Қосымша, бау-бақшаны қырқып-бұтап та табыс табады.
фотолар кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды
Қыр-сырын меңгеріп, игеру аса төзімділікті қажет ететін кәсіптердің бірі – бау-бақша өсіру. «Алайда кәсіптің көзін білсең, құпиясына қанықсаң, алынбайтын қамал жоқ» дейді біздің кейіпкеріміз Ержан Камалұлы.
Ержан Камалұлы Өмірзақов Бірнеше жылдар бұрын отбасымен Шымкент қаласына ТҮркістан облысы Қазығұрт ауданынан көшіп келген. Қаланың іргесіндегі елдімекенде арық сулары жоқ. Сондықтан мұнда бау-бақша өсіру суы мен жер құнары жағынан шамалы қиындық бар.
Алайда Ержан өзінің қызығушылығы мен ерінбей еңбек жасауының арқасында осы қиындықтарды еңсеріп, табысты болып отырғанын да жасырмайды. Бүгінде Ержан Камалұлының кішкентай бақшасында жеміс ағаштары мен көкөніс, аула гүлдерінің сан алуан түрі жайқалып тұр. Кейіпкеріміз өзінің осы істі қалай қолға алғаны туралы, алдағы жоспарлары және бау-бақша өсірушілерге деген аздаған кеңестерімен де бөлісе кетті.
"Менің нағашыларым дихан кісілер болған. 9-сыныптан бастап сол кісілермен бірге тұрдым. Сабақтан бос уакытымда көмектесіп, қолқабыс жасадым. Сол кезден бастап нағашымның бау-бақшасы, оған қалай күтім жасайтыны қатты қызықтыра бастады. Алайда өз алдыма бақша өсіру, өз қолыммен ағаш, көкөніс, гүл егу, айналаны көгалдандыру, отбасылы болған соң басталды. Ең алдымен үйімнің ауласын көгалдандырудан бастадым. Аулаға нағашымнан көшеттер алуға бардым. Алайда ол жердегі бизнесті көріп артығымен көшет әкеліп сатып көруге бел будым. Алғашқы нәтиже жаман болмады. Сонымен жылда көшеттер, гүлдерді сатып қосымша табысқа ие болдым. Сондай-ақ тек дайын көшеттер ғана емес, оларды өз алдыма көбейтіп те сатамын", - дейді Ержан Камалұлы.
Сондай-ақ көшеттен өзге көктем және күз айларында жеміс ағаштарын бұтау арқылы да жақсы табысты болуға болады екен.
- Көшет сатудан өзге көшет алған жандарға егіп беру жұмыстарын да қолға алдым және ағаштарды бұтап, сәндеп қырқып беру де біршама табысты жұмыс екен.
Ең алдымен бұл жұмыстар табыстан бөлек жаныңа рахат сыйлайды. Жұмыстан шаршап, қажып келгенде көгеріп, жайқалып тұрған бақшаға кіріп көңілің көтеріліп, жан-дүниең жайланып қалады. Әрі өз қолыңмен өсірген жемістер таза, табиғи өнім береді, мол болса табыс та әкеледі. Хоббиімнен рахат та, табыс та аламын," - дейді Ержан.
Әр істің өз қиындығы болатыны айқын. Әсіресе бау-бақша өсіру, оған күтім жасау үлкен сабырлықты, төзімді қажет етеді. Әрбір жас көшетті баладай сияқты күтіп баптап, мәпелеу, уақытылы суғарып, тыңайтып, қоректендіріп, уақытында бұтап отыру қажет.
Тұратын елдімекенде арық суы болмағандықтан, құбырдан келетін суды тұндырып қоюға тура келетінін және топырақтың да құнарлығы аз болғандықтан күзде тыңайтқышты молынан беретінін де айта кетті.
"Ауруға, зиянкес құрт-құмырсқаларға қарсы дәрі шашып, түбін жиі қопсытып, суғарып тұрса кез келген өнімнің жемісі мол әрі сапалы болады", - дейді бағбан.
Кейде халық арасында кеңінен қолданылатын ас содасы, сіркесу, кір сабын секілді заттардың зиянкестерді, құрт-құмырсқа, ауруларды жеңуге күші жетпейтінін айтады шымкенттік бағбан. Мұндай кезде арнайы дәрілерді пайдаланған жөн екен. Алайда ол дәрілер себілген соң 15-20 күн ішінде өз күшін жояды. Сондықтан жемістер мен көкөністерді теріп жинап алардан 25-30 күн бұрын сепкен дұрыс, яғни дәрі себілген өнімді бірден тұтынуға болмайды. Ал гүлдерге дәрі шашудың ешқандай зияны жоқ. Тек қорап сыртындағы нұсқаулықты тура орындасаңыз болғаны және міндетті түрде сақтау мерзімінің өтіп кетпеуін қадағалаған жөн екен.
Кейіпкеріміз алдағы уақытта осы ісін жандандыра, кеңейте түсетінін, біздің өңірлерде өсуі қиын түрлі экзотикалық жемістердің түрлерін көбейтіп, оларды будандастырып көру арқылы жаңа сұрыптарға қол жеткізгісі келетінін де айта кетті.
Еңбекқор жанның үйіне кіре берісі сан алуан гүлдермен көмкерілген. Одан кейін бақты жағалай шие, сары, қара өрік, шабдалы ағаштары жайқалып, көз тартады. Қызарып пісуге жақын тұрған құлпынай мен көкөністер жүйегі де ерекше әдемі. Алайда осы көзтартар әсемдіктің бейнеті де аз емес. Дегенмен «баптай білсең, жер жомарт» деген мақалды берік ұстанған Ержанның жұмыстан келіп бақшадағы қарбалас жұмысқа бар жан-тәнімен кірісіп кететіні көрініп-ақ тұр.
Алақандай ауласынан кәсіп бастап, қосымша табыс тауып жүрген азаматтың ісі «екі қолға бір күрек таппай» отбасын асырай алмай жүрген жандарға үлгі болса екен.
Еңбегіңіздің жемісін көріңіз, ерінбейтін жан!
Э.Базарбаева,