Бұны біліп алыңыз да көңілсіздікті қуыңыз.
Өмірдің түрлі мәселелері құлазытып жүр ме? Суреттегі күннің бірін таңдап, көңілсіздіктің себебін анықтаңыз. Себебін білсеңіз, одан құтылуға болады.
Сонымен қай күнді таңдадыңыз?
№1 КҮН
Сізге қорған, қолдау жетіспейді. Жарыңыздан немесе жақын адамдарыңыздан жылы сөз естісеңіз қуат аласыз.
Кейбір адам қолдағанын да, жақсы көретінін де сөзбен айта бермейді. Оларға бұндай сөздерді өзіңіз айтып бастаңыз. Осылай ғана оларды қорған болуға, сөзімен көңілді жылытуға үйрете аласыз.
№2 КҮН
Жаны нәзік, әлемі бөлек адамсыз. Өзгелер байқамайтын нәрселерді көре білесіз. Ерекше заттар мен сәнді киімдер, өзгенің назарын бірден аударатын бұйымдар сатып алу – көңілсіздікті қуады.
Сондай-ақ жаңа таныстықтар, көңілді адамдармен кездесулер өміріңізді қуанышқа толтырады.
№3 КҮН
Сәулесі үшбұрышты күнді сыртқа жабық, ашылып ойындағысын айта бермейтін тұйық адамдар таңдайды.
Қиындықтар мен мәселелеріңізді өзгелерден жасырған дұрыс шығар, бірақ оларды сыртқа шығармайынша шын қуана алмайсыз.
Сырласатын сенімді дос-құрбы тауып алыңыз. Жан жарыңызға да сырыңызды, мұңыңызды айтып, көңіл күйіңізбен бөлісуді үйреніңіз. Сонда өміріңізде көңілді сәттер көбейеді.
№4 КҮН
Қысқа әрі тік сәулелі күн суреті – қажудан, шаршағандықтан хабар береді. Сізді күнделікті күйбең тірлік, қайталана беретін жұмыстар титықтатып жіберген болар.
Төрт қабырғадан шығып, күн тәртібін өзгертіңіз. Өзіңізге демалыс жариялаңыз. Екі-үш күнге ата-анаңыздың үйіне немесе басқа жаққа қыдырып кетіңіз. Бұл ойыңызға, бойыңызға серпіліс беріп сергітеді.
№5 КҮН
Жаңа идеясы көп адамсыз. Мұндай адамдардың басы жүзеге асырылмаған, басқаға айтылмаған идеяларға толғанда көңілсіз жүреді.
Ойыңызды саралап, қажеттісін іске асырыңыз, қажет еткен адамға айтыңыз. Қалауыңызды кейінге ысыра бермей орындаңыз.
№6 КҮН
Өзгеріске көндігу, жаңалықтарды қабылдау сіз үшін өте қиын. Өміріңізде жаңа кезең басталғанда немесе қандайда бір өзгеріс орын алғанда сізді көңілсіздік айналшықтайды.
Әрине жайлылық ортасынан шығу оңай емес. Бірақ артқа қайтуға болмайды. Өзгерістерді, өміріңізде пайда болған жаңа адамдарды сол күйі қабылдауға тырысыңыз.
№7 КҮН
Ойға шомып, уайымдай бермеңіз. Дұрыс бағыттасыз. «Не болар екен?», «Дұрыс таңдау жасадым ба?» деген сұрақтарға жауап іздеп, өзіңізді іштей мүжуды доғарыңыз.
«Бәрі жақсы болады» деген сөзді жиі қайталап, жаман ойларды қуу үшін сүйікіті ісіңізбен айналысыңыз. Ертеңігі күннен тек жақсылық күтіңіз, сеніңіз.
№8 КҮН
Шыдамның да шегі бар. Ұнамайтын адамдармен араласуды доғарыңыз. Үйіңіздегі немесе жұмысыңыздағы әлдекімнің ісі, сөзі ұнамаса айтып, тыйып тастаңыз. Ренжісеңіз оны да іште сақтамаңыз. Өкпе-ренішті босатыңыз. Қажетсіз эмоциялардан көңіліңізді дер кезінде тазартып отыруға дағдыланыңыз.
Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Ал көңілді немесе мұңлы боп жүруге күнде себеп табылады. Жақсы көңіл күйді таңдау өз қолыңызда!
Дайындаған: Т. ҚАЛЫБЕК,
Тағы да оқыңыз:
Су құбыры БҰЗЫЛЫП, шам КҮЙІП КЕТЕ БЕРСЕ үйді "ТАЗАЛАУ" КЕРЕКАЗАЛАУ" КЕРЕК