​Ата-анаға кеңес: Баланың оқуға деген ынтасын арттыра аласыз

0
6 695

Үлкендердің көпшілігі баланың қалауын ескермей, өз ойын, пікірін міндеттеуге үйреніп қалған.


​Ата-анаға кеңес: Баланың оқуға деген ынтасын арттыра аласыз

Балаңыздың оқуға деген ынтасы жоқ па? Сабақты құлықсыз тыңдайды,оқығысы келмейді, берілген тапсырманы оқыту тіпті қиын. Ата-ана үшін бұл үлкен қорқыныш. Ойында баласының болашағына қатысты жағымсыз нәрселер пайда болады. Университетке түсе алмау, жақсы жұмысқа тұра алмау... Еш ата-ана баласының болашағының мұндай болғанын қаламайтыны анық.


Сабақ оқығысы келмеген баланы оқуға мәжбүрлемей тұрып, алдымен оның себебін анықтап алу керек. Оның көптеген себебі болуы мүмкін.

Оқуға деген ынтаның болмауы

Үлкендердің көпшілігі баланың қалауын ескермей, өз ойын, пікірін міндеттеуге үйреніп қалған. Егер бала қарсылық танытса, бір нәрсені істегісі келмесе, онда бұл оның болашағы бұлыңғыр деген нәрсе емес. Бұл балаға тән қалыпты жағдай.

Баланы оқуға тартудың, қызықтырудың ерекше тәсілі бар. Әрине, баланы сабаққа ынталандыруда мұғалімнің де рөлі маңызды. Қызықсыз сабақ бағдарламасы, оқу жүктемелерінің көптігі тағы да басқа жағдайлар баланың сабақтан қашуына және жалқаулануына алып келеді.


Мектептегі күйзеліс

Негізінде балалардың сабақ оқығысы және мектепке барғысы келмеуінің 70 пайызы күйзеліс салдарынан болады. Мектеп кейде балалар үшін нағыз күйзеліс ордасы екен. Қатарластарымен, мұғаліммен қарым-қатынасының нашар болуы. Өзінен үлкен оқушылардан сөз есту, қорқыныш, ұялу.

Кеше ғана сабаққа барған бала бүгін не үшін шаршап қалды деген ой келеді. Алайда мектептегі күйзеліс баланың көп энергиясын алып қояды. Сондықтан ол нашар ұғына бастайды, есте сақтау қабілеті баяулайды.

Балаға бас салып ұрсып оқуға мәжбүрлеудің орнына мектептегі жағдайының, өзге балалармен қарым-қатынасының қалай екенін сұрау керек.


Қысымға қарсы тұру

Адамның жүйкесі қысым көрсеткен кезде барынша қарсыласуға дағдыланған. Ата-ана баланы қаншалықты қинап оқытуға тырысқан сайын ол соншалықты қаша түседі. Күшпен, айқаймен мәселені шеше алмайсыз.


Өзіне деген сенімсіздік

Егер ата-ана балаға үнемі сын тағып, әр ісінен мін тауып отыратын болса, онда оның өзіне деген сенімсіздігі күшейеді. Ынтасы мүлде төмендейді. «Бәрібір не істесем де жақпаймын, қандай баға алып жатсам да бәрібір» деген ой қалыптасады.


Шектен тыс қадағалау және көмек

Кейбір ата-аналар баласының орнына өзі оқып жатады. Сөмкесін жинап, киімдерін дайындап, сабағын бірге оқып, не істеу керектігін айтып отырады. Мұндай кезде баланың белсенділігі төмендейді. Өздігінен ойланғысы келмейді, ата-анасы айтпаса сабағын орындамайды. Қазір бұл жағдай көптеген, әсіресе жас, заманауи отбасыларда жиі кездеседі. Бұл өте үлкен мәселе.

Ата-ана көмектесемін деп баланы өзі "бүлдіреді". Шектен тыс қамқорлық пен бақылау баланың дербестігі мен жауапкершілігін жояды. Бұл кейін ересек кезде де көрініс береді.

Бұл жерде мәселені шешу үшін ең алдымен баланы өбектей беруді доғарыңыз және сабақтың, оқудың не үшін керек екенін жақсылап түсіндіріңіз. Әрине алғашында бала кішкене еркінсіп, ештеңе істемейді. Бірақ жақсылап, ұрыссыз түсіндіретін болсаңыз уақыт өте бәрі түзеледі.


Демалыс беру керек

Бала сабақтан келген соң бірден қосымшаға немесе сабаққа қайта отырғызудың қажеті жоқ. Оған кем дегенде 1- 1,5 сағат демалыс керек. Бұл уақытта ол өзінің сүйікті ісімен айналысқан дұрыс. Кейбір ата-аналар бала үйге кіргеннен сабақтан қанша алғанын, не істегенін сұрап мазасын алады. Бала тамағын ішер-ішпес қайта сабаққа отырғызады.

Алайда бала демалмай, шаршаған күйі қайта оқуға кіріссе, ол мектепке қатысты нәрселерді күн өткен сайын жек көре бастайды.


