ШЫМКЕНТ: Қайтарымсыз грант иегерлерінің көрме-жәрмеңкесінде 150-ге жуық жоба ұсынылды

0
473

Жәрмеңкеде кондитерлік өнімдер, жиһаз өндіру, қызмет көрсету салалары бойынша түрлі әлеуметтік жобалар қойылды.


ШЫМКЕНТ: Қайтарымсыз грант иегерлерінің көрме-жәрмеңкесінде 150-ге жуық жоба ұсынылды
Бүгін Шымкентте қайтарымсыз грант иегерлерінің өнімдері ұсынылған көрме-жәрмеңке өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, 150-ге жуық шағын және орта бизнес өкілдерінің жобаларымен танысты.
«Тауарларды жасауға кәсіпкерлердің бар өнерін, ынта-ықыласын салғаны көрініп тұр. Мемлекет ұсынған гранттарды конкурс арқылы жеңіп алған қала тұрғындары өз бизнесін бастап, сапалы әрі нарықта сұранысқа ие тауарларды өндіріп жатыр. Бұл бір жағынан шымкентіктердің кәсіпке бейім әрі еңбекқор екенін көрсетсе, екінші жағынан мемлекеттің шағын және орта бизнеске көрсетіп жатқан қолдауының нақты нәтижесі», - деді қала әкімі.
Жәрмеңкеде кондитерлік өнімдер, жиһаз өндіру, қызмет көрсету салалары бойынша түрлі әлеуметтік жобалар қойылды. Сондай-ақ арнайы ақпараттық бұрыш жасақталып, «Халықты жұмыспен қамту орталығының» мамандары келушілерге тегін кәсіби оқу, тұрақты жұмысқа орналасу, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алу бойынша кеңестер берді.
Өткен жылы қаламызда 1 мыңнан астам адам жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз гранттарды жеңіп алған. Ал, 2 мыңнан астам адам тегін кәсіби оқуға жіберілген. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау шаралары биыл да өз жалғасын табуда.
Айта кетейік, 2023 жылы Шымкент қаласында ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыру үшін 447 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Бұл туралы қалалық «Жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры Шағдат Әсетұлы брифинг барысында мәлімдеді. Ол үшін үміткерлер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
– еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар; – қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
– өңіраралық қоныс аударушылар – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар;
– мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
– асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Азаматтар комиссия отырысында өз идеясы мен бизнес жоспарын қорғап шыққан соң, ғана грантқа қол жеткізеді.