​Кіржуғыш машинаның орнына кейде тоңазытқышты пайдалануға болады

0
5 539

Қалай?


​Кіржуғыш машинаның орнына кейде тоңазытқышты пайдалануға болады

фотоколлаж: ERNUR.KZ.

Қазір кез-келген үйде кір жуатын машина бар десек қателеспейтін шығармыз. Алайда оны да күніне 2-3 рет қоспай шамалы демалдырған да дұрыс. Ол үшін кіржуғыш машинаның орнына тоңазытқышты пайдалануға болады. Тоңазытқышты джинсыларды тазартуға, киім-кешекті жағымсыз иістен арылтуға, т.б кір жуу машинасы атқаратын істерде қолдана аласыз. Бұл туралы қызықты, тәжірибеден өткен кеңестерді төменде ұсынып отырмыз.


Үлпілдек жүннен тоқылған киімдердің қылшықтары түспеу үшін

Үлпілдек киімдердің қылшықтары кір жуғанда әр киімге жабысып мазаны алатын болса, онда мұздатқышты пайдаланыңыз. Киімді аузы жабылатын үлкен полиэтилен қалтаға салып мұздатқышқа қою керек. Бірнеше (шамамен 5-6 сағат) сағаттардан соң мұздай ауа жүнді қылшықтарды бір біріне «желімдеп» олардың түсуі тоқтайды. Бұл тәсіл кашемир және жүннен тоқылған киімдерге арналған.


Джинсыларды мұздатқышта тазартуға болады

Джинсы қазіргі кездің ең сәнді киімдерінің бірі. Соған сай бағасы да қымбатырақ. Егер осындай сәнді, бағалы киімнің түсі жиі жуғаннан ағарып, өңін жоғалта бастаса, онда оны жууды сирету қажет. Жуудың орнына мұздатқышқа салып алыңыз. Себебі, джинсы 2-3 киген соң кір шалған, иіс сіңгендей болады. Сондықтан оны жууға тастаймыз. Ал жиі жуылған сайын өңі қашады.

Қатты кір шалмаған джинсыды мұздатқышқа салсаңыз, ондағы жағымсыз иіс бірден кетеді. Жиі жуылмаған соң түсі де ұзақ сақталады.


Жаңа аяқ киімді тоңазытқышқа салып кеңейте аласыз

Кейбір жаңадан алған аяқ киім аяқты қажап мазалайтыны бар. Мұндайда аяқкиіміңізді біреуге сыйлап немесе тастап жіберуге асықпаңыз. Су мен мұздатқыш сіздің ыңғайсыз аяқкиіміңіздің мәселесін оңай-ақ шешеді.

Полиэтилен қалтаға су толтырып, аузын мықтап байлап аяқкиімнің ішіне салып, тоңазытқышқа қоямыз. Су мұзға айналған соң, көлемі үлкейіп аяқкиімді кереді. Осылай біршама тұрған соң аяқкиім аяқты қажамайтын болады.


Киімдегі сағызды кетіруге тоңазытқыш көмектеседі

Киімге сағыз жапсырып алу күнделікті орын алатын жағдай болмаса да, кез-келген жанның басынан өтетін жайт. Тек сағыз жабысқан киімді жуып немесе түрлі еріткішті пайдаланып кетіруге асықпаңыз.

Сағыз жабысқан киімді тоңазытқышқа салып қойыңыз. Киім салқындаған соң молекулалар арасындағы байланыс әлсіреп қатқан салқын сағызды алу оңайға түседі.


Капрон колготка тез жыртылып қалмас үшін мұздатқышқа салып алу керек

Кейде капрон колготка кимей жатып жыртылып жатады. Алайда оның беріктігін арттыратын өте қарапайым тәсіл бар. Ол үшін жаңа колготканы алдымен суға бір шайып, сығып мұздатқышқа салып қойыңыз. Келесі күні мұздатқыштан шығарып бөлме температурасында кептіріп кие беруге болады. Олар оңайлықпен жыртыла қоймайды және бұл тәсілді әркез қайталаудың қажеті жоқ. Тек жаңадан алған кезде осылай жасап алсаңыз болғаны.


Аяқкиімдегі жағымсыз иістен мұздатқыштың көмегімен арылуға болады

Егер аяқкиімнің жағымсыз исінен құтыла алмай жүрсеңіз, онда кешкісін аяқкиіміңізді қалтаға салып мұздатқышқа қойыңыз. Мұздатқыштағы салқын ауа бактерияларды жойып иістің кетуіне көмектеседі.


Киімдегі күйе көбелектен құтылғыңыз келсе, тоңазытқышты пайдаланыңыз

Кейбір киімдер күйе көбелектің сүйікті орны, асы. Егер киімдеріңізден осы зиянкесті байқап қалсаңыз, онда ол киімдерді бірден тоңазытқышқа қойып алғаныңыз дұрыс. Бір тәуліктен соң тоңазытқыштан шығарып, бір жуып алу керек.


Төсек жаймаларды тоңазытқышқа салып алсаңыз, артық иістен құтыласыз

Кейде төсек жаймалар кір болмаса да адамның исі сіңіп қалады. Мұндай кезде оларды жиі-жиі жумай-ақ, мұздатқышқа салып жаңартып алуға болады. Кешкісін салып, таңертең алған дұрыс.


Тоңазытқыш, мұздатқыш бактерияларды жақсы жояды. Сондықтан оның осы артықшылығын пайдаланған дұрыс. Қызықты керек кеңестеріміз бір қажеттеріңізге жарасын!


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Қиярдан МОЛ өнім алу үшін АЙРАН "БЕРУ" керек.


Шымкенттік жігіт көшет егіп берумен-ақ отбасын асырап отыр