Ыңғайсыздық

Кейбір балалардың сырт келбетінде немесе сөйлеуінде ерекшеліктер болады. Көп ретте осындай балалар қатарластарының мазағы болып жатады. Сондықтан олар көзге көп түспеу үшін тақтаға шығып сабақ айтпауға тырысады.


Нашар орта

Тіпті бірінші сыныптың өзінде бұзық балалар кездеседі. Егер баланың осындай достары болатын болса, оның сабаққа деген ынтасы төмендейді.


Тәуелділік

Балалар да ересектер секілді бір нәрсеге тәуелді болуы мүмкін. Бастауыш сыныпта бұл – телефондағы ойын немесе достарымен ойнау болуы мүмкін. Ал 9-12 жаста – компьютердегі ойын, өтпелі кезеңде – көшедегі достар немесе жаман әдеттер.


Гипербелсенділік

Кейбір балалардың энергиясы өте көп болады. Мұндай балалар сабақты үнсіз, тыныш отырып тыңдай алмайды. Тіпті сабақты үзуі де мүмкін.

Гипербелсенді балалар үшін сабақтан кейін қосымшаға барған дұрыс болады. Егер баланың сабағының нашарлап, оқығысы келмей жүргенінің себебін нақты анықтай алсаңыз, онда мәселе жартылай шешілді дей беріңіз.


Баланы сабаққа ынталандыруға арналған тәсілдер

Бірінші. Баланы кез-келген жетістігі үшін мақтап қою керек. Сол кезде оқуға деген ынтасы ашыла түседі. Тіпті бір нәрсені әлі толық дұрыс істеп үйренбеген болса да мақтап қою керек. Оның өз шамасына қарай еткен еңбегі бар.

Екінші. Қателескені үшін ұрспаңыз. Егербалаға бірдеңені дұрыс істемегені үшін ұрсатын болсаңыз, оның сол іске деген ықыласы кетіп қалады. Бала түгілі өмірден тәжірибесі бар ересектердің өзі қателесіп кетіп жатады. Егер балаңыздың қолынан бірнәрсе дұрыс келмей жатса, онда сабырмен көмектесуге тырысыңыз.

Үшінші: Оқығаны үшін сыйлық бермеңіз. Кейбір ата-аналар баланың сабаққа деген ынтасын ашу үшін ақшалай, заттай сыйлық беріп жатады. Бұл қате тәсіл. Әрине алғашында балада ынта пайда болып, жақсы оқуға тырысады. Бірақ уақыт өте келе не көбірек ақша сұрайды, не сыйлықтардың қызығы басылады.

Төртінші. Баладан көп нәрсе талап етуге болмайды. Қазіргі оқу бағдарламасы бұрынғыдан біршама қиын. Оған қоса қосымшаға баратын болса, онда біркездерде бала зорығып шаршайды. Баладан мінсіз болуды талап етпеңіз. Кейбір пәндердің қиын болып, жақсылап игеріп кете алмауы заңды нәрсе. Оны түсіну үшін біраз уақыт қажет болады. Егер кейбір пәндер ерекше қиын болса, онда қосымша оқытқан жөн.

Бесінші. Әдеттерді бірінші сыныптан бастап қалыптастыру. Егер бала 5-6 жасынан бастап бастаған ісін толық аяқтауды, берілген тапсырманы бірден орындауды үйренетін болса, онда ол сол жолдан шықпайды.

Алтыншы. Жақсы өзгерістерді көруге көмектесіңіз. Бала бір нәрсені істеуде қиналып жатса, әрдайым қолдау білдіріңіз. «Мынау дұрыс шығыпты. Келесіде бұдан да әдемі жасайтын боласың» деген сөзді жиі қолдануға тырысыңыз. «Тағы кішкене дұрыстап істеуге тырыссаң бұдан да зор болатын еді» дегенді айтпаңыз. Бұл баланың жетістігін мойындамау. Кішкентай өзгеріс болса да байқап, қолдаған маңызды.

Жетінші.Үлгі көрсетіңіз. Өзіңіз теледидар немесе телефон көріп отырып балаға сабақ оқы деп міндеттеу дұрыс емес. Бала ата-анасының көшірмесі секілді. Бала дами түссін десеңіз, өзіңіз де бос кезіңізде кітап оқуға тырысыңыз.

Сегізінші. Баланың жақсы жақтарын өзіне айтып отырыңыз. Бала жақсы оқымайтын болса да оның өзге жақсы қасиеттеріболуы мүмкін. Өзгелерге көмектесу, келісе білу, тағы да басқа.

Тоғызыншы: Баланың талпынысы мен қызығушылығын ескеріңіз. Егер бала музыка немесе суретке қызықса, оны математикадан қосымшаға беру дұрыс емес. Өзім білемге салынудың керегі жоқ. Әр баланың өзіндік таланты, қабілеті бар. Баланы өзіңіз қалаған пәнді оқытуға мәжбүрлегенмен, ол одан үлкен жетістікке жете алмайды.

Баланы оқуға ынталандырудың ең үлкен тәсілі, себебін анықтап, баламен сөйлесіп көмектесу.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.