​Облыстық ақпараттық-насихаттық топ Жетісай ауданында болды

0
2 743

Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларға сай бизнесті дамытудың 2050 жылға дейінгі жоспары бойынша 22 мың азамат тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс.


​Облыстық ақпараттық-насихаттық топ Жетісай ауданында болды

Бүгін Жетісай ауданына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау мақсатында облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері арнайы келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков бастаған насихаттық топтың құрамында Сырдария университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы Бегім Серіков, облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғанибет Әубәкіров, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айтмахаметәлі Бердашев, Сырдария университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Мырзатай Мейірбеков, облыстық ақпарат талдау орталығының бөлім басшысы Баян Анарбаевалар бар.

Насихаттық топ алдымен Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан активімен кездесу жиынын өткізді. Жиынға аудандық бөлім басшылары, мәслихат депутаттары, кент, қала ауыл округ әкімдері, үкіметтік емес үйымдарының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Мәжілісті аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев жүргізіп отырды.
Жиында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков стратегиялық құжаттың негізгі басым бағыттарында жүктелген мақсат-міндеттерге, оның ішінде дамуға жол ашатын басым бағыттарға кеңінен тоқталды.

«Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды. Мемлекет басшысы үкіметке 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін көтеруге тапсырма берді. Бұл түрлі салада еңбек ететін 1 млн 300 адамның өмір сүру деңгейін жақсартуға сеп болады деді – Елбасы. Сондай-ақ, бюджеттік ұйым қызметкерлерінің еңбекақыларын 35 пайызға дейін көтеру тапсырылды. Сонымен қатар президент шағын және орта бизнесті дамыту мәселесін қозғап, бұл бағытқа 30 млрд теңге қаражат бөлінсін дегенді айтты. Бизнесті дамытудың 2050 жылға дейінгі жоспары бойынша 22 мың азамат тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс», - деді Ербол Қуанышұлы.

Мұнан соң сөз алған Сырдария университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы Бегім Серіков Жолдауды жан-жақты талдап, білім мен ғылымның дамуы, оқу, оқыту процестерін жетілдіру бағытындағы жаңа мақсат-міндеттерді түсіндірді.
Жиында сөз алған аудан әкімі Жамантай Қанайұлы Жолдауда айтылған басым бағыттарды жүзеге асыру мақсатында нақты жұмыс жоспарын әзірлеу қажеттілігіне тоқталды. Ол сондай-ақ, аудан әкімдігіне бағынысты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

«Аудандық кәсіпкерлік бөліміне, Жастар орталығына және қала, кент, ауылдық округтер әкімдеріне «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында тұрғындарға, әсіресе жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу оның ішінде өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарды оқыту, мемелекет тарапынан берілетін қаржылай қолдаулар, несиелерді алғанға дейінгі жұмыстарға жәрдемдесуді ұсынамын. Бұл мәселеде әкімдер бөлімдермен бірлесіп тиісті жер бөлу, тиісті коммуникациялармен қамтуды қолға алуы тиіс», - деді Жамантай Қанайұлы.

Сөйтіп, бүгінгі кездесуге жиналған жетісайлықтар Елбасының тың бастамалар көтеріп, барша қазақстандықтар алдына үлкен міндеттер қойып отырған бұл Жолдауын бірауыздан қолдайтындарын білдірді. Сондай-ақ, Жолдауды ел арасында кеңінен насихаттап, жүзеге асыру мақсатында бірлесе жұмыс атқаруға уағдаласты.