ТҮРКІСТАН: Тауда жоғалған туристердің өліміне қатысты бірнеше болжам айтылды

0
539

Мамандар мәйіттердің табылуына байланысты бірнеше нұсқа айтты.


ТҮРКІСТАН: Тауда жоғалған туристердің өліміне қатысты бірнеше болжам айтылды

Түркістан облысындағы «Сайрам-Өгем» шатқалында із-түзсіз жоғалып, мәйіттері табылған төрт туристің өліміне қатысты алғашқы болжамдар айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Оларды 28 күн бойы іздеген өңір құтқарушыларының айтуынша, мәйіттердің барлығы Өгем өзенінен табылған. Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың айтуынша, жаяу жүріспен 2543 шақырым қаралса, әуеде тікұшақпен 16090 шақырым аумақта іздестіру шаралары жүргізілген. Сүңгуірлер Өгем өзенінің бойымен 22 шақырым жерді қарап шыққан. Нәтижесінде бірінші жігіттің мәйіті табылған жер мен екінші туристің мәйітінің арасы 6 шақырымды құраған. Ал, үшінші мен төртінші мәйіттің арасы 7 шақырым жерден асқан. Құтқарушылар алғашқы болжам ретінде төртеуі қол ұстасып, Өгем өзенінен бірге өтпек болған кезде суға ағып кетуі мүмкін дейді. Алайда судың екпіні тым қатты болғандықтан оларды ағысы алып кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал, екінші болжам ретінде олардың өзеннің тастар көп жататын жері Таскөпірден өтпек болған деп айтылуда. Алайда суда жатқан тастардың беті тайғақ болғандықтан бірі ағып кетіп, қалғандары құтқарамыз деп оқталған болуы мүмкін. Ал, үшінші болжам бойынша, аюлардан қорыққан.


«Іздестіру барысында осы төңіректе аюларды өте көп кездестірдік. Бір жиырмадан аса аюды көрдік. Ал аюдың өзіне тән қасиеті - балалары үшін өте агрессивті болатын кез бұл. Мүмкін, бұл жігіттер өзенді бойлап жүрген кезде алдарынан аю шығып қалды ма. Содан қорыққанынан суға секіріп кетті ме деген жағдайларды қарастырдық», - дейді Ерік Сарыбаев.


Айта кетсек, іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖМ Алматы қаласындағы РЖҚЖ-ғы, Шымкент қаласы ТЖД, «Қазавиақұтқару» АҚ, Түркістан облысының ПД, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің, еріктілер, Өзбекстан Республикасы ТЖМ, ҚР ҰҚК Төлеби шекара қызметі, ҚР ҰҰ 6506 әскери бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылған.