ТҮРКІСТАН: Қала әкімі қоғамдық талқылауға түскен нысандарға қатысты түсінік берді

0
564

Соңғы 5 жылда Түркістанда көптеген әлеуметтік нысандар салынып, ондаған нысан әкімдіктің теңгеріміне берілген.


ТҮРКІСТАН: Қала әкімі қоғамдық талқылауға түскен нысандарға қатысты түсінік берді

Түркістан қаласындағы кей нысандарға қатысты көтерілген мәселелерге ресми түсінік берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында биылғы жылдың 11 айында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы өткен брифингте қала басшысы Нұрбол Тұрашбеков жергілікті БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Нақтырақ айтсақ, кей нысандарға қатысты көтерілген мәселелерге нақты түсінік беріп, қабылданған шаралардың заңдылығына тоқталды.


«Облыс орталығы мәртебесі берілгеннен кейін, қаланы туристік орталық ретінде дамытуға баса мән берілді. Әсіресе, Ясауи кесенесі төңірегінде орналасқан ғимараттарды заманауи қонақ үй ретінде пайдалану және Түркістан қаласына келетін туристерге мәдени-рухани бағытта қызмет ұсынатын орындар жасау жоспарланды. Осыған байланысты Түркістан қаласы, Есім хан алаңындағы екі ғимарат: Әкімшілік ғимараты мен Мәдениет үйі электрондық сауда-саттыққа қойылды. Ғимараттар бойынша құзырлы мекемелер тарапынан заң талаптарына сәйкес тиісті тексеру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда ғимараттардың қызметі мақсатты ұйымдастырылып, жүзеге асырылуда. Ескі әкімдік ғимаратының жеңімпазы білім саласына инвестиция құйып, «Болашақ» колледжі ашылып, студенттерді қабылдауда. Ал, мәдениет үйінің жеңімпазы заңға сәйкес инвестиция тарта отырып, ғимаратты мақсатты қолдануын өз құзырында қалдырды», - деді қала әкімі өз сөзінде.


Әкімнің сөзіне сүйенсек, соңғы 5 жылда Түркістанда көптеген әлеуметтік нысандар салынып, ондаған нысан әкімдіктің теңгеріміне берілген. Бұл нысандардың күтіп-ұстау шығындарын қала бюджетінен өтеу мүмкіндігі болмағандықтан, әрі қалада шешімін күткен өзге де өзекті мәселелердің көптігінен бюджет қаражатын тиімді пайдалану тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ең дұрыс шешім – ашық тендерлер арқылы жеке секторда басқарушы компанияларды немесе меншік иелерін анықтау болып саналған. Сәйкесінше, Түркістан қаласының теңгеріміндегі нысандар сенімгерлік басқаруға сатып алу құқығынсыз беріледі, яғни қала әкімдігінің меншігі болып саналады және оның күтіп-сақталуы әкімдік тарапынан тұрақты бақылауда болады екен.