ТҮРКІСТАН: Ордабасыда жаңа білім ошағы пайдалануға берілді

0
701

Бөлме іші соңғы үлгідегі құралдармен толық жабдықталған.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда жаңа білім ошағы пайдалануға берілді

Ордабасы ауданында 300 орындық білім ұясы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


1 қыркүйек – Білім күніне орай Түркістан облысында жаңа мектептер оқушылар қабылдады. Соның бірі Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округіне қарасты Дербес елді мекенінде 300 орындық білім ұясы пайдалануға берілді.


С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Талғатұлы, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Құрманбекұлы қатысып, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді жаңа оқу жылымен құттықтады. Содан соң қонақтар оқу ғимаратының лентасын қиып, оқушылардың алдағы білім сапарына сәттілік тіледі.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына көрсеткен қолдауының арқасында өңірлерде заманауи талапқа сай білім беру мекемелері мен жаңа ғимараттар көптеп салынуда. Облыс басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына облыста қолайлы жағдай жасалған.


Жалпы мемлекеттік меншіктегі С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы 2021 жылы басталған еді. 3 қабатты сәулетті білім беру мекемесінде асхана, спорт зал, химия, биология, интернет, компьютер бөлмесі мен оқу залы, шет тілі пәндеріне арналған кеңселер бар. Бөлме іші соңғы үлгідегі құралдармен толық жабдықталған.


Айта кетейік, биылғы оқу жылында Ордабасы ауданы бойынша білім беретін 72 мектеп бар. Оның ішінде 66 мемлекеттік, 6 жеке меншік мектеп. Жалпы 37 149 оқушының 3 405-і бірінші сыныпқа қабылданып, әліппемен таныспақ. Сондай-ақ жалпы ауданда 3 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта 2 жалпы орта мектептің оқу ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдары аралығында ауданда 5 мектеп құрылысы салынады.