Түркістандық студенттер WorldSkills Kazakhstan-2023 чемпионатында жүлдегер атанды

0
671

Өз біліктіліктерін көрсетіп, ерекше медальондарға ие болды.


Түркістандық студенттер WorldSkills Kazakhstan-2023 чемпионатында жүлдегер атанды

Республикалық «WorldSkills Kazakhstan-2023» чемпионатында түркістандық студенттер жүлдемен оралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Астанада кәсіби шеберлікті шыңдайтын VIII «WorldSkills Kazakhstan-2023» республикалық чемпионаты өтті. Байқауға еліміздің әр өңірінен 22 жасқа дейінгі 500-ден астам студент және мықты сарапшылар қатысты. Еліміздің әр өңірінен келген азаматтар 29 құзыреттілік бойынша бақ сынасты. Үш күнге жалғасқан жарыс қорытындысымен Түркістан облысының студенттері 2 алтын, 3 күміс, 1 қола және 9 ерекше медальонды қанжығалады.


Атап айтсақ, «Бастауыш білім беру» құзыреттілігі бойынша Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінің студенті Жексенбек Балнұр, «Плитка жапсыру» бойынша Анвар Исмаилов атындағы кәсіптік колледжінің студенті Розакулов Бекзад үздік деп танылып, І орыннан көрінді. «Мобильді робототехника» бойынша «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінің студенттері Сейдулла Нұр мен Тұрсынхан Қанат, «Сырлау және әрлеу» құзыреттілігінен Кентау көпсалалы колледжінің студенті Хаджибаева Тавелина және «Электроника» сайысында Қазақ-неміс политехникалық колледжінің студенті Бахтияров Улуғбек жүзден жүйрік шығып, ІІ орынды иеленді. Ал «Кондитер» құзыреттілігі бойынша қола жүлдені Оңтүстік Қазақстан индустриалды-инновациялық колледжінің студенті Нұрғалиқызы Аяулым жеңіп алды.


Сонымен қатар «Кірпіш қалау» құзыреттілігінен Оңтүстік Қазақстан индустриалды-инновациялық колледжінің намысын қорғаған Ахметов Диербек, «CAD инженерлік графикасы» бойынша МКҚК «Кентау көпсалалы колледжі» студенті Өтегенов Саят, «Наубай ісі» құзыреттілігінен Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжінің студенті Жолдасова Сандуғаш, «Прототиптеу» сайысында МКҚК «Кентау көпсалалы колледжі» студенті Ерсултанова Жанель, «Дәнекерлеу технологияларынан» №12 колледжнің атынан шыққан Турдиматов Мейрамбек, «Мейрамхана қызметі» бойынша Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінен Паттаев Марлен, «Құрғақ құрылыс» құзыреттілігінен №16 колледжінің студенті Абдулла Бекжан, «Жеңіл автокөліктерді жөндеу және қызмет көрсету» бойынша Кентау көпсалалы колледжінен Серікбай Саят және «ЧПУ станоктарында токарлық жұмыс» сайысында Оңтүстік Қазақстан индустриалды-инновациялық колледжінің студенті Хасан Есен өз біліктіліктерін көрсетіп, ерекше медальондарға ие болды.