейнерге артық салмақ ретінде жинала беретін болады.

Бұл артық салмақ пайда болу себептерінің аз ғана мысалы. Әр адамның өз тарихы, бұрылыс, қиылыстары бар. Әр адамның жағдайын жеке қарастырғанда ғана салмақ қосуының психологиялық себептерін анықтау оңайырақ, әлдеқайда нәтижелі болады. Сонымен қатар, адамның артық салмаққа алып келіп жатқан, бейсанасындағы психосоматикалық бағдарламасын анықтап, оны өзгерткен кезде ағза жылдам салмақ тастай бастайды.


Психосоматикалық бағдарламасын өзгерту – адамның көзқарасын өзгерту ме?

- Дәл солай деп анықтама беруге болмайды, бірақ ұқсас. Мысалы, мен осы уақытқа дейін 200-ге жуық қыз-келіншекпен жұмыс істей келе, барлығының дерлік артық салмаққа деген қате көзқарасы мен түсініктері қалыптасқанын ұқтым. Өзімде де солай болған.

Көбіне біз: «Фуу, май!», «Целлюлит! Жек көрем!», «Жиіркенем, майды құртқым келеді», «Айнаға қарағым келмейді» деп, өз денемізді бізден бөлек дүние ретінде сөгіп, жазғырып жүреміз. Шын мәнінде сіздің денеңіз – сіздің бөлігіңіз! Сіз осы сөздерді өзіңізге айтып жатырсыз!

Өзін-өзі жек көруден аутоиммунды сырқаттар пайда болады. Бұл да семіздікке бастайды. Сондықтан ең бірінші адам өзін жақсы көруді үйренуі қажет. Осылай денеге көзқарас өзгергенде, дене салмағы да өзгеруге кіріседі. Сондай-ақ семіздіктің не үшін пайда болғанын, оның дабыл екенін ұқпайынша да арықтау қиын.

Артық салмақ қандай дабыл болуы мүмкін. Бірер мысал келтірсеңіз...

- Артық салмақ – ағзаның дабылы. Көлікте ақаулық туындаған кезде ескерту ретінде жанатын қызыл шам сияқты, ағзадағы ақаулықтың дабылы. Біз сигналдың арғы жағында не тұрғанына үңілмей-ақ, неше түрлі диетаға отырып, ғажайып препараттарды ішіп, тезірек дабылды өшіре салғымыз келеді. Дабыл өшуі мүмкін, бірақ түбірінде жатқан ақаулықтарыңыз ешқайда кетпейді, ол ақаулық қайтадан дабылды жандыра береді, жандыра береді. Сіздің жүйкеңіз тозып, бір күні қолыңызды бір сілтейсіз.

Осы процесстердің алдын алу үшін, артық салмақты «пайдалы ескертуші» ретінде қабылдап, ағза мен психикада не болып жатқанына үңілу керек. Мүмкін сіз өзіңізді, армандарыңызды, өз жолыңызды ұмыт қалдырған боларсыз, бұл өзіңізге көңіл бөліп, қамқорлық танытып, өзіңізді табуға, тұрып қалған орныңыздан жылжып, дамуға берілген мүмкіндік шығар...

Бұндай дабылдың «тілін» түсінуден бөлек, адам өзіне «Маған артық салмақ не үшін керек?» деген сұраққа жауап бере білуі қажет. Осы сұраққа шынайы жауап бере алғанда, бейсанадағы «семір» деген бағдарламаның қайдан шығып жатқанын түсінуге болады. Сосын онымен пысықтау жұмыстарын жасау керек.

Пысықтау жұмысының нәтижесінде және өз денеңізге деген сүйіспеншілік, ризашылық сезімдерін дамытудың арқасында көздеген мақсатқа жеңіл әрі тезірек жетуге болады.


Бұның бәріне ең бірінші ерік-жігер қажет шығар. Ерік-жігер болмаса, іс орта жолда қалады ғой. Маман ретінде ерік-жігерді қалай шыңдауға болатынын айтыңызшы. Жалқау, енжар адамдарға қандай кеңес бересіз?

- Иә, маған әйелдердің тарапынан «Жылдар бойы жиналған салмақты тастауға ойша өзімді дайындаймын, бірақ бастамай жатып сөніп қаламын», «Ерік-жігерді қалай болаттай берік етуге болады?» деген сұрақ көп келеді.

Адам өзін күштеп спорт залға барып, тістеніп жүріп дұрыс тамақтанып, смузи ішіп жүрсе, бұл процестердің пайдасынан зияны артады. Терең депрессия, өзін-өзі жеу, өзіне көңілі толмау сияқты құбылыстардан бірақ шығады. Алдымен оның не үшін қажет екенін психологиялық тұрғыда ұғу керек. «Жұрттың бәрі спортзалға барып жатыр», «бәрі марафонға қатысып жатыр» деп жанаталасудан нәтиже болмайды. Сауатты тамақтану, смузи ішу, спортпен айналысу молекулалық деңгейде не үшін керектігін ұғынбайынша, бәрі бекер. Эффектісі уақытша.

Мысалы, адам көлік айдағысы келсе, бірден отырып айдап кетпейді ғой. Алдымен көлік жайлы егжей-тегжейлі оқып біледі. Емтихан тапсырады.

Тіпті кір жуатын машинаны да сатып алған соң, адам ең бірінші оның нұсақулығын оқып шығады. Танысады, сосын түсінеді. Арықтау, салмақ тастау кезінде де ең алдымен ағзамыз сау болғысы келетінін түсіну қажет-ақ. Ағзаның ресурсы шектеулі, сондықтан оған адамның көмегі қажет екенін түсінуіміз керек. Сондай-ақ ағза қозғалысты, спортты және денсаулыққа пайдалы асты тұтынғанымызды қалайтынын терең ұғынған жөн.

Адам арықтау не үшін қажет екенін түбірімен түсінгенде, әрі нақты саналы мақсат қойғанда дұрыс тамақтану, спорт – азап емес, ләззат әкеледі. Міне, салмақ тастау процесі осыдан соң басталады.

Алдына қуат беретін нақты мақсат қойғанда, адамның ерік-жігері артады. Мысалы, «Мен күйеуіме ұнау үшін салмақ тастаймын» деген мақсатқа қуат көп беріле ме, әлде «Мен дені сау болып, отбасыма, жақындарыма қамқор болу үшін артық салмақтан құтыламын» деген мақсатқа ма?

Жалпы артық салмақтан жылдам әрі нәтижелі құтылу үшін сапалы жоғары мақсат қою 60 пайыз маңызды, ал 40 пайыз сауатты әрекет қажет.


Пайдалы кеңесіңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Үнемі КӨҢІЛСІЗ ЖҮРЕСІЗ БЕ? Себебін анықтаңыз (тест)


Уәдені орындамасаңыз НЕ болады?