Токио олимпиадасына қазақстаннан 95 спортшы қатысады

0
639

Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 маусымда Токио Олимпиада стадионында өтеді.


Токио олимпиадасына қазақстаннан 95 спортшы қатысады

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Қазақстандық спортшылар Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына спорттың 27 түрінен 96 жолдама жеңіп алды. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Токио Олимпиадасының іріктеу және рейтингтік жарыстары аяқталғаннан кейін қорытынды шығарды. Нәтижесінде біздің олимпиадалық құрамға 95 спортшы кіреді, деп жазады olympic.kz.

Токио Олимпиадасы 23 шілде күні басталады және төртжылдықтың басты додасында барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

«Ұлттық Олимпиадалық комитет спортшылар мен жаттықтырушыларға Олимпиадаға деген армандарына адалдық танытып, тынымсыз жұмыс істеп, талмай еңбектенгені үшін алғыс білдіреді. Осы орайда ұлттық спорт федерацияларының, кешенді ғылыми топ мамандарының, спорт менеджерлерінің қажырлы жұмысын атап өткен жөн. Олар өз спорт түрлері бойынша жолдаманы жеңіп алуға және Олимпиада ойындарына үздік спортшылардың аттануына барынша көмектесті. Олимпиадалық отбасы үшін Токио Олимпиадасына дейінгі соңғы екі жыл оңай болған жоқ. Соған қарамастан қазақстандық спортшылар өздеріне, командаға деген сенімдерін жоғалтпады және өздерінің көрсеткіштерін жақсартумен жаттығуларын жалғастырды. Тіпті осындай жағдайға қарамастан біз барынша мүмкіндікті кеңейтіп, Токиоға ел намысын абыроймен қорғайтын спортшыларды жасақтадық. Барлық Олимпиадалық отбасының атынан Мемлекет басшысына және ел Үкіметіне қазақстандық спортшыларды қолдап, барлық қажетті жағдайды жасағаны үшін алғыс айтқым келеді», - деді Қазақстан ҰОК Президенті Тимур Құлыбаев.

Олимпиада ойынарына қатысатын спортшылардың соңғы әрі нақты тізімі 5 шілдеден кейін белгілі болады.

Қазақстандық делегацияның басым бөлігі екі апталық карантиннен кейін Қазақстаннан Токиоға аттанады. Бірінші орындағы міндетіміз спортшылардың қауіпсіздігі, деп атап өтті Ұлттық Олимпиада комитеті.

Енді маңызды міндеттердің бірі Олимпиада ойындары басталар алдындағы соңғы күндерді ұйымдастыру және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету болып қала береді. Токио Олимпиадасының Ұйымдастыру комитеті мен Халықаралық Олимпиада комитеті Олимпиадаға қатысушылардың денсаулығына қауіп төндірмеу және алдын алу үшін бұрын-соңды болмаған шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, қатысушыларға арнайы ережелер жиынтығын «Плэйбукты» шығарды. Мұндай шараға спортшылардың және делегациялардың басқа мүшелерінің қозғалысын шектеу, ҰОК-тан және халықаралық федерациялардан делегациялардың санын қысқарту, күнделікті ПТР-тестілері және Олимпиада ойындарына қатысушылардың орналасқан жерін арнайы мобильді қосымшалар арқылы үнемі қадағалау кіреді. Команда Жапонияға 16 шілдеде «Air Astana» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған чартерлік рейспен ұшады.

Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 маусымда Токио Олимпиада стадионында өтеді.