Шымкентте «Оңалту орталығы» халықаралық талапқа сай күрделі жөндеуден өтуде

0
471

Ғимараттың іргесі 1975 жылы қаланған.


Шымкентте «Оңалту орталығы» халықаралық талапқа сай күрделі жөндеуден өтуде

Қазіргі уақытта Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты «Оңалту орталығы» коммунальдық қазыналық мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2023 жылдың сәуір айынан қолға алынған жұмыстар халықаралық стандарттарға сай құрылыс нормалары бойынша жүргізілуде.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңес отырысында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға жан-жақты кешенді оңалту шаралары қажет екенін айтып өткен болатын. Сонымен бірге елімізде балалар скринингін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтер жұмысын күшейтуге арнайы тапсырма берген еді.

"Өңірлердің ерекшеліктерін және қазіргі заманғы стандарттарды ескере отырып, аталған саладағы нормативтерді жаңарту қажет. Бүгінде бір психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия 60 мың баланы қамтиды. Олардың жұмысының тиімділігін арттыру үшін бұл нормативті 50 мың балаға дейін төмендету керек. Балаларды сәби кезінен бастап скринингтен өткізу ісін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтердің жұмысын күшейту қажет. Уәкілетті органдар ерекше қажеттіліктері бар бала мен оның отбасы үшін бірыңғай маршрут түрінде іс-қимылдардың түсінікті алгоритмін жасауы тиіс. Өңірлердегі арнаулы мекемелерді ескере отырып, онда бала дүниеге келгеннен бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің барлық түрі ұсынылуы керек. Білім және ғылым министрлігі ерекше балалардың білім алу құқықтарын іске асыру мәселесіне айырықша назар аударғаны жөн", – деген болатын Мемлекет басшысы.

Президент тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды бақылау мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов Ә.Молдағұлова көшесі 8 Б мекен-жайда орналасқан «Оңалту орталығы» құрылысының жай-күйімен танысу үшін аталған нысан басында болды.

Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыстың жұмыс сапасын бақылап, жауапты және мердігер мекеме басшыларына кестеден кешікпеуді ескертіп өтті.
Айта кетсек, ғимараттың іргесі 1975 жылы қаланған. Қазір мұнда 167 оқушы ерекше білім берумен қамтылған, ұжымда 56 педагог жұмыс істейді.
Логопед пен психолог кабинеттері, сенсор бөлмелері, израильдік технологиямен жасалған мультимедиялық білім беру жүйелері қайтадан жаңартылып, заманға сай жабдықталуда. Оңалту орталығында 11 топ – құлақ және тіл мүкістігі бар, дамуы тежелген балалармен тығыз байланыса жұмыс істейді.
Бес қабатты ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары биылғы жылдың тамыз айына дейін аяқталады деп күтілуде